7 айда 18 нысан

399

0

Жаңа ғимараттар һәм игі бастамалар

Кейінгі 7 айда Қызылорда өңірінде заманауи нысандар салу ісі қарқын алды.    Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Сыр еліне қолдауы негізінде облыс орталығында қала көркін келтіріп, ажарын аша түсетін бірнеше зәулім ғимараттың іргетасы қаланып, жаңа әлеуметтік нысан салу бастамасы сәтті жүзеге асуда. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта туған жеріне жанашыр демеушілерді ортақ іске біріктіріп, 9 млрд теңгеге жететін ауқымды жобалардың жүзеге асуына дәнекер болды.

Нәтижесінде, өңірде бір мезетте Өнер сарайы, Неке сарайы мен Қан орталығының құрылысы басталды. Келер жылы халықаралық әуежайдың жаңа терминалы, стадион мен заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы және көпсалалы аурухана салынады.

Республика күнінде бірнеше нысан қызылордалықтарға тарту етілді. Жалағаш ауданында құны 431 млн теңгеге 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді. Теңізді өлке Арал ауданында 150 млн теңгеге «Балықшылар монументі» мен аллея ашылды. Меценат қаржысы есебінен Жаңақорған ауданында құны 790 млн теңгені құрайтын заманауи демалыс паркі ел игілігіне берілді. Ал Сырдария ауданының Н.Ілиясов ауылында жергілікті демеушінің қолдауымен 350 млн теңгеге «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді. Қызылорда қаласындағы Автобус паркі заманауи үлгідегі стандарттарға сай жаңа 82 көлікпен толықты.

Келер жылдың соңына қарай Қызылорда қаласында Бейбарыс сұлтан көшесінің бойынан құны 3,7 млрд теңгенің 1000  орындық  Өнер орталығы ел игілігіне беріледі. Мұнда мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытында концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар да өткізіледі.

Аймақта шаңырақ көтеруге ниеттенген жастар үшін құны 1,6 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі Неке сарайы келер жылы тұрғындарға есігін айқара ашады.

Сырдың сол жағалауында тағы бір әлеуметтік нысанның іргетасы қаланды. Құны 2,7 млрд теңгені құрайтын «Қан орталығы» жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейін жеткізеді.

Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құрылысы басталған құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түспек. Өңірдің Түркістан облысымен шекараласатын тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн теңгеге облыстың кіреберіс қақпасының құрылысы жүргізілуде.

Мемлекет басшысының биыл жариялаған «Балалар жылына» тарту ретінде Сыр елінде демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгеге 80 балалар спорт-ойын алаңы пайдалануға берілді.

Сол жағалауда қасбеттері заманауи талаптарға сай келетін 7-9 қабатты тұрғын үй, физика-математикалық мектеп бой көтерсе, «ҚазГерМұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде жаңадан «Оқушылар сарайы» еңсе тіктейді.

Шыны зауыты да алғашқы өнімдерін шығара бастады. Кәсіпорын өндірген 6 вагоннан тұратын алғашқы өнім Шымкент, Алматы және Астана қаласына жөнелтілді.

Қазіргі кезде Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Үндістан қазақстандық шыны өнімдерін сатып алуға дайын. Алайда шетелге барлық өнімнің тек 30 проценті ғана сатылады. Негізгі міндет – ішкі нарықты қамтамасыз ету. Алдағы уақытта зауыттың жанынан 8 ілеспе өндіріс ашылып, шыны талшық, композиттік материалдар, айна және тағы басқа өнім түрлері жасалады.

Облыста түрік компанияларымен бірлескен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Биыл «Акса энерджи» компаниясымен бірге қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба 2025 жылы аяқталады. Тағы бір түрік компаниясымен құны 13,8 млрд теңгеге жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу туралы келіссөздер жүргізілуде. KOÇ Holding құрамындағы компанияның бұл өндірісі аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экспортқа қабілетті өнімдердің қатарын толықтырады.

Қаланың негізгі қақпасы әуежай да қайта жаңарады. Болат Өтемұратовтың тікелей қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынады. Қазірдің өзінде өзге де демеушілермен 100 млн теңгеге бұрынғы терминалдың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді.

Биыл өңірде 4 жаңа білім ошағы ашылып, 8 мектеп жыл соңына дейін табысталады. Арал ауданының Тоқабай елді мекеніндегі апатты мектептің орнына  500 млн теңгеге жаңа білім ордасын салу мәселесі де жеке инвестор қаражатының есебінен шешімін тауып отыр. Ал «Жайлы мектеп» Ұлттық жоба аясында 21 білім ұясы бой көтермек. Алдағы 3 жылда Қызылорда облысында 27 денсаулық сақтау нысанының құрылысы салынады. Орталық атқарушы органдармен бірге жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде 36,4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана тұрғындардың игілігіне қызмет етеді.

Спортсүйер қауым алдағы жылдары футбол ойындарын жаңа стадионда көруге мүмкіндік алды. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында келер жылы жаңадан жабық стадион салынады.

Бір сөзбен айтқанда, Сыр елінде серпілістің жаңа кезеңі басталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<