Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдепті сақтау жөніндегі негізгі талаптар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» заңының 8-тарауында белгіленген. Ал әдептілік мінез-құлық қағидалары мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде бекітілген.
Әдеп қағидаларын заңнамалық тұрғыдан бекіту жалпыға бірдей қабылданған мінез-құлық стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді. Кодексте мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі рөлі, мемлекеттік қызметшілердің ұстанымдары мен қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін сақтауға ұмтылу қажеттігі айшықталған.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, кішіпейілділік танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға, қоғамдық тәртіпке қол сұғумен ұштасатын мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Сондай-ақ Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің қызмет әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – адал ниет, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі керек.
Белгіленген қағидаттар мемлекеттік қызметшінің атқаратын қызметінің аса маңыздылығы мен оған ерекше жауапкершілік жүктелетінін айқындайды.
Әдеп қағидаттары мен стандарттарының сақталуы қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімінің артуына ықпал етеді.
Эльмира ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің
бөлім басшысы





