Бүгінде адам өмірінің барлық салаларында сәт сайын ақпараттар жаңарып, технологиялық жаңғыру ерекше қарқынмен жүруде. Оған ілесе ондаған жаңа мамандықтар пайда болса, жүздеген мамандық жойылып барады. Осындай тарихи, әрі заңды өзгерістер кезеңінде ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұлы ұстаздық қызмет ұлылықтың биік шыңында тұратыны сөзсіз.
Шығыс ойшылы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби «Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», – деп ерекше сипаттама береді. Расында жаңа заманға сай ұрпақ тәрбиелеуде ұстазға түсер салмақ пен жауапкершіліктің жүгі жеңіл болмайтыны анық. Еліміздің келешегі жас ұрпақтың бағбаны – ұстаздар қауымы бүкіл ғұмырын сапалы біліммен қатар,саналы тәрбие беру ісіне сарп етті.
Солардың қатарында есімдері алтын әріппен жазылатын мұғалімдік қызметке жарты ғасырға жуық өмірін арнаған ұстаз – Қайырбек Меңлібаев.
Қайырбек Елікбайұлы – Жалағаш ауданының Таң ауылында 1959 жылдың 12 қаңтарында ұстаздар әулетінде дүниеге келеді. Әкесі Елікбай Меңлібаев ауыл мектебінің іргесін қалауға атсалысып, 40 жылдан астам саналы ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Анасы Гүлзада Нұрмаханова бастауыш сынып мұғалімі болып өмірінің соңына дейін қызмет атқарады.Олар қиын-қыстау заманда ауыл балаларының сауаттануына қосқан қажырлы еңбектерінің арқасында халық арасында көпке сыйлы, барлық құрметке лайықты жандар болды.
Қайырбек Елікбайұлы, 1975 жылы онжылдық білімді ауылындағы №118 орта мектебінен алады.Қолына қалам ұстатып, әліпбиді оқытқан Нұржанова Рсалды апайы болса, әр жылдары Нәсиев Атымтай, Сәдібекова Ләйлә сынып жетекшілері болған.
Мектепті аяқтаған соң үлкен өмірге аяқ басып, 1975-1978 жылы Қызылорда қаласындағы Политехникумының Автомобилдерге күтім жасау және жөндеу бөлімінде «Техник-механик» мамандығы бойынша білім алады. Одан кейін 1978 жылы алғашқы еңбек жолын №118 орта мектепте «Нұсқаушы» болып бастайды. Сол жылы күзде Жалағаш аудандық әскери комиссарияты арқылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, Семей ядролық сынақ полигонында әскери міндетін атқарады.1980жылы әскер қатарынан оралып, мектептегі қызметін жалғастырады.
1985-1990 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтының Физика-математика факультетінде білім алады. 1998 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Таң ауылындағы орта мектепте «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы болып қызмет атқарып келеді.
Дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, бекер айтпаса керек. 1983 жылы Қайырбек өмірлік жары Қожагелдиева Раушанмен өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтереді. Жұбайы Раушан Жарылқапқызы бастауыш сынып мұғалімі.Ұзақ жыл ұстаздық еңбегі бағаланып білім беру саласындағы ең жоғары марапат Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен наградталған. Осылайша ата-ананың лайықты жолын жалғап, ауыл мектебінде зейнет жасына дейін ұстаздық қызметтерін бірге атқарады.
Қайырбек Елікбайұлы мен Раушан Жарылқапқызының шаңырағында төрт қыз бір ұл дүниеге келді. Үлкен қызы Ақнұр − Жалағаш аудандық емханада есепші болып еңбек етуде. Жолдасы Бауыржанмен бірге төрт перзент тәрбиелеп отыр. Айкерім -«Ақпараттық жүйелер» мамандығын меңгеріп, бүгінгі күні Алматы қаласында жолдасы Асылханмен бірге жеке кәсіппен айналысуда. Ақгүл – Тараз қаласындағы мемлекеттік педагогикалық университетін «Бейнелеу өнері» мамандығы бойынша үздік бітіріп, бүгінде Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінде мұғалім. Өмірлік жары Нұркенмен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр.
Үш қыздан кейін Алланың берген қамшы ұстар ұлы Еркебұлан жолдасы Асылзатпен бірге үш бала тәрбиелеуде. Еркебұлан – Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде, келіні Асылзат «Ұлттық аударма бюросында» аудармашы болып қызмет атқаруда.
Кенже қызы Бағжан − «Болашақ» университетін«Қаржы» мамандығында білім алып, Нұр-Сұлтан қаласында қаржы саласында қызмет жасайды.
Қайырбек Елікбайұлы 44 жыл ұстаздық жолында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде аянбай еңбек етіп келеді. Әсіресе жастарды ұлтжандылыққа, Отанға адал қызмет етуге және оларға әскери-патриоттық тәрбие беруде қосқан үлесі зор. Соның нәтижесінде Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр Шапағаты», «За заслуги в патриотическом воспитании молодежи» медальдарымен марапатталған.
Білім алушы шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық деңгейде өткен түрлі форматтағы әскери-патриоттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, мектебіміз бен ауданымыздың мақтанышына айналды.
Білім алған 4 оқушысы еліміздегі әскери оқу орындарында оқып, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарында қызмет етуде.
Қайырбек Елікбайұлы білім берумен қатар өңіріміздегі қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді қатысады. «Семей» ядролық полигонының зардаптарын жоюға және өңіріміздегі «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің жұмысын дамытуға қосқан үлесі үшін «25 лет закрытия полигона», «25 лет вооруженным силам РК» медальдарымен наградталған.
Аймағымыздың қоғамдық жұмыстарына белсенді қатысқаны үшін «Қызылорда қаласына 200 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Сонымен қатар, білім беру саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімдігінің, Әскери ғылым академиясының алғыс хаттарымен марапатталған.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауларында «Nur Otan» партиясының сайлау науқанына белсене қатысқаны үшін ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталған.
Ұлт ұстазы – Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген екен. Бұл марапаттар ұстаздық ғұмырына, азаматтық белсенділігіне мемлекет және қоғам тарапынан берілген лайықты баға деп білеміз.
Ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегің еленіп, құрметтің төрінен көріну, өз ортаңда сый-қошеметке ие болу мағыналы өмір сүрдің бір белгісі болып қалмақ.
Білім берген шәкірттеріңүкілеген үмітті ақтап, Тәуелсіз Қазақстанның бір кірпіші болып қаланса, ұстазға одан асқан бақыт жоқ. Әрдайым оқушыларыңыз бен балаларыңыздың жетістіктеріне, немере-шөберелеріңіздің қызығына тоймай, Раушан апайымызбен бірге ғибратқа толы мәнді ғұмыр кешулеріңізді тілейміз!
Ө. Шүйішбаев,
№118 орта мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<