Әдебиет – әлемді ұйыстыратын күш

29

0

Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты жиын халықаралық деңгейде өтті. Жиынның ашылу сәтінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының Президенті С.Жапаровтың құттықтауын Президент кеңесшісі А.Қойчиев оқып, бауырлас елдің ыстық ықыласын жеткізді.

Мерекелік жиынға Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы С.Раев, Қазақстан Жазушылар одағының бұрынғы төрағалары Н.Оразалин, Ұ.Есдәулет, сондай-ақ Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Еуразия, ҚХР, Башқұртстан, Якутия, Чуваш Жазушылар одағының төрағалары, арнайы өкілдері қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов баяндама жасап, ең алғаш С.Сейфуллин, І.Жансүгіров сынды ұлы тұлғалар негізін қалаған, бүгінге дейін талай-талай сындарлы кезеңді басынан өткерген Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық тарихына шолу жасады. Қазақ әдебиетінің қабырғасында қаламы қалыптасып, алды әлемге танылған көрнекті қаламгерлер туралы айтып, қарашаңырақтың бүгінгі бет-бейнесі, алдағы жоспары, сондай-ақ жүзеге асырыла бастаған тың жобалар жайында сөз қозғады.

– Әдебиет тек қана Астана мен Алматыда жасалмайды. Кең-байтақ еліміздің оқырманы өздері сүйіп оқитын қаламгерлермен жүздескісі келетіні рас. Оған қоса, әр аймақтың өзіндік ерекшелігі тағы бар, оларды Астана мен Алматыда шоғырланған ақын-жазушылар біле бермейді. Сол себепті Жазушылар одағы басқармасының көшпелі пленумдарын облыстарда өткізуді қолға алдық. Бұл бастама өз нәтижесін беріп те жатыр.

Жазушылар одағы өзінің халықаралық байланыстарын да күшейте түсті. Шетелдердегі әріптестерімізбен шығармашылық қарым-қатынас жүйелі жолға қойылып келеді. Басты мақсат – ұлттық әдебиетіміздің ең озық үлгілерін басқа елдерге таныстыру. Осы тұрғыда әлемдік кітап көрмелеріне Қазақстанның әдеби кітаптарын да көптеп қатыстыруды қолға алу керек, – деді басқарма төрағасы.

Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойына ізгі тілектерін арнап, шын мәнісінде, әдебиет әлемді біріктіруге ықпал ететін үлкен күш екенін айтып, осы мазмұндағы ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл тұрғыда қазіргі технологияның қарқынды жетістігі әдебиет өкілдерінің өзара тұрақты байланыс орнатуына зор мүмкіндік екені айтылды.

Түркия Жазушылар одағының бас төрағасы Мұса Қазым Арыджан «Қазақстан Жазушылар одағы қазақ халқының ой әлеміне, тарихына, мәдениеті мен өнеріне, сондай-ақ түркі әлемі әдебиетіне үлкен үлес қосып келеді. Көркем сөзге бай әрі озық дәстүрге ие қазақ әдебиеті халқының ұлттық рухын сақтап, келешекке жеткізуді басты мақсат етіп, өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты байланыстыратын жоғары деңгейдегі әдеби шығармалар ұсынды» деп атап өтті. Осы орайда жалпы түркі әдебиетінің ертеңі үшін қазақ елімен әрдайым ынтымақтаса еңбек етуге ықыласты екенін аңғартты.

Жиын аясында тұңғыш рет «Асыл сөз» әдеби сыйлығы, сондай-ақ түрлі аталымдағы жүлделер табысталды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<