«Әдебиет теориясы» дәрісханасы ашылды

5

0

Белгілі ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрбозұлының «Ғазиз жүрек», «Ұстаз ұлағаты», «Ізденіс іздері» және «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» атты еңбектерінің тұсаукесері өтті.

Айта кетейік, автордың бұған дейін 10 монография, бірнеше әдеби-публицистикалық кітабы жарық көрген. Сонымен қатар, ғалымның  редакторлығымен жарыққа шыққан 200 томдық «Сырдария кітапханасы» Сыр руханиятына қосылған сүбелі үлес десек болады.

Әдебиеттанушының оқырманға жол тартқан жаңа туындысы – «Сыр өңірінің фольклорлық анто­логиясы» үштомдық жинағы. Бірінші то­мы­на Жанқожа батыр туралы тарихи жырлар (құрас­тырып, баспаға дайындаған С.Қосан), екінші томына Сыр өңірінде тараған аңыз-әңгімелер (құрастырып, баспаға дайындаған Ғ.Тұяқбаев), үшінші томына қисса-дастандар (құрастырып, баспаға дайындаған Н.Нұрмаханов) жинақталған.

Кітаптың тұсауын кескен кәсіпкер-меценат, «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат», І дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Самұрат Имандосов ғалым Бағдат Кәрібозұлымен достық, сыйластық қарым-қатынасы жайлы әңгімеледі. Қалам иесінің ұстаздық, жазушылық, зерттеушілік тұрғыдағы  терең ізденіске толы еңбегін атап өтіп, әдебиет пен ғылымдағы жетістігіне биік баға берді.

Кеште қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі  Асыл Оразованың автор атынан Сыр-анамен сырласу мазмұнында дайындаған монологын университет түлектері нақышына келтіре оқып, тыңдаушылардың көңілін  толқытты.

Жиын модераторы филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Тұяқбаев Бағдат Кәрібозұлының үш кітабын әдебиетке, ғылымға, ұстазы Зейнолла Қабдоловқа деген құрметі, ел алдындағы перзенттік парызына деген адалдығы мен жауапкершілігі деп атап өтті.

Автордың 2025 жылы баспадан шыққан «Ұстаз ұлағаты» еңбегі ұстаз бен шәкірт арасын жалғап тұрған ізгі ниет, ыстық ықылас, шынайы құрметтің айғағындай. Бұл туынды жайында университет профессоры, «Парасат» орденінің иегері Ұлжан Жанбершиева талдау жасап, қазақ  ғылымының заңғар тұлғасы Зейнолла Қабдоловтың шәкірті бола жүріп, ұстаз ұлағатын бүгінге жалғап келе жатқан Бағдат Кәрбозұлының тағылымға толы танымдық еңбегін жоғары бағалады.

Қаламгердің жуырда ғана жарыққа шыққан «Ізденіс іздері» атты еңбегі туралы шәкірті, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлзира Оралова ғылыми талдау жасап, кітап мазмұнын жан-жақты таныстырды. Жаңа туын­дыда жанр теориясы мен поэзиядағы ұлттық характер мәселелері ғылыми тұрғыда сараланғанына тоқталып, әсіресе, әдебиет әлеміне қадам басқан шәкірттер үшін құнды дерек көзі екенін атап өтті.

Жиын барысында профессордың 2024 жылы жарық көрген «Ғазиз жүрек» кітабы адамгершілік пен парасаттылықты өмір философиясына айналдырған туынды екені айтылды.

Сыр өңірі ғана емес, жалпы қазақ әдебиетіне қосылған рухани танымдық дүниелер жайында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің құрметті профессоры, техника ғылымдарының докторы Қылышбай Бисенов, саяси ғылымдар докторы Мұрат Бақтиярұлы, техника ғылым­дарының докторы Серікбай Қошқаров, мемлекет және қоғам қайраткері Әріп Қожбанов пікір айтты.  Олар ғалым ұстаз, қаламгер Бағдат Кәрбозұлының еңбектеріндегі қазақ фольклорына қатысты айқын деректер мен ғылыми тұжырымдар болашақта да тың ізденістерге бастау болатынына сенім білдірді.

Ғалым еңбегіне көрсетілген құрметтің көрінісі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің бірінші ғимаратында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрбозұлы атындағы «Әдебиет теориясы» дәрісханасы ашылды.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, аймақ басшы­сының құттықтауын жеткізді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»