ҚАҺАРМАНДАРДЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚТЫҢ БОРЫШЫ

369

0

Студенттер сарайында Қазақстанның бостан­дығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен ерлер­дің есімдерін мәңгі есте сақтау жөніндегі “Қаһар­мандар” республикалық қоғамдық қорының жиыны өтті. Басқосуға тарихшылар, ғалымдар қатысып, қордың жұмысымен танысты.

Шарада сөз алған  қоғамдық қор президенті Сабыр Қасымов қордың мақсат-міндеттерін түсіндірді.

– Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдап, түрлі бағдар­ламаларды жүзеге асырды. Жекелеген тарихи оқиғалар мен даңқты тұлғаларға арналған конференция, мақалалар жазылды. Ескерткіштер қойылып, көшелерге аты берілді, сондай-ақ, көркем және деректі фильмдер түсірілді. Десе де, мұның барлығы академиялық әрі біржолғы сипатта болып, жалпы тәсілдер мен ұсынымдарға, мерейтойлық күндерге арналып іс-шара түрінде өткізіледі. Біздің мақсатымыз – еленбей, ескерусіз қалған тұлғаларымызды жарыққа шығару. Олардың ерлігін кейінгі ұрпаққа ұлықтау. Жастар елдің азаттығы мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендердің ерлігін білуге тиіс.  Сыр өңіріне келгендегі міндетіміз де зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, ғылыми ортаны қалыптастыру. Қордың өңірдегі филиалын құрып,  осы тұрғыда тарихшы-ғалымдармен бірлесіп жұмыс жасау, – деді ол.

Жиын барысында ғалымдардың пікірлері тыңдалды. Қарақұм көтерілісі мен оның қолбасшыларын, Ақмырза ишан секілді ақталмаған батырларымызды ұлықтасақ деген өз ұсыныстарын білдірді. Оған қоса қордың филиалын құру және өзге де ұйымдастырушылық бағыттағы сұрақтар кеңінен талқыланды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<