Абай «Қарасөзінің» мәтіндік сипаты жайлы қысқаша көзқарас

887

0

Қазақ тіл білімінде Т.Қордабаев құрмалас сөйлемнен де жоғары тұратын синтаксистік күрделі құрылымдардың бар екендігі жөнінде өткен ғасырдың 60-жылдарында алғаш рет айтқан екен. Кейін зерттеуші бір еңбегінде «Синтаксистік күрделі бірлік» деген атаумен арнайы тарау енгізді. Аталған бірлік, өзіндік кейбір ерекшеліктері болуына қарамастан, қазақ тіл білімінде мәтін синтаксисінің өмірге келуіне себепші болды. Соңғы кезде мәтін синтаксисі мәселесін Б.Шалабай, Ж.Жақыпов сынды ғалымдар өз зерттеулеріне арқау етті.
Мақалада Абайдың «Қарасөзі» тұңғыш рет мәтін мәселесі тұрғысынан талданып баспаға ыңғайланып берілді.

Данышпан Абайдың 1-«Қарасөзінің» тұтас мәтіні – 7 шумақтан тұратын монолог. Осы шумақтардың әрқайсысы, жекелей алғанда, өзіндік құрылымдары бар сөйлемдер тізбегінен құралады және осы тізбек интонациялық деңгейде аяқталған ойды білдіретін, тақырыпты ашуға бағытталған тұтас «Қарасөздің» мәтіндік мазмұнын құрайды.
Кез келген мәтін қандай да бір хабарды білдіретін болғандықтан, ол қатынас құралы қызметін атқаратыны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, бұл сөздің авторы – Абайдың өзі монологтың басты кейіпкері және шығарма мазмұнындағы хабарды тыңдаушы жаққа (адресатқа – оқырманға) жеткізуші де болып табылады.
Мәтіннің қай түрі де белгілі бір нәрсе, зат, құбылыстарды тақырып (тема) етіп алады да, сол туралы тыңдаушыға хабар (рема) береді, жаңалық жеткізеді. Яғни, хабар мазмұны осы тема мен реманың предикативтік байланысынан тұрады деп есептеледі. Сөз (сөйлеу, сөйлем) логикаға негізделетіндіктен, предикативтік байланыс логикалық тұрғыда анықталады.
Шумақтың темасы да, ремасы да бір не бірнеше сөйлемнің тіркесінен құрала береді және, сонымен бірге, шумақ құрамында тема мен реманы мағыналық жағынан толықтырып, анықтап не байланыстырып тұратын құрылымдар да кездесіп отырады. Мұндай құрылым сөйлемге де, шумаққа да, мәтінге де ортақ. Осы пікірімізді аталған «Қарасөзді» толық оқып мәтіндік талдауға салу арқылы дәлеледеп көрейік.
Мәтінді толық оқу арқылы алғашқы шумақ тұтас мәтіннің темасы бола алатынын, ал соңғы шумақ оның ремасы болатынын байқаймыз. Бұл осы екі шумақтың логикалық байланысынан айқын көрінеді. Оқиық, 1-шумақ: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын…»
Соңғы 7-шумақ: «…Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.».
Яғни, алғашқы шумақта «Не істеу керек?» деген сұрақ қойылады, ал оған жауап-шешім соңғы шумақта беріледі. Екеуінің арасында мағыналық (предикативтік) байланыс бар. Ал ортадағы шумақтар (2-6) осы тұтас мәтіннің темасы мен ремасын байланыстырушы, әрі мазмұнды толықтырушы құрылымдар болып шығады.
Енді мәтіннің әр шумағының өзін жеке мәтін ретінде осылайша талдап көрейік. Құрмаласы бар, жай сөйлемі бар, 7 сөйлемнен тұратын алғашқы шумақтың темасы – «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік» болса, ал ремасы – «Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын…». Себебі, шумақтың темасы болып есептелген бірнеше сөйлемнен тұратын бөлік бірдей дауыс ырғағымен, бірдей шақтық тұлғада айтылған, бірақ тыңдаушы бұл тіркестерден автордың қандай хабар, қандай жаңалық айтпақшы болғанын бірден түсіне қоймай, «автор не айтқалы отыр екен?» деген ойда болады. Тек, соңғы ремалық бөлікті оқыған кезде ғана автордың не айтпақ болғаны айқындалады. Яғни, оқырман автордың «енді қалған өмірді қалай өткізерін біле алмай отырған» қиналысын түсінеді. Осы тұста автор темадағы сөйлемдерді көпше түрде беру арқылы өзіне тән іс-әрекеттің басқа да өзі сияқты адамдарға ортақ екендігін білдіреді. Оқырман мәселенің ақынның өзіне де қатысты екенін соңғы сөйлемнен ғана аңғарады.
