«Адамды билейтін күш емес, жүрек»

852

0

Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында бар өмірін адал еңбекке арнаған қария Қалдан Шәмшиев тұрады. Осыған орай, Өңірлік коммуникациялар қызметі еңбек адамын насихаттау мақсатында БАҚ өкілдеріне арналған көшпелі брифинг ұйымдастырды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал әлі күнге дейін атқа мініп, көкпар тартып, көлге ау салады.

Қалдан қария 21 жасында екі ортан жілікті қосып сындырған деседі. Жасында жылқышы болған атамыздың тірідей қасқыр ұстағанын көргендер де бар екен. Тіпті жаралы қабанды бір ұрып өлтірген сәтін бүгінге дейін ауыл тұрғындары ауыз толтырып айтады.

«Адамды билейтін күш емес, жүрек»

– Бала кезімнен әкем еңбекке баулыды. Сол адал еңбек етуді бүгінде өз балаларыма үлгі етіп, айтып келемін. Ешқандай спорт түріне қатысып, шыныққаным жоқ. Екінші сыныпта жайдақ шабатынмын. Содан бастап атқа мініп, жылқышы болдым. Жас кезімізде өз замандастарымызбен серке тартатынбыз. Қазір сол атадан қалған дәстүрді жаңғырту, дәріптеу мақсатында жас буынға көкпар тартудың әдіс, тәсілін қолымнан келгенше үйретіп келемін. Бұған қоса, К-700 тракторында жүргізіп, совхоз жұмысында істедік. Қазіргі жастарға айтарым, «Адамды билейтін күш емес, жүрек», – деді Қалдан қария.

Бүгінде ақсақалдың денсаулығы тың, жүрісі ширақ. Ауылда палуандармен қол күрестіріп, дала жұмыстарымен де айналысуда. Бұған қоса, үйінің ауласын гүлзарға айналдырып, түрлі жеміс ағаштарын отырғызған.

Айта кетейік, Қалдан ақсақалдың жеті баласынан 20 немере, 20 шөбере бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<