ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет саласындағы бақылауды жүзеге асыру. Бұл ретте азаматтармен бірге мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарын қорғау, ал бұзылған жағдайда қалпына келтіру департаменттің негізгі қызмет бағыттарына жатады.
Мысалы, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің шешімдері негізінде кодекс талаптарын бұзғаны үшін 2 мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 3 мемлекеттік қызметші әртүрлі тәртіптік жазаларға тартылса, 1 тәртіптік істің қаралуы тоқтатылған.
Атап айтсақ, департаменттің қарауына түскен Шиелі ауданының тұрғыны Е.-нің шағымы негізінде Қызылорда облысының білім басқармасына қарасты аудандық білім бөлімі басшысының әрекетіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Шағым иесі аудандық білім бөлімі басшысының жеке қабылдауында болған кезде оның дөрекілік танытып, ар-намысына тиетін сөздер айтып, сыпайылық танытпағаны үшін шара көруді сұраған. Осы уәждерді нақтылау мақсатында бөлім басшысынан түсініктеме алынып, онда ол Е.-нің шағымында көрсетілгендермен келіспеген. Дегенмен, Е. ұсынған аудиожазбаны зерделеу барысында аудандық бөлім басшысы әдептілік нормаларын сақтамағаны белгілі болды.
ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 6-тармағының 4) тармақшасында «Мемлекеттік қызметшілерге азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы тиіс» деген талаптар қойылған.
Тексеру нәтижесінде жинақталған дәлелдер арқылы бөлім басшысының мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын бұзылуына жол бергені анықталды.
Аталған факті бойынша бөлім басшысына қатысты тәртіптік іс қозғалып, Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралып, кеңес шешімімен оған «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану ұсынылды.
Шешімді қарау нәтижесінде Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының 2025 жылғы 14 мамырдағы №50-ж/қ бұйрығымен аудандық бөлім басшысына «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Сөйтіп, Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен Е.-нің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар, департамент мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесіне тоқсан сайын талдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Талдаудың нәтижесімен 4 мемлекеттік қызметшіге қатысты заңсыз қабылданған тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтардың күші жойылып, олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Бұдан бөлек, жұмыс уақыты режимінің бұзылуының алдын алуға және оған жол бермеу мақсатында 11 мониторинг жүргізіліп, 11 үстеме жұмыс жасау фактісі анықталды. Департаменттің хаты негізінде 51 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, оларға 117 демалыс сағаты берілді.
Департамент өткен жылдың қорытындысымен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілеріне сыйақы беруде заңдылықтардың сақталуына талдау жүргізді. Талдау нәтижесімен 6 мемлекеттік қызметшіге негізсіз сыйақы берілмегені, олардың құқықтары бұзылғаны анықталды. Осы мәселе Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, қабылданған шешім негізінде 6 мемлекеттік қызметшіге сыйақы төленді.
Департамент алдағы уақытта да өз міндеттеріне сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалардың сақталуын бақылаумен қатар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарының бұзылмауын қадағалайтын болады.
Е.МЕНДАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы





