«Адал адам» орталықтары немен айналысады?

223

0

Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысындағы 171 мәдениет үйі мен елді мекендерде орналасқан клубтар «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы концепциясының шеңберінде 7 бағытпен биылдан жұмыс жасай бастады.

Жоба жүзеге асырылғаннан бері түрлі форматта мәдени-танымдық шаралар өткізіліп, мәдениет ошақтарының жұмысы қайта жандануда.

Қазір мәдениет үйі мен клуб ғимараттарына «Адал адам мәдени-тәрбие орталығы» атауы ілінді.

«АРТ уақыт» клубы бағыты бойынша шығармашылық үйірме саны артты. Мысалы, биыл мәдениет ошақтарының жанындағы шығармашылық үйірмелердің саны 1032-ні құрады, оған 15 564 адам тартылды. Жоба аясында 55 клубта 78 үйірме, оның ішінде 47 клубта 67 балалар шығармашылық үйірмесі ашылып, оған 1 мыңнан аса бала мен жасөспірім қамтылуда. Бүгінде үйірмелерге қатысатын өнерпаздар облыс орталығында өткен ауқымды мәдени шаралар мен концерттерде өнер көрсетіп жүр.

Жыл соңына дейін 100-ге жуық үйірме ашылып, қосымша 2 мыңнан астам жасөспірімді қамту жоспарланды. Кейбір елді мекендердегі жастар мен тұрғындардың сұранысына сай мобилография курстары мен робототехника сабақтары да тұрақты жүргізілуде.

Бұған дейінгі статистикалық деректер 5-11 сыныптардағы 88 709 бала мен жасөспірімнің шығармашылық үйірмелерге 7,4 пайызы ғана қамтылғанын көрсетті. Жаңа бастамадан кейін көрсеткіш 35 пайызға жетті.

Мәдениет үйлерінің жанынан сол ауылдың, елді мекеннің ерекшелігіне қарай қолөнершілер мен өнертапқыштардың креативті хаб орталықтары құрылды. Апта сайын сауда-жәрмеңкелері ұйымдастырылып, (601 көрме-жәрмеңке), креатившілердің монетизациясына жағдай жасалды.

«Отбасы шуағы» отбасылық дәстүрлі шаралар неке қию, «Алтын той», «Күміс той», «Маржан той» секілді 633 шара  ұйымдастырылды. «Әлем BOOK» жобасы аясында 171 оқырмандар клубы құрылып, 6000-нан аса адам тартылды, 800-ге жуық іс-шара (әдеби оқулар, балалар жазушысы Б.Соқпақбаевтың, Халық жазушысы Ә.Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай қаламгерлердің шығармаларына талдаулар, поэзия сағаттары, т.б.) ұйымдастырылды.

«Сұхбат time» фото-видео подкаст бұрыштары жабдықталып, жастар мен жасөспірімдердің қатысуымен елге сыйлы тұлғалармен, үлгілі әулеттермен, еңбек адамдарымен, мерейлі отбасылармен 533 сұхбат жүргізілді. Апта сайын «Кино time» жобасы шеңберінде тәрбиелік мәні бар ұлттық фильмдердің 1028 көрсетілімі ұйымдастырылды. Әр клубтың жанынан тазалық, қайырымдылық жұмыстарына жұмылатын «Еріктілер клубы» құрылып, 3000-ға жуық адам тартылды. Олар егін науқаны барысында да еңбек жасақтарына бірігеді. Еріктілер тобының қатысуымен 756 акция ұйымдастырылды. Еріктілер «Таза Қазақстан» республикалық акциясына жыл соңына дейін қатысады. Мәдени-көпшілік шараларға, үйірмелерге және шығармашылық тапсырыспен балалар мен жасөспірімдердің 70 пайызы қамтылатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<