Қызылорда мен Жамбылда республикалық маңызы бар жолдар жабылды

324

0

Фото: ашық дереккөз

Ауа райының қолайсыздығына (қалың қар, боран және көрінудің шектелуі) байланысты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Тараз қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі (534-593 км) бөлігі жабылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Сонымен қатар «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының 161 шақырымынан (Бірлік ауылы) 273 шақырымына дейін (Бурылбайтал ауылы) автокөлік құралдарының барлық түріне шектеу енгізілді. 

«Атап айтсақ, Тараз қаласының маңында 350 жүк көлігі мен 50 жеңіл автокөлік, Байзақ ауданындағы Ақшолақ станциясында 100 жүк көлігі, Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылының маңында 200 көлік және Қордай ауданы Қайнар ауылында 200 автокөлік тоқтап тұр. Жүргізушілер мен жолаушылар тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз етілуде.

Жергілікті атқарушы органдардың, полицейлер, Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері тұрғындарға тиісті көмек көрсетіп, көліктерді қар құрсауынан шығару үшін нақты шаралар қабылдауда», – деп жазды жергілікті әкімдіктен.

Азаматтарды эвакуациялау мақсатында автожолдардың жабық учаскелерінде уақытша жылыту пункттері құрылған, сондай-ақ, эвакуациялауға арналған техникалар дайындалған.

Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылындағы орта мектеп базасында орналастырылған жылыту пунктіне бұған дейін жеткізілген 25 адамның 12-сі (13-і пойызбен кеткен) орналасқан. Олар ыстық тамақ, төсек орын және өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етілді. 

Өңірдегі барлық аудандарда коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.

​Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штабтың жұмысы ұйымдастырылып, жедел желі іске қосылды. 

​Жолдарды тазалау жұмыстары жалғасуда.

«ҚазАвтоЖол» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы да өңірде республикалық маңызы бар жолда көлік қозғалысына шектеу қойылғанын мәлімдеді.

«2 ақпанда Астана уақытымен 00 сағат 30 минуттан бастап, Қызылорда облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты (қарлы боран және көріністің шектелуі) республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1911-2055,5 шақырым аралығына (Шиелі ауданынан Түркістан облысының шекарасына дейін) барлық көліктердің қозғалысына уақытша шектеу қойылды», – делінген хабарламада.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<