Сенбі күні «Мұз айдыны» спорт кешенінде волейболдан ардагерлер арасындағы халықаралық турнирдің жалауы желбіреді. «Қорқыт баба» кубогына арналған турнирде Ресей, Өзбекстан мемлекеттері мен Алматы, Шымкент, Байқоңыр қаласынан және Түркістан, Жамбыл облысы мен Сыр елінен келген 100-ге жуық ардагер бақ сынады. Дүбірлі доданың құрметті қонағы ретінде ҚР Генерал лейтенанты Аманкелді Шардарбаев пен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполовтар келді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов қатысып, командаларға сәттілік тіледі.
– Өңір үшін де, ел үшін де ең маңыздысы – өткен жылы Маврикий Республикасында өткен ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата рухани мұраларының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енуі. Бұл жұмыстың жүзеге асуында облысты алты жылдан аса абыроймен басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың үлесі зор екенін айту керек. Міне, бүгін Сыр өңірінде түрлі салада қызмет еткен ардагерлер арасында алғаш рет жарыс өтуде және ол осы айтулы шараның құрметіне арналып отыр. Бұл сайыс аға буынның жастарға көрсеткен үлгісі әрі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ерекше қадам деп білеміз, – деді аймақ басшысы.
Ұжымдық күшті, ептілікті әрі шапшаңдықты талап ететін жарыста командалар аянып қалмады. Төрешілерге шын мықтыны анықтау қиынға соққаны рас. Себебі, әрбір қатысушының жеңіске деген құштарлығы ерекше байқалды. Нәтижесінде Алматы қаласының «КАЗНАУ» командасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Шымкент қаласы қанжығаға байласа, үшінші орынды жерлестеріміз, облыс командалары иеленді. Төртінші орын Байқоңыр қаласының командасына бұйырды. Жүлдегерлерге диплом, медаль, кубок пен естелік сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, өңірде Қорқыт атаны әлемдік деңгейде таныту ісі жүйелі жолға қойылған. 2006 жылдан бері «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымымен бірлесіп, түркітілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өтеді. Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кесенесі де Елбасы тапсырмасымен қайта жаңғыртылып, «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» қоса салынды. Кешен «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесі нысандарының бірі ретінде танылып, оны сан мың турист тамашалады.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<