Енді тұтас мәтіннің темасы мен ремасы арасындағы шумақтарды оқып көрсек, бұлардың әр қайсысының өзіндік құрылымы, мазмұны бар, бір-бірімен мағыналық жағынан байланыспайтын жеке сюжеттерге құрылған шумақтар екенін көреміз. Сонымен бірге бұл шумақтардың бәрі, біріншіден, темадағы басты мәселені (не істеу керектігін таба алмау мәселесін) шешуге бағытталған әрекеттерді білдірумен бірге, ремадағы орындалуға тиісті іс-әрекеттің (ойына келгенді ақ қағазға жазу) себептерін де анықтауға, нақтылауға септігін тигізетін шумақтар екеніне көз жеткіземіз. Сондай-ақ әр шумақтың бойында автор бейнесінің (логикалық та, грамматикалық та) байқалып отыруы толық мәтіннің мазмұнын құрауда өзіндік рөлі бар екені де байқалады.
Енді осы шумақтардың біреуінің өзішілік қатысымдық құрылым ерекшеліктеріне назар аударайық.
«Ел бағу? // Жоқ, елге бағым жоқ. / Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!» Үш сөйлемнен тұратын шумақтың басындағы толымсыз сұраулы сөйлем – тема, екінші хабарлы сөйлем – рема деп есептеледі. Өйткені, «Ел бағу?»-ды жеке айтып қоя салсақ, тыңдаушы хабаршының не айтпақ болғанын еш түсінбес еді, міндетті түрде ойдың ары қарай жалғасқанын күтер еді. Ойдың жалғасы – алғашқы сөйлемнің әрі жауабы, әрі автордың оқырманға жеткізер хабарының мазмұнын білдіретін екінші сөйлем жарыққа шығады. Ал үшінші құрмалас сөйлем – осы ремадағы ойдың орындалмау себебін анықтайтын, дәлелдейтін бөлік. Тұтас мәтіндегі осындай бөліктер тема мен реманың қайсысына мағыналық жағынан жақын болып, соны түсіндіретін, толықтыратын, анықтайтын ойды білдірсе, соның құрамына енеді деп есептеледі. Сондықтан да мәтін синтаксисін зерттеуші ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, үшінші сөйлемді де реманың құрамына қатысты деу орынды.
Бұдан кейінгі «Мал бағу?…», «Ғылым бағу?…», «Сопылық қылып, дін бағу?..», «Балаларды бағу?…» деп басталатын шумақтардың құрылымы да, мағыналары да осыған ұқсас тұрғыда жеке-жеке қарастырылады. Өйткені, бұл шумақтардың арасында өзара байланыстыратын мағыналық жақындық та, тілдік бірліктер де жоқ.
Ендігі бір назар аударатын мәселе – шумақтар ішіндегі сөйлемдердің құрылымдары қандай, олардың өзара қарым-қатынасы, байланыстары қалай жүзеге асады, олардың мағыналарының мәтіннің (шумақтың) жалпы мағынасына әсері қандай? Ол үшін шумақтың сөйлемдерін былайша толықтыру қажет болады: «(Маған) Мал бағу (ма)? Жоқ, (мен малды) баға алмаймын. Балалар (малды) өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын (малын) бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.»
Автордың «ендігі қалған өмірімде мал баға аламын ба?» деген ойы сұраулық мәні интонация арқылы белгілі болатын ықшамдалған сұраулы сөйлем арқылы берілген. Келесі хабарлы жай сөйлем осы сұрақтың жауабы болса, одан кейінгі жай және құрмалас сөйлемдер – осы жауаптың себебін анықтау мақсатында айтылған сөйлемдер. Осы сөйлемдердің бәрін мағыналық жағынан байланыстырып тұрған алғашқы сөйлемнің құрылымына негіз болған «мал» және «бағу» сөздері. Бұл сөздер басқа сөйлемдер ішінде ашық та жасырын (бірақ ойда бар) күйінде де кездесіп, шумақтың (мәтіннің) «мал бағуға» қатысты мазмұнын ашып тұр. Бұған қосымша әр сөйлемде сөз арқылы берілмесе де, логикалық жағынан байқалып тұратын автордың ортақ бейнесі (мені) шумақ мазмұнының бір тақырыптың төңірегіне жинақталуына септігін тигізген.
Қорыта келе айтарымыз – ұлы Абайдың 1-«Қарасөзін» мәтіндік тұрғыдан талдау барысында: біріншіден, шығарманың мазмұндық жағынан терең логикаға құрылғанын, екіншіден, тұтас мәтіннің құрылымдық жағынан өзіндік ерекшелігіне қарамастан, өзара байланысты бірнеше шумақтан тұратынын, үшіншіден, тұтас мәтіннің де, жеке шумақтардың да темалары мен ремалар арқылы предикативтік қатынас негізінде тұтастыққа ие болатынын, төртіншіден, шығарманың және оның шумақтарының белгілі дәрежеде мағыналық байланыста болуы арқылы тыңдаушыға түсінікті мазмұн құралғанын байқаймыз.

Жеңіс Сәдуақасұлы,

филология ғылымының докторы,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің құрметті профессоры,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<