Адам құқығы – ең қымбат қазына

1104

0

ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, облыс әкімдігі мен ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы Бағдарламалар офисі және «Winrock International» ХҮЕҰ-ның ұйымдастыруымен облыс әкімдігінің мәжіліс залында «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері. Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері» тақырыбында оқыту семинар-тренингі өтті.

Оған облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисінің жауапты қызметкері Күнсұлу Демеуова және жергілікті құқық қорғау, сот, білім, денсаулық, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет саласының қызметкерлері,  еңбек инспекторлары қатысты.

Семинар-тренингті облыс әкімінің  аппарат басшысы Шахмардан Байманов ашып, сөз сөйледі.

–    Бүгін өңірімізде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев бастаған топ арнайы келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адам құқығы – ең қымбат қазына. Адам құқықтары мен бостандығын, мүдделерін қорғау – Қазақстан саясатының басты бағыты» деп айқындап өтті. Өйткені адамның құқығы мен бостандығы табиғи және ажырамас  жоғары құндылық болып саналады.  Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына жіті мән беріледі. Соның айқын бір көрінісі – Конституциямыздың бірінші бабында  адам құқықтарының сақтау нормасы бекітіліп, 30-бап түгелдей  азаматтардың құқықтары мен бостандығына, мүдделеріне  арналуы.  Бұл демократиялық ашық қоғамда өмірдегі барлық құндылықтың ішіндегі адам құқықтары мен бостандығы  ең маңызды болып саналатынын білдіреді. Демек, адам құқықтары мен бостандығын сақтау тетіктерін іске асыруға, олардың орындалуына кепілдік беруді күшейтуге ерекше назар аударылады. Өздеріңіз білесіздер, адам құқықтарын қамтамасыз етудің басты алғышарты – уақытылы ден қою және анықталған кемшіліктерді ескеру. Бүгінде бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Облыс әкімі жанындағы  адамдарды заңсыз әкетуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия құрбандарға  көмек көрсету бойынша нақты шаралар қабылдап, жұмыс атқарып келеді.

Бүгінгі күні адам саудасына байланысты қылмыстық  құқық бұзушылықтардың алдын алу мен анықтаудың тиімділігін арттыру және мәжбүрлі еңбектің құрбаны болғандарға тиісті деңгейде көмек көрсетілуде. Өңірде 2017 жылдан бері «ҚР арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы» заңнамасына сәйкес адам саудасы құрбандарына 8 бағытта көмек беріледі. Осы кезге дейін аталған қызметпен   82 адам, оның ішінде 32 шетелдік азамат қамтылған. Бұл үшін жергілікті бюджеттен қаржы қаралады, – деді ол.

Семинар-тренинг модераторы, комиссия хатшысы Тастемір Әбішев іс-шараның мақсаты мен маңызына тоқталды.

– Іс-шара барысында Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық механизмдері қалай болуы керек, адам саудасымен күресті қалай жетілдіреміз, оның алдын алуда қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деген сұрақтар төңірегінде пікір алмасып, талқылау жасалады. Екіншіден, өздеріңізге белгілі, 5 маусымда елімізде конституциялық реформа, яғни,  референдум өтеді. Референдум еліміздегі адам құқықтарын қорғауды одан әрі жетілдіруде аса маңызды рөл атқаратын болады. Соның бірі – конституциялық соттың құрылуы. Оның маңызы қандай дегенге тоқталсақ,  елімізде тек Қазақстан азаматтары ғана емес, сонымен бірге азаматтығы жоқ адамдар, босқындар, еңбекші мигранттар да бар. Осы азаматтар алдағы уақытта құқықтары мен бостандықтары бұзылған жағдайда сотқа ғана емес, конституциялық сотқа да жүгіне алады. Бұрын конституциялық кеңеске қарапайым адамдар жүгіне алмайтын. Одан бөлек, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тәуелсіздігін нығайту, өңірлерде олардың өкілдігін ашу көзделуде. Міне, бұл жұмыстардың бәрі адам құқықтарын қорғау механизмін жетілдіруге және нығайтуға бағытталған. Жалпы, семинар-тренингте адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері талқыланады, – деді ол.

Екі күнге созылған семинарда сарапшылар тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салып, қолданыстағы құқық қорғау тетіктері туралы жан-жақты талқылады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<