Борышкердің жалақысынан өндіру тәртібі

228

0

Фото: Н.Нұржаубай

Атқарушылық iс жүргiзудi орындау кезiнде сот орындаушысы борышкерде өндiрiп алуға болатын ақша қаражатының немесе өзге де мүлiктiң жоқтығын бiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда берешекті өндіріп алудың бірден-бір жолы борышкердің жалақысынан немесе басқа кірісінен мерзімді түрде өндіріп алу.

Бұл Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңында көзделген.   Жоғарыда аталған Заңның 93-бабына сәйкес борышкердің жалақысынан және өзге де табыс түрлерінен өндіру – мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде, бір жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын соманы өндіруде, борышкердің мүлкі болмаған немесе өндіріп алынатын соманы толық өтеу үшін мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда басқа да өндіріп алу бойынша қолданылады.

Борышкердің жалақысына және табысының өзге де түрлеріне өндіріп алу кезінде сот орындаушы Қаулы шығарады. Қаулыда берілген сомалар толық өндіріп алынғанаға дейін ай сайын ұстап қалуға жататын соманың мөлшері көрсетіледі. Содан кейін қаулы аумақтық бөлімнің немесе жеке сот орындаушысының мөрімен расталған атқарушылық құжаттың көшірмесімен бірге борышкер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушіге немесе борышкер табыс алатын адамға жіберіледі.

Борышкерге қатысты бір немесе бірнеше атқарушылық құжаттар болған жағдайда, оның жалақысына немесе өзге де кіріс түрлерiне өндiрiп алу қолданылған кезде борышкер жалақысының немесе өзге де кірісінің кемiнде 50% сақталуы тиiс.

Сонымен бірге, борышкерде сақталатын сома республикалық бюджет туралы заңда жыл сайын тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен кем болмауға керек, төменде көзделген жайғдайларды қоспағанда:

– алименттерді өндіріп алу;

– мертіккеннен немесе денсаулығы өзгеше зақымданғаннан;    

– асыраушының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу.

Егер борышкердің бірнеше атқарушылық құжаттары немесе бірнеше өндіріп алушылары болса, онда сома өндіріп алу кезектілігін ескере отырып, талаптардың мөлшеріне тепе-тең бөлінеді.

Сот орындаушысының міндеттеріне борышкердің жалақысы мен басқа да кірістерінен ұстап қалуды өндіріп алудың дұрыстығы мен уақыттылығына бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ өндіріп алушының ұстап қалған сомаларын уақытылы жіберуді жүзеге асыру кіреді.

Өз кезегінде жұмыс беруші қаулыда белгіленген ақшалай соманы ұстап қалу жөніндегі міндетті орындауға міндетті, себебі бұл қаулы ресми құжат болып табылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 670-бабына сәйкес, сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындаумен байланысты, оның iшiнде борышкердiң жұмыс орны мен оның кірістері, атқарушылық құжатқа сәйкес ұстап қалудың жүргiзілгені және өндiрiп алынған соманың өндiрiп алушыға жіберілгені туралы, борышкердiң өзге де жеке және заңды тұлғалардағы ақша сомалары мен мүлкiне өндiрiп алудың қолданылғаны туралы мәліметтерді ол тағайындаған мерзімде ұсыну туралы қаулыларын және заңды талаптарын орындамау жеке тұлғаларға – 10, заңды тұлғаларға 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.     Борышкер жұмыстан босатылған кезде, ол еңбек қатынастарында болған жұмыс беруші бұл туралы үш күн мерзімде сот орындаушысына хабарлама жіберуге міндетті.  Осылайша, борышкердің берешегін өндіріп алудың қолданыстағы әдістерінің бірі борышкердің жалақысы мен басқа да кірістеріне өндіріп алу болып табылады.

Дастан ШАРАПАТОВ,

облыстық әділет департаментінің

«Қызылорда қаласының №1 мәжбүрлеп

орындату аумақтық бөлімі»

филиалының сот орындаушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<