А.Байтұрсынұлының термин жасауда ұстанған қағидаттары

605

0

Қазақ тіл білімінің терминдері өткен ғасырдың 10- жылдарынан бастап жасала бастады. Бұл тұста біз қазақ терминология саласының басқа түркітілдес халықтарға қарағанда көш ілгері болғанын аңғарамыз.

Біз бұл мақаламызда термин жасауда А.Байтұрсынұлы  ұстанған  қағидаттар, амал-тәсілдер және оның шеберлігі  жайлы айтатын боламыз.

Бүгінде мемлекеттік тіл мәртебесіне сәйкес қазақ тілінің қоғамдық қызметін жан-жақты жетілдіру – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осыған байланысты ұлттық тілдегі терминдік жүйенің қоғам алдындағы маңызы бұл саладағы көптеген міндеттерді жаңаша шешуді көздейді. Соның бірі – мемлекеттік тілдің жан-жақты қоғамдық қызметіне жан беретін терминдер табиғатын танумен байланысты. Термин табиғатын түсіндіруді, оның қалыптасуын, дамуын жалпы тілдік жүйеден, сол тілде сөйлеуші ұлт танымына сәйкес қарау көп мәселелердің шешіміне тиімді әсер етпек.

Қоғам дамуының қазіргі жағдайында ұлттық төл мәдениет – рухани қалыптасудың негізгі көзі екені анықталған жайт. Осыған орай рухани мәдениеттен таралатын салалардың бір бағыты ғылым тілін «қазақыландыру» бағытының да негізгі ұстанымы – осы. Қазақ ғылым тілінің 70-80 пайызын құрайтын халықаралық стандарттағы, интернационалдық терминдердің қазақша баламаларын жасауға бетбұрысты, терминдерді «қазақыландыру» үрдісін – солақай немесе пуристік бағыт, әлемдік өркениеттен алшақтау, ұлттық жырақтау деп сипаттау заманы өткен. Бұл – қоғам мен тіл арасындағы байланыстан, ұлттық сананың жаңа сапада жаңғырып, танымдық негіздерімен сабақтасуына мән беруден туындайтын ғаламдасуға бір бөлшек боп енетін дамудың заңды құбылысы. Нақты айтқанда, ғылыми түсініктерді белгілейтін тілдік құралдардың атауларын қалыптастыруда ұлттық ұғымды арқау етіп, қазақ терминдерінің төл тілдік баламаларын жасаудың, ғылым тілін қазақша «сөйлету» әрекетінің барысындағы үрдістің жаңаша даму деңгейі. Мысалы, қазақ тіл біліміндегі тіркесімділік (валентность), уәж (мотив), уәжділік (мотивированность), тілдік тұлға (языковая личность), тілдік жағдай (языковая ситуация), үстірт құрылым (поверхностная структура), т.б.

Бірақ терминдердің құрылымдық компоненттердің табиғилығы үшін сөздің ішкі мазмұны тірек етілгенімен,  терминдік дефиницияға сөздің ішкі мазмұны, семантикалық құрылымы, ұғымдық  көлемі толық сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан аталған тенденция барысында аталымдар варианттылығының, емлелік ала-құлалықтардың, тіл нормасынан ауытқушылардың, тілді пайдаланушылар тарапынан ұсыныстардың, сыни пікірлердің айтылуы – даму үрдісіндегі заңды құбылыс. Мысалы, қазір жарыса қолданылып жүрген отбасы, жанұя, үйелмен т.б. баламаларын қараңыз. Төл сөздің ішкі мазмұнын тірек ету үшін интернационалдық терминдердің сыртқы құрылымы, дефинициясы қазақшаланады, терминнің семантикасына балама іздестіріледі.

Бұл мәселеге ғылыми қисын, ұлттық мүдде тұрғысынан қарар болсақ, ең маңыздысы терминді қазақшалау, қазақшаламауда емес. Терминнің шартты белгілерден айырмасы – оның ұлттық танымға жақындығы, уәжділігі мен түсініктілігі, қызмет әлеуеті т.б. негізінде тілдің бұзылмай жаңаша дамуы.

