8 мыңнан аса педагог біліктілігін арттырады

651

0

Білім беру жүйесінде ротациялау тәртібін енгізу уақыт талабынан туындаған міндет болып саналады. Осыған сәйкес, былтыр білім беру ұйымын 7 және одан көп уақыт басқарған 56 басшы ротацияланды. Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібі енгізілді. Нәтижесінде, бүгінгі күнге дейін мектептерге конкурс арқылы 153 маман жұмысқа қабылданды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов хабарлады.

-Білім берудің үздік тәжірибесін сақтай отырып, ұстаздардың біліктілігін көтеруді лайықты жалғастырып келеміз. Былтыр өңірімізде 7610 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтсе, биыл тағы да 8 мыңға жуық ұстаз біліктілігін арттыратын болады.

Сонымен қатар жыл көлемінде білім сайыстарында жеңімпаз болған 81 педагог пен 200-ден астам оқушыға сый-сияпаттар табысталды. Ал республикалық білім бәсекелерінде 14 ұстазымыз озық атанып, жүлдегер атанды. Тағы бір жеңісіміз, «Мектепке дейінгі үздік ұйым – 2022» республикалық байқауында «Бегім ана» бөбекжай бақшасы жүлделі І орынды иеленді.

Жалпы республикалық, облыстық сайыстарда үздік атанған педагогтер лайықты түрде марапатталуда. Былтыр өткен «Үздік педагог-2022» республикалық байқауына қатысқан 4 ұстазымыз алғаш рет үздіктер қатарынан көрінді. Ал облыстық байқауда жеңімпаз атанған алты ұстазға 918 мың теңге көлемінде сертификат табысталды, – деді басқарма басшысының орынбасары Бағдат Кәрібозұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<