Адалдық қағидасынан айнымаған

459

0

Текті әулеттің абыз ақсақалы, отбасының асқар таудай тірегі болған  тұлға Қазыбай Құдайбергеновтің мекені алыс, жұмбақ дүниеге аттанғанына да жылға жуық уақыт болып қалыпты. Иә, «Өмір – самал, ажал – амал» дегендей, барша пенденің арғы дүниедегі бабалар мекеніне бет бұратыны табиғи заңдылық.

Ағамыз қадір-қасиетін жоғалтпай, адал азаматтық көзқарас-қағидаларын ұстанған күйі өмірден өтті. Адамды сырт келбеті, көзі мен сөзінен, жүріс-тұрысы мен қабағынан, көңіл-күйінен-ақ тануға болады десе, соның бәрі туған тегіне байланысты болса керек. Оның тектілігі алдымен туған топырағы – даласынан, жері мен елінен содан соң, әлбетте бабалары мен ата-анасынан дарығаны анық. Шындығында, тегіндегі қалың жұртшылыққа белгілі, кемел кемеңгерлігімен танылып, абырой-беделі тасыған бабалары мен ағалары болғанын баршамыз білеміз. Бұл тұрғыда басқасын айтпағанда, ақын-шайыр Күдері қожа мен дара драматург Қалтай Мұхамеджановтың өмірі, шығармашылығы дәлел болары хақ. Сонан да шығар, өз бойынан буырқанып шыққан ой-толғамдарын баян еткен кітаптар жазып, жан тебірентерлік сырлары мен сезімдерін төккен өлеңдерін шығарды. «Тектіден текті туады» деген қанатты сөздің мән-мағынасы осыдан айқын көрініс тауып тұрғанына тамсана отырып, қайран қаласың.

Құдайдың құдіретімен Қаз-ағамызға Табиғат-ана терең ақыл-парасат, сабыр мен шыдам, кішіпейілдік пен кеңдік, ішкі сұлу мәдениет пен туа біткен ой еркіндігін бергендігі анық байқалып тұратын. Ол өмір жолын ұстаздық етуге, ғылым жолына және қоғамдық қызметтерге арнады. Қоғамдық ортада биік абырой-беделге, зор құрметке ие болып, асқақ мәртебеге қол жеткізді.

Әр пенденің өмірінде қиыншылық пен ауырт­палық болатыны анық қой. «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ» демекші, оның нардың белін қайыстыратын, аспанды жерге қабыстыратын қайғы мен қасіретті басынан өткергенін білеміз. Алдымен аяулы да қымбатты жалғыз ұлы Аронды жер қойнына берсе, көп жылдан соң ұлының қайғысынан сырқат тауып, жаны күйзелген жан жары Жақсан апамыздан айырылып қалды. Осындай ауыр кезеңдерде ішкі жан дүниесі ойран болған ағамыз егілгенмен езілмеді, бөтенге тіс жармай, сыр шашпай, тағдыр соққыларына төзе біліп шыдады, өз қайғысының көлеңкесін өзгеге түсірмеуге тырысты. Тек «Жүрек – жамау, қиял – құз, санам – сағым» секілді өлеңдерінде шерін тарқататын.  Қайран, Қаз-ағам, күпіршілік қылмады, шүкіршілік ете білді.  Мұндай парасат пен сабыр таныту екінің бірінің қолынан келе бермесі анық.

 «Жақсының жауы көп, жаманның дауы көп» деп те жатады ғой. Ағамның жауы көп түгілі, болды деп те айта алмаймын. Бірақ, досының сансыз көп болғанын анық білемін. Себебі, әрдайым үлкенге құрмет көрсетіп, кішілерге қамқор болып жүруі бойына сіңген ерекше әдеттерінің бірі еді. Кейде бас қосылғанда таныс-біліс, әріптес азаматтардың жағдайына жанашырлық танытып, жәрдем беріп, қолдау көрсетуге ықылас танытып отыратын.

Бірде екеуміз орталық мешіттен шығып келе жатқанда алдымыздан бір кісі жолығып, сәлем берді. Сол жерде әлгі кісімен жарты сағаттай шү­йіркелесіп әңгімелесті. «Бұл кім?» десем, қайран ағам «танымаймын» деп қарап тұр. Неткен қара­пайымдылық!

Ағамыз кез келген ортада өзін еркін сезініп, жағымды кейпімен және шешендігімен жұртты баурап алатын. Түрлі оқиғаларды тігісін жат­қызып айтып, адамдарды тамсандырып, ой-пікір туғызатын. Осыдан болса керек, оны танитын да, танымайтын да жандар құрметтеуге ұмтылатын.

Жасы біршама үлкен болғанымен, бір дәуірдің адамы болғандықтан шығар бір-бірімізді оңай түсінетінбіз және мені жақын тартатын. Ол    кісі әрдайым «Бір-бірімізді оқып, бір-бірімізді іздеп жүруіміз керек» деген сөзді көп айтушы еді. Бұл маған тапсырған аманаты секілді көрінетін.   

Фәни тіршілікте өзінің адами қадір-қасиетіне шаң қондырмай, адалдық қағидаларын берік ұстанған ағамыз өмірінің соңына дейін иман­дылық пен парасаттылықтың үлгісі болды. Қайран аға, сіздің сұлу мінезіңіз бен азаматтығыңызды әрдайым сағынышпен еске алып жүреміз.

Ербол ӘБЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы

 Қызылорда университетінің

Доценті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<