85 жастағы қызылордалық марафоншы тың жүруінің сырын бөлісті

982

0

Қызылорда облысының Қазалы ауданында 85 жастағы марафоншы тұрады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Аққоян Рсалиев ұзақ қашыққа жүгіруді жастайынан бастаған. 40 жыл темір жол саласында тер төккен қария спорттан бір сәтке де қол үзбеген. Бірер күн бұрын ғана Алматыда өткен дәстүрлі жалпыхалықтық марафоннан жүлделі оралып отыр. Сексеннің бесеуіне келсе де, өзін сергек сезінетін Аққоян Рсалиевтың ондаған медалі бар. Үйінің төрінде ілініп тұр. Ал мойнынан тастамай жүргені бірер күн бұрын Алматыда еншілеген жүлдесі екен.

Зейнетке шыққалы қария 18 рет марафонға қатысып, үздіктер қатарынан көрінген.

«Азанда ерте тұрып, 30 шақырымға дейін жүріп қайтам, жүгіріп қайтам. 3 айналым жасаймын. Стадионға келіп, гимнастика жасаймын, шаршамау үшін өзімнің дистанциямды ұстаймын. Өйткені дистанцияға отырсам, 3 шақырым «уклонда» тез жүгіремін, 4 шақырым түзу жолда уақытты теңгеремін. Сағатқа қарап отырамын. 18 жыл марафонға қатыстым. 4 рет бірінші орын. Қалғандары – үшінші екінші орындар», – дейді қария.

30 шақырымды алқынбай бағындыратын ақсақалды шетелдегі спорттық шараларға да шақырып тұрады екен. Осыдан 3 жыл бұрын Түркияның Анталия қаласында алтыннан алқа тағынуы соның дәлелі болса керек. Қарт марафоншы жастарға да ерекше көңіл бөледі. Стадионда солармен бірге жаттыға жүріп, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды.

Аққоян Рсалиев жеті жасынан спорттың футбол, күрес, бокс, шахмат түрлерімен шұғылданған. Өзінің жүгіруге деген қызығушылығы мектеп қабырғасында басталған. Әскерде десантшы болуының да бір себебі дене дайындығына байланысты болғаны анық. Қазірде немерелеріндей спортшылардың ортасынан жиі төбе көрсетуі салауатты өмір салтына құрылған өнегелі өмір жолын жастарға үлгі етсем деген ниеті екен.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<