Қызылордалық сүңгуір Ролан Әбдіқалықов 15 жылдан бергі еңбек жолында 60-70 шақты адамды судан алып шығып, ажалдан арашалады. Бірақ мұны ешқашан ерлік деп есептеген емес. «Бұл – біздің жұмысымыз, міндетіміз» дейді ол.
Кейіпкеріміз судан құтқарғандар арасында жасы бірден асқан баладан бастап жетпістен асқан қарт кісілерге дейін бар. Журналист ретінде бізді қызықтырғаны – «жүзу түгілі жүруді білмейтін бала суда не істеп жүр?» деген сұрақ. Оған кінәлі өзіміз екен. Біздің немқұрайлылығымыз, жауапсыздығымыз. Қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін елемейтініміз.
– Ата-аналар достарымен су жағасындағы демалысқа құндақтаулы бөпесін ертіп барады. Бір жағдай есіме түсіп отыр. Анасы сәбиін құшақтап, суға түспек болғанда аяғы терең жерге тайып кетіп, баланы суға лақтырып жіберген. Көбі баланы қараусыз қалдырады. Үй жағындағы құдыққа түсіп кеткен, жиналмалы бассейндегі суға тұншығып қалған оқиғалар да кездесті, – дейді кейіпкеріміз.
Ролан Әбдіқалықов 2010 жылдан бері қызық әрі жұмысы қауырт салада. Қазіргі күні облыстық ТЖД «Жедел құтқару жасағы» РММ Қызылорда қаласы бойынша сүңгуірлік-құтқару бөлімшесінің басшысы-құтқарушысы. Айтуынша, төтенше жағдайлар көбіне жаз бен қыста көбірек болады. Арнайы орындарда, жабық бассейндерде, құтқарушысы бар орындарда ғана суға түсу керек екенін көп адамның елеп жатқаны шамалы.
– Жүзуден алдына жан салмайтын, республикалық жарыстарда орын алып жүрген бір жігіт «маған үйретпей-ақ қойыңдар, мен бәрін білем» деп тұрғанда суға батып кеткен. Су – тілсіз жау, қанша жерден жақсы жүзсе де жолындағыны жалмап тынуы мүмкін. Терлеп келіп, бірден суға түсуге болмайды. Өйткені беті жылы болғанмен асты салқын. Ол бастың жүйке талшықтарына кері әсер етіп, аяқ-қол тартылып қалады. Мұндайда адам айғайлап та, жиекке шығып та үлгермейді. Суға батып кеткен адамды құтқаруға небәрі алты минут уақыт беріледі. Алты минутта адамның жүрегі тоқтағанмен миы жұмыс істейді. Сондықтан осы уақыт ішінде жүрекке массаж жасап, жасанды дем беру арқылы адамды ажалдан арашалауға болады.
Ал қыста аңшылар мен балықшылар жол қысқарсын деген оймен мұз үстін көлікпен кесіп өтпек болып өмірлеріне қауіп төндіреді. Сондайда мұз ойылып, көлігімен қоса ортасына түсіп кететін жағдайлар кездеседі, – дейді құтқарушы.
Жаз мезгілінде адамның денесі кемі 3-4 күнде су бетіне қалқып шығады. Қиындық тудыратын мезгіл – күз бен қыс. Қыста суға батып кеткен адамдардың денесі көбіне көктем мезгілінде табылып жатады.
– Қайғылы жағдайға жол бермеу үшін жыл он екі ай профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Адам көп шоғырланатын орындарда – вокзалдарда, сауда орталықтары мен базарларда, кинотеатрларда, аң, балық аулау құралдары дүкендерінде халыққа қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіреміз. Оқу орындарында мұғалімдер мен оқушыларға, ата-аналарға интерактивті сабақтар өтеміз, – дейді Ролан Әбдіқалықов.
Биыл елімізді әбігерге салған су тасқыны кезінде кейіпкеріміз де өзге әріптестерінен бірге су басқан аймақтарда жүрді. Төрт айға жуық уақыт бойы үй көрмей, күні-түні халықты қауіпсіз орындарға көшіруге үлес қосты. Ол сүңгуірліктен бөлек үйінде құлыпталып қалған адамдарды сыртқа шығару, жоғалған жандарды іздестіру, жол апаты кезінде көлікке қыстырылып қалғандарды құтқару сияқты жұмыстармен де айналысады. Үздік қызметі үшін түрлі марапаттарға ие болып үлгерген.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<