Міне, кезінде А.Байтұрсынұлы шығармашылығындағы термин жасау ұстанымының да негізгі арқауы – осы. Себебі ұлттық термин қалыптастырудағы ең негізгі талаптар: ұлттық, қоғамдық, әлеуметтік  мүдде тұрғысынан қойылар талаптарға сай болу. Олай болса, қоғамдағы ғылыми қатынас құралы ретінде жаңа күрделі ойды жеткізетін терминдер де сөздер секілді халықтың ақыл-ойын, адамдық рухын, ғылыми көкжиегін, білім аясын жаңа сапада өсіру мұратын есте тұтады. Ол үшін термин маманға ғана таныс жасанды таңбалардан ғана жасалмай, терминжасамда халықтың тарихи-мәдени кодтық жадын жаңғырту да ескерілгені жөн. Осымен байланысты оны тіл табиғатын анықтауға негіз ретіндегі когнитивтік лингвистика тұрғысынан дәлелдеудің мәні ерекше. Осы жаңа ғылыми бағыттар (мысалы, психолингвистика) тұрғысынан саралап қарасақ, осы қисынға сәйкес терминжасам А.Байтұрсынұлы бастаған зиялылардың қазақ тілінде термин түзуі ұлттық тіл мүддесі мен таным тұрғысынан, ана тілінің табиғатына сай жасауға ұмтылыстарынан басталғанын байқаймыз. Біраз жылдар бойы сол үрдіс үзіліп қалса, қазіргі қоғамдық сана деңгейі мен қоғамдағы тіл мәртебесіне сәйкес ол қайта жаңғыруда.

Терминжасамның когнитивтік негізі, біріншіден, фондық мәліметтерге, яғни тіл туралы білім аясына тәуелдігі түрінде көрінеді. Себебі тіл – адамның сөйлеу, оны қабылдау кезіндегі когнитивтік жүйесінің көрінісі. Адамның өзі қолданбайтын, бұрын естіген сөздерді түсініп, не шамалай біліп жататындығы да тілдік санаға әсер ету, оны қалыптастыру жайының сырт көзге байқалмағанымен, терең танымдық деңгейлерде жаңғыруынан. Әсіресе, сөз жасау, сөз тудыру құбылыстарында тіл мен адам ойының, бұған дейінгі білімінің байланысы айқынырақ көрінеді. Сондықтан жаңа сөз бұрынғы сөздермен жүйелесе жасалса, адам санасына айрықша әсер етіп, қабылдана алады. Біздің санамыз жаңа затты қабылдау кезінде оның мән-мағынасын анықтайды  да, оны өзіне ұқсас әсерлер қатарына орналастырады. Осы себепті атау жасау ісі ассоциативті-когнитивтік құрылымда, психолингвистикалық тұрғыдан танылады.

Қайта қолдану адамның жалпы және әрбір сәттегі ойлау, сезіну қалыбыменжаңа қырынан көріп, жаңаша бағалауға мүмкіндік береді.

Шындығында, ұғымның басты белгілерін анықтауда адам ойының, таным деңгейінің рөлі ерекше екенін қазіргі когнитивтік лингвистика дәлелдеді. Бұл арада атаудың прагматикалық мақсаты ғана негізге алынуы жеткіліксіз. Қоршаған орта құбылыстары көрінісінің адам ойы мен таным жүйесінде зерделенуі – ой мен тілдің анықтауыштық, құрауыштық функцияларын құрайды.

Когнитология теориясы бойынша атау жасауда қабылдау, еске түсіріп, қайта қолдану адамның жалпы және әрбір сәттегі ойлау, сезіну қалыбымен, ауқымымен байланыстылығын негіздейді. Осымен байланысты когнитология жеке адамның және ұлттық ойлаудың сипатын көрсетеді. Жеке адамның ойлау қабілеті, ой ісінің өнімділігі оның тілдік білігіне тәуелді болса, ұлттық ойлау ұлттық тіл негізінде жүзеге асып, соның мүмкіндігімен анықталады. Мысалы, А. Байтұрсынұлы қалыптастырған жүздеген терминдер белгілі. Ал солардың қалың көпшілікке етене жақын болып кетуін, табиғатының феноменін, біздіңше, осы танымдық негізде түсіндіруге болады. Басқаша айтқанда, қазіргі қазақ тіл білімінде де қалыптасып, қанат жайып келе жатқан «тіл мен ұлт біртұтас» деген қисынға сәйкес тіл табиғатын зерттеуді сол тілде сөйлеушінің танымынан тыс қарамайтын үрдіс теориялық-әдістемелік негіз ретінде терминжасам теориясына да қолдануды қажет етеді.

