Абылай ханның 310 жылдығына арналды

1153

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен облыстық Рухани жаңғыру орталығы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Жиын Абылай ханның 310 жылдығына арналды.


Орталық директоры Уәлихан Ибраев алғысөзінде ұрпаққа мұра, ұлтқа ұран болған тұлға есімін ұлықтаудың маңызы ерекше екенін атап өтті.


– Ол – қазақ тарихындағы тағдырлы кезеңнің күллі тауқыметін бойына жүктеген тұтас бітімді тұлға. Алаш баласының азаттықты ардақ тұтқан асқақ арман-аңсауы мен ерiк-жiгерi бабамыздың бойында тамаша тоғысқан. Абылай ханның басшылығымен қазақ халқының туған жерi, отанын жаудан азат ету жолындағы қиян-кескi ұрысы, күрделi геосаяси жағдайда айналадағы мемлекеттермен қарым-қатынаста дербестiк сақтауға қол жеткiзуi – ұлттық тарихымыздың жарқын беттерi, – деді ол.


Шара барысында Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидады Зарқын Тайшыбай, сондай-ақ университет ғалымдары халқына дана, еліне пана болған ханның өмірі, ұстанған саясаты мен халыққа сіңірген еңбегіне тоқталды.


– Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ жетті. Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында тұлға туралы 15 тарихи жыр сақтаулы. Әлі көптеген дерек ашылған жоқ. Оны танып-білу үшін осы жағын тереңірек зерттеу керек, – деді тарих ғылымдарының магистрі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Бақытжан Ахметбек.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<