Қазақтың ортақ мақтанышына айналған халқымыздың ұлы перзенті, ақын, философ, ғұлама Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл толуына орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде жазасын өтеушілер арасында мәдени іс-шара өтті.
− Абай өз өмірін қазақ балаларын оқытуға, білім-ғылыммен айналысуға, рухани дамуға және әлемдік мәдениеттің құндылықтарын бойға жинауға арнағаны барлығына мәлім. Абайдың даналығын, Абайдың даралығын мойындамаған жан жоқ. Осы орайда жазасын өтеушілер ақынның қара сөздерінің мән-мағынасын түсініп, қараңғылықтың бұғауын бұзып, жарқын күндердің шуағына бөленетін өлең жолдарын мәнерлеп оқуда,- деді тәрбие бөлімінің бастығы Мағжан Әбдімажитұлы ойшылдың жауһар жырлары мен мазмұны терең ой-танымдарының құндылығымен танысу жазасын өтеуші азаматтар арасында күннен күнге артып келеді.
− Абайдың «Толық адам туралы» тәлімі рухани мәдениетті және жан-жақты білімді талап етеді. Абай шығармашылығы тек қазақ халқының ғана мұрасы емес. Шет ел халқы қазақты Абай арқылы таниды, ақынның жырлары арқылы бағалайды. Оның жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға толы шығармалары бүкіл халықаралық қауымдастыққа жатады, әлемдік мәдениеттің бөлігі болып табылады. Шара аясында Абайдың шығармашылығын терең зерттеп, өзіміз үшін өмірлік маңызды бағыт-бағдар алудамыз. Осы шараны ұйымдастырып, рухани азық сыйлап отырған мекеме әкімшілігі мен тәрбие бөліміне алғысымыз шексіз,- деді жазасын өтеуші азамат.
Шара соңында жазасын өтеушілер ұлы ақынның шығармашылығындағы «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және тағы да басқа өлеңдерін домбырамен шырқап, ақынның шығармашылығы әркез кеңінен насихатталу керектігі айтылды.
Адина ҰЗАҚБАЙ
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<