Соның негізінде анықталатын терминжасамның тілдік тетіктері осы саладағы субъективті факторды (яғни, «меніңше, мынау дұрыс»деген сияқты) жоққа шығарып, объективті сипат бермек. Бұл арада танымдық көрсеткіштердің ұлттық ерекшеліктерінің де (шешендік, бейнелілік т.б.) мәні ерекше.

Осымен байланысты бір ғана мысал келтірсек те жеткілікті. Мысалы, А.Байтұрсынұлы қалыптастырған көсемше термині. Көсем сөзінің қазақ танымындағы мәні белгілі. Ал оны лингвистикалық, грамматикалық қызметіне сай мәндік сабақтастығы, дәлдігі дау тудырмайды.

Демек, мағыналық дамудың нәтижесінде терминденген сөздердің табиғатын талқылау және қабылдау танымға қатысты кейбір маңызды мәселелерге тоқталуды қажет етеді. Осымен байланысты лингвистиканың тілде атау не термин қалыптастырудағы психолингвистикалық, философиялық, әлеуметтік, логикалық қырларының бір сабақтастықта зерттеудің маңыздылығы ерекше.

ХХ ғасырда ғылым тілін дамытуда термин жасаудың көптеген қағидаттары жасалды. Термин жасаудың қағидаттарын белгілеу, әрине, А.Байтұрсынұлынан басталды.

1924 жылдың маусым айында Орынбор қаласында «Қазақ білімпаздарының тұңғыш  съезінде» қазақ зиялылары терминологияны қалыптастырудың қағидаттарын белгілеуді күн тәртібіне қойды. Терминологияның қағидаттары туралы баяндаманы Елдес Омаров жасады. Терминолог-ғалым, қазақ терминологиясының қағидаттарын арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырған Ш.Құрманбайұлы Елдес Омаровтың ұсынған қағидаттарын «сол кезде термин мәселесінің басы-қасында жүрген А.Байтұрсынұлының тікелей басшылығымен жасалғандығын» айтады.

Осы съезден кейін 1926 жылы Бакуде өткен «Түрікшілердің бірінші құрылтайында» А.Байтұрсынұлы қазақ терминологиясын жасаудың алғашқы ғылыми қағидаттарын ұсынған болатын.

А.Байтұрсынұлының термин жасау қағидаттары:

1) Термин ретінде ұғым мағынасын толық беретін қазақ сөздерін алу;

2) Ондай сөздер қазақ тілінде болмаған жағдайда оларды туыстас тілдерден алу;

3) Жаппай қолданылатын әлемдік терминдер қабылдана алады, бірақ олар қазақ тілінің табиғатына сәйкес өзгертілуі керек;

4) Қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек.

Профессор А.Б.Салқынбай: «А.Байтұрсынұлы жасаған терімсөздердің басты ерекшеліктері деп мыналарды көрсетуге болар еді» дей келе:

– анықталатын ұғымның дәлдігі;

– таңбаланған атаудың қазақилығы;

– терімсөздің жалқылық сипатының болуы;

– терімсөздің нақтылығы;

– әрбір терімсөздің мазмұндық уәжділігі.

«А.Байтұрсынұлы – қазақ тіл білімінің, әдебиетінің, әдістеме, тарих және этнография, мәдениетке қатысты терминдердің ғылыми жүйесін жасаған ғалым. Қазақтың ғылыми терминологиясының негізін қалаушы ғана емес, ол «терминжасам тәсілдерін анықтап, оларды өз тәжірибесінде тұңғыш рет пайдаланған ғалым».

