Stan.kz-тің дерегінше, Камерун президенті Поль Бийя елдің Конституциялық соты жариялаған сайлау нәтижелері бойынша жаңа жеті жылдық мерзімге қайта сайланып отыр. Әлемдегі ең қарт 92 жастағы мемлекет басшысы 53,66% дауыс жинаған. Ол Камерунды 1982 жылдан бері басқарып келеді. Бұл сайлаудағы жеңісі сегізінші президенттік мерзімі екен.
Сайлау 12 қазанда өткен, бірақ оның қорытындыларын Конституциялық сот дүйсенбіде ресми түрде бекіткен. Соттың қорытынды жасауына 15 күн уақыт берілген.
Шынайы қарсылас саналған 71 жастағы оппозиция көшбасшысы Морис Камто шілде айында сайлауға жіберілмеді. Бұл шешімді Конституциялық сот та растады, бірақ халықтың басым бөлігі мұны негізгі бәсекелесті алып тастау амалы ретінде қабылдаған көрінеді.
Түркияда тағы да жер сілкінді
Түркияның батысында магнитудасы 6,1 болатын жер сілкінісі тіркелді. Жергілікті БАҚ ғимарат қирағанын хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ел президенті Режеп Тайып Ердоған төтенше қызметтерінің залал көлемін бағалап, зардап шеккен аймақтардағы жағдайды бақылап отырғанын мәлімдеді.
«Балыкесир провинциясының Сындыргы ауданында болған, көрші өңірлерде де сезілген жер сілкінісінен зардап шеккен барлық азаматтың тез сауығып кетуін тілеймін. Төтенше жағдайлар басқармасы және басқа да тиісті қызметтер оқиға орнында мұқият тексеру мен бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр» деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол жағдайдың мұқтият бақылауда екенін атап өтті.
БАҚ мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрінде орналасқан Балыкесир провинциясының Сындыргы қаласында бірнеше ғимарат қираған. Құрбандар туралы ақпарат түспеген.
Құс тұмауы өршіді
Германияның шығысында құс тұмауы өршіп, осыған орай жергілікті билік 200 мыңнан астам құс пен үйректі арнайы аумақта жойған. Енді тағы 130 мыңнан астамын жою жоспарда бар деп хабарлады 24.kz.
Тамыз айынан бері Еуропа аймағы мен Ұлыбританияда құс тұмауының 56 ошағы тіркелген. Бұл соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Вирусты адамның жұқтыру қаупі төмен болғанымен сүтқоректілер арасында таралу жағдайлары жиілеп келеді. Құстардың күз маусымындағы көшуі жағдайды одан сайын ушықтырып жіберген көрінеді.
«СБ» ақпарат





