Абай жолы халық рухының терең қойнауынан тәуелсіздік күресін жаңаша жалғастырар жаңа қуат таба білді. Ұлттық сана мен ақыл-ойының буырқанып, булығып жатқан жаңа қайнарын ашты. Әлемге айқара есік ашқан тәуелсіз Қазақстан өзінің ішкі-сыртқы саясатында ұлт ұстазының «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деп ізгілікті ұлағатын, ұстынды қағидатын басшылыққа алған. Осыған орай Түрік елінің ғұлама ғалымы Кадир Четиннің: «Ұлы ойшылдың қара сөздерін оқығанда қазақтардың тәуелсіздікке барар жолындағы соқпақ Абай тарапынан қаланғанын көрдім. Абай тәуелсіздікке апарар жолды әу бастан-ақ нұсқап көрсеткен» деп айтуы тектен-тек болмаса керек.
Өз ойымда жүрген абайтану жайлы бірлі-жарым пікірімді оқырмандар назарына ұсынғым бар. Иә, Абайды зерттеу жалғасуда. Бұл – мәңгілік тақырып, таусылмас рухани қазына. Демек, абайтану ғылымы, яғни, зерттеу жұмысы толассыз жүргізіле беруі керек. Қолыма түскен деректерге жүгінер болсам, абайтану бағытында 54 докторлық, 147 кандидаттық диссертация қорғалған екен. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын таба береді деген сенімдеміз.
Абай – айна, одан біз өзімізді көреміз. Сондықтан хәкім тағылымын ұрпақ санасына жастайынан сіңіруіміз керек. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармасына «Абай жолы» деп ат қоюы тектен-тек болмаса керек.
Ұлы Абайдың аманаты бізге ауыр, десе де орындауымыз керек. Өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншек, бекер мал шашпақтықтан аулақ жүріп, ғылым мен білім іздеуіміз керек. Бүгіндері белең алған сыбайластықтан, даңғойлықтан, жатыпішерліктен бойымызды аулақ ұстап, пайда емес ар-намысты ойлау керек. Ақын қазақты сынаған жоқ, қайта шыңдады. Оған өлеңдері мен қара сөздерін оқып отырып көз жеткізесіз. Өкініштісі сол, бүгінгі жастардың дені Абай жазбалары түгілі, М.Әуезовтің «Абай жолын» да оқымайды. Айтпағым, Ұлы Абайды алдымен өзіміз танымай, әлем танымайды.
Сөз соңында айтарым, Абай аманаты біздің жүрегімізге мәңгілікке жазылған. Оны мүлтіксіз орындау – бізге парыз.
Айнұр МАХАМБЕТОВА,
қосымша білім беру,
оқу-әдістемелік орталығының
мұғалім-ұйымдастырушысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<