А.Байтұрсынұлының термин шығармашылығы туралы белгілі ғалымдар Р.Сыздық, Ө.Айтбайұлы, Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы, Ш.Жалмахановтар өз еңбектерінде молынан сөз етті.

А.Байтұрсынұлы орыс тіліндегі терминдердің қасиеттерін жақсы білумен қатар, қазақ тілінің өз материалын ұтымды пайдалана отырып, термин жасаған.  Бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыш т.б. терминдердің қазақ тілі терминологиялық лексикасының қатарын толықтырып, мықты орныққаны, бүгінге дейін өзгеріссіз қолданылып келе жатқаны, сонымен қатар әбден қалыптасқаны сондай, сәтті жасалған терминдер деуге толық негіз бар.  Термин зерттеушісі С.Исақованың зерделеуінше: «1920-30 жылдары алаш зиялыларының жасаған терминдерінің өміршеңдігі – олардың ұғым мен атау арасындағы байланысты терең түсінгенін терминге атау беру үшін зерттеуді ұғымнан бастағандарында жатса керек. Яғни олар лексикология, терминология, концептологияның айналысатын сұрақтарын жан-жақты зерттеген, содан барып термин жасаумен айналысқан деп айтуға толық негіз бар». Шындығында, сол кезең зиялылары қазақ ғылымын дамыту үшін жекелей ғылым салаларын өзара бөлісіп, олардың ғылыми стилін қалыптастырып, терминдерін қазақи түрде қолданысқа енгізген.

Мысалы, Х.Досмұхамедұлы – психология, физиология, медицина, анатомия ғылымдарын жетік меңгерген, осынау ғылым салалары үшін терминдік атаулардың маңызын жақсы түсінген. Мүмкіндігінше, біраз терминдерін ұлттық тілде жасаған. Х.Досмұхамедұлының «Адамның тән тірлігі» (1927) атты оқу құралында орысша-қазақша атаулар сөздігі берілген. Осыған қарап, ғалым сөздік түзу мәселесімен де айналысқан.  Ғалымның терминжасам шығармашылығынан жаңа атауларды көптеп кездестіреміз. Жүйке  жүйесі (нервная система), жүйке түйіні нервный узел), жүйке тұтқасы (нервный центр), қозғалғыш жүйке (двигательный нерв), қозу (возбуждение), сезім жүйке (чувствительный нерв) т.б.

Ж.Аймауытұлы психологиялық атауларды, өсімдіктану атауларын, Е.Омарұлы пішіндеме (геометрия) атауларын, С.Қожанұлы есептану терминдерін, А.Қоңқашпайұлы география атауларын, М.Жұмабаев педагогика саласының терминдерін жасаған.

Қазақ терминологиясының 30 жылдардағы дамуы Қ.Жұбановтың есімімен байланысты. 1933 жылы Мемлекеттік терминологиялық комиссияның төрағасы болып сайланды. 1935 жылы Қ.Жұбанов ұсынған 10 принцип қабылданғаннан кейін А.Байтұрсынұлының терминжасау қағидаттары басшылыққа алынбады, осының салдарынан ғылым мен техниканың әртүрлі салаларындағы терминдердің 70-80%  кірме терминдерді құрап, қазақ тілі толық дәрежедегі ғылым тілі бола алмай келеді. А.Байтұрсынұлының өз сөзімен айтар болсақ, «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадарынша жарайды».

Демек, тілді орнымен жұмсай білетін адам табылса, барлық ұғымды атау үшін сөздің табылатындығын айтқан. Бүгінде қазақ тіліндегі орыс тілі негізінде енген халықаралық терминдер қазақшаланып, ұлттық тіл байлығы пайдаланылып келеді деуімізге болады.

Термин жайлы сөз қозғаған кез келген қазақ ғылымына үлес қосып жүрген ғалымды алсаңыз, А.Байтұрсынұлы қағидаттарынан аттап өте алмаған. Себебі қазақ терминологиясын қалыптастырушы, жасаушы ұлт азаматтары ұлттық тіліміздің мәртебесінің қашанда биік тұрғанын қалаған, сондықтан қазақтың өз сөздерінің әлеуетін жоғары ұстауды мақсат тұтады.

