Әдеп жөніндегі уәкіл туралы не білеміз?

129

0

Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын бақылайды және өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация береді. Биыл бұл институттың енгізілгеніне 8 жыл болды, яғни Әдеп жөніндегі уәкілдер өз қызметін бекітілген ережеге сәйкес жүзеге асырып келеді.

Осы ретте облыс әкімі аппаратында Әдеп жөніндегі уәкіл дербес лауазымы енгізіліп, аталған лауазымда Шәкірбаев Мақсат Сәмитұлы қызмет атқаруда. Сонымен қатар, облыстағы жергілікті атқарушы органдарда 10, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде  17 мемлекеттік қызметші Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін қосымша атқарады.

Оның ішінде, лауазымдық бөлініске келетін болсақ, Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі 7 аппарат басшысына, 1 департамент басшысына, 11 басшы орынбасарына және 8 өзге лауазымдарда қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшіге жүктелген.

Қазір  облыста Әдеп жөніндегі уәкіл дербес лауазымында 1 мемлекеттік қызметші қызмет атқарса, 27 мемлекеттік органда әдеп жөніндегі уәкіл қызметіне сол мемлекеттік органдардағы ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшілер лайық деп танылған. Өз кезегінде, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті Әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысына жетекшілік жасайды.

Әдеп жөніндегі уәкілдер ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың дұрыс болуына тікелей жауапты. Ол үшін әр ұжымда тұрақты түрде сауалнама өткізіліп тұрады. Осы жылы 37 сауалнама өткізілген, нәтижесінде моральдық-психологиялық ахуалдың төмен көрсеткіштері тіркелмеген. Уәкілдер атқарған жұмыстарға баға берген кезде аумақтық департамент мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жазаға тартылу деректеріне, мемлекеттік орган мен қызметшінің әрекетіне қатысты жарияланған бұқаралық ақпарат құралдарындағы сыни мақалаларға да мән береді.

Енді өңіріміздегі мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігіне тоқталсақ. Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі – құқықбұзушылықтарға төзбеушілік. Өткен жылдың қорытындысын алып қарайтын болсақ, 1-тоқсанда  222, 2-тоқсанда  229, 3-тоқсанда 121, 4-тоқсанда  138 қызметші түрлі тәртіптік жазаға тартылған. Ал 2024 жылдың 1 тоқсанында бұл көрсеткіш 166-ны құрады.

Қызметшілердің әдеп нормаларын сақтамағаны үшін өткен жылы 3 және мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары үшін 4 қызметші, осы жылдың өткен кезеңінде әдеп нормаларын сақтамау 1, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол беру бойынша 1 қызметші жазаланған.

Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда тәртіптік жазаға тартылған қызметшілердің саны азайғаны байқалады. Дегенмен,  келтіріліп отырған деректер Әдеп жөніндегі уәкілдердің құқықбұзушылықтарға төзбеушілік бағытындағы қызметтерінде әлі де болса кемшіліктердің бар екенін аңғартады. Аталған талдау қорытындылары осы жылдың мамыр айының соңында Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында талқыланды.

Кеңес төрағасы талдау қорытындыларына бөлек-бөлек тоқталып, мәжіліске шақырылған Әдеп жөніндегі уәкілдерге көрсетілген бағыттар бойынша жұмысты күшейту қажеттілігін тапсырды. Кеңес соңында төраға аталған мәселелерге 6 айдың қорытындысымен қайтадан оралатынын, әрбір уәкілдің жұмысына сол кезде баға берілетінін жеткізді.

Агенттік және аумақтық департаменттер алдағы уақытта да Әдеп жөніндегі уәкілдер институтын жетілдіру бағытында тиісті жұмыстарды жалғастыра береді.

Ерлеген Меңдалиев,

облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<