«Абай тілінің ерекшеліктері» атты кітап жарық көрді

859

0

Ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Абай тілінің ерекшеліктері» атты кітап жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының бас ғылыми қызметкерлері Шерубай Құрманбайұлы мен PhD Мәрлен Әділовтің авторлығымен жарық көрген «Абай тілінің ерекшеліктері» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітапта Абай шығармаларындағы қазіргі қазақ әдеби тілінде кездеспейтін немесе өте сирек қолданылатын морфологиялық, фонетикалық және лексикалық ерекшеліктер анықталады. Фонетикалық ерекшеліктер дегенде ұғыл, ұлық, тұғры, тұғралы, түзік және т.б. көне түрік және қазақтың ескі жазба тіліне тән фонетикалық ескіліктер зерттелді. Бұлар көне түрік және қазіргі түрік-моңғол тілдеріндегі деректермен салыстырылып, олардың ескі қазақ жазба тілі мен қазіргі қазақ тіліне қатыстылығы жайлы тұжырымдар айтылды.

Сонымен қатар, қазіргі қазақ әдеби тіліндегі сөздердің Абайдағы дыбыстық варианттары талданды. Оның ішінде айлану, ашау, беркіну, беркіту, бұлыт/бұлұт, біротала, езгү, есіту, жолғасу, инану, кезегендік (кезбелік), қары (кәрі), құры (құр сөз), нажағай, соңра, сүру (сүрту, жағу), тәңрі, тұл бой, ұжымақ, ұсап, шүйінші, ылай, ылау, т.б. түрінде құбылған немесе керісінше бастапқы формаларында қолданылған сөздер де бар. Фонетикалық ерекшеліктер тарауында кірме сөздерден «қазақы» формада жұмсалғандары да талданды, мәселен кірме сөздердің Абай тілінде амантау, асық, әжеттес, әз тұту, әм, бейіс, бұл (пұл), дұспан, еннатайына кәлкәусар, қаса, пышана, сұңғат, шылдахана, ылаж, ырза, ырас, закүншік, лапке, мәліш, бияншік, ваенной, сaлдaт, самародной, ыстаршын ысдраваймыслящий, ісшөт сияқты «қазақы» тұлғада өзгертіліп жұмсалуына назар аударылды.

Кірме сөздердің әдеби тілдегіден өзгеше әрі бастапқы формасына жақын түрінде жұмсалуына мән берілді. Абайда шет тілдерінен, әсіресе араб, парсыдан енген сөздердің біразы сол тілдердегі негізгі тұлғалары сақталып қолданылған. Бұлар да қазақ тіліндегі нұсқаларымен салыстырылып зерттелді, мысалы: алал (адал), бихабар (бейхабар), ғафыл қалма (қапы қалма), ежтиһат (ыждағат), мағлұм (мәлім), махрұм (мақұрым), мү’мин (момын мұсылман), наме (нама), руза (ораза), таслим (тәсілім), хақ (ақы), хисап (есеп), т.б. Морфологиялық өзгешеліктер деп аталатын бөлімде қазіргі қазақ әдеби тілінде ұшыраспайтын (немесе өте сирек жұмсалатын) кейбір морфологиялық формалардың қолданылу мәселесі талқыланды. Мысалы, «мыш», «дүр», «тұғын/тұрған», «бірлән/білән, «дағы», «дек», «аның үшін/оның үшін, т.б. Лексикалық ерекшеліктер тарауында ақын шығармаларының сөздік құрамын актив-пассивтігіне және лексикалық қолданыстарының ерекшелігіне қарай көнерген сөздер, пассив лексика, этнографиялық ұғымдар, ақын тіліне тән қос сөздер, фразеологизмдер, мақал-мəтел мен афоризмдер деп қарастырылды. «Зерттеушілер ақын тілін көне ескерткіштермен салыстырып зерттеп, Абай тілінің тамыры тереңде жатқанын дәлелдеді», – дейді түркітанушы ғалым Мұрат Сабыр.

Зерттеуші сөзін «кітап авторлары Абайдың тілдік тұлға ретінде қалыптасуын көне жазба ескерткіштерінде жатқанын көрсетті» деп жалғастырып, кітапты түркология саласына қосылған зор еңбек» деп бағалайды.

«Абай тілінен шағатай әдеби тілінің элементтерін іздеу Кеңес кезеңінде «бос әурешілік» деп айтылып, ғалымдар ақын шығармаларындағы осындай тұстарды кең қарастырмаған еді. Қолымыздағы еңбек бұл олқылықтың орнын толтырды», – деген пікір білдірді филолог ғалымдарының докторы Қаламқас Қалыбаева.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<