Қазақ тілін талдап-тануда А.Байтұрсынұлының еңбегін жаңа бір қырынан талдап, екшелеген ғалым Р.Сыздық энциклопедист-ғалымның термин жасау шеберлігін ерекше атап өтеді.Терминологияның атасы қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша термин ұсынған. Ғалымның пікірінше, бұл терминдердің сәтті жасалғандығын күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан өміршеңдігі дәлелдейді. А.Байтұрсынұлы қазақ ғылымының терминологиясына қатты назар аударған. Оның термин жасаудағы ұмтылыстарынан байқайтынымыз – ұлттық тілдің мүмкіншіліктерін молынан пайдалану болғандығын көреміз.

Сонымен қатар ғалымның тек қазақ тілінің сөздерін ғана емес, кейбір халықаралық терминдерді де орынды пайдалану қажеттігін ескертетінін 1912 жылы «Айқап» басылымының беттеріндегі грамматика, фонетика, морфология секілді терминдерді қолданғанынан байқауға болатынын айта кеткен жөн. Демек, тек қазақ сөздерін ғана емес, халықаралық терминдерден де бас тартпайды. А.Байтұрсынұлының бұл көзқарасы ғылым дамуының барлық кезеңдерінде де негізгі ұстаным болған. Бұл ұстанымды Қ.Жұбанов та, кейінгі жаңа тіл білімінің зертеушілері де қолдаған, негізгі бағыт-бағдар етіп ұстанған.

Р.Сыздық кейбір ахметтанушылардың термин мәселесіне келгенде өздері бірінщі рет сөз қозғағалы отырғандай жазатындарына қатты ренжитіндігін де айтқан: «Тіпті одан әріректегі шындыққа баратын болсақ, «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың ұлттық тіл білімінің негізін қалаушы» деп, ол ақталмай тұрып 1970 жылдарындағы Тіл білімі институтының ғылыми конференциясында айтқан пікіріміздің бір дәлелі ретінде қазақ тіл білімінің Ахаң қаламынан туған қыруар терминдерді атаған болатынбыз. Өкінішке орай, Ахаңның терминология саласындағы қызмет жайында қалам тартып жүргендердің көбі бірінші рет өздері баяндап отырғандай, алғашқы айтылған пікірлерді ешбір атаусыз өте шығады, әрине, қазақ тілінің ең қажет, негізгі-негізгі, әсіресе, мектеп оқулықтарындағы күні бүгінге дейінгі қолданылып келе жатқан терминдердің Байтұрсынұлынікі екендігін тұңғыш таныған біз емеспіз. Бұл жайт оның «халық жауы» саналып жүрген күннің өзінде-ақ баршамызға, әсіресе, ілгергі, орта буын тіл мамандарына белгілі болатын. Сондықтан дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома көрініп, аталған соң ресми түрде ең алғашқы айтылып-жазылған нәрсенің мәні оншалық көрінбеген болар. Әрине, өкпе-реніш жоқ, әйтеуір, шындық айтылса болар. Бірақ ғылым шындықпен қатар әділдікті керек етеді ғой».

А.Байтұрсынұлының терминология саласындағы еңбегін азды-көпті арнайы не жол-жолай сөз еткендердің барлығы да оның термин жасауда қазақ тілінің өз қазынасына иек артқанын баяндап, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамедовтер «терминдерге шеттілдік сөздерді алмау, қазақ сөздерінің пайдалану принципін ұстады деген пікірді  айтады. «Бірақ  термин жасауға алатын негіздерді фактілермен көрсетіп, яғни термин жасауда мәселенің құрылымдық, тілдік және ұғымдық-семантикалық деген екі жағы болатындығын ескермейді. Көбінесе алғашқысында – терминнің тілдік тегіне (шеттілдік сөз бе, қазақ тілінің сөзі ме деген сияқты) және жасалу құралдарын көрсетуге (жұрнақтар мен мағына ауыстыру амалдарын атау сияқты) көңіл аударылып келеді. Ал терминдер дүниесін түзудегі ұғымдық-семантикалық негіздері анық, айқын түрде айтылмай жүр».

Айдана Махамбетова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<