Әдептілік – адамгершілік бастауы

2476

0

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің моральдік-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақстында Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже талабына сай, мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп жөніндегі уәкілдер бекітілген.

Мұндағы мақсат «Аға әдепті болса, іні әдепті, Апа әдепті болса, сіңлі әдепті» демекші, барлық мемлекеттік қызметшілерді қызметі барысында және одан тыс уақытта адамгершілік қасиеттерін жоғары қоюға, әдепті болуға шақыру. 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен министрлікке қарасты мемлекеттік органдар тарапынан да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмаудың түрлі тетіктері қарастырылып, іске асырылуда. Әсіресе мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің азаматтарға кедергісіз, мерзіміне, сапалы көрсетілуі басты назарда.

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы әдеп жөніндегі уәкіл – әрбір қызметшінің сөзі мен ісіне моральдық бақылау жасап, оның адамгершілік қасиетіне баға беріп отыратын болғандықтан, уәкілдің өзінің ары мен ішкі жан-дүниесі таза болуы қажет.

Жалпы әдеп немесе «этика» термині ұлы ғалым Аристотельдің еңбектерінде де көптеп кездеседі. Оның айтуынша, мемлекет басындағы заң шығарушының міндеті – азаматтарды жақсы қылықтарға, ізгі ниеттілікке үйретіп, оларды тек игілік істерден ғана ләззат алатындай дәрежеге жеткізу. Сондай-ақ жоғарғы мінез-құлық қасиеттерінің әрқайсысы – біріне-бірі қарсы екі түрлі ұшқары қылықтың аралығында. Бұл ұшқары екі қылықты да теріс қылықтарға жатқызған. Атап айтқанда, батылдық – қорқақтық пен басбұзарлықтың аралығы, сыпайылық – ұялшақтық пен ұятсыздықтың, мырзалық – сараңдық пен дүние шашушылықтың аралығы т.с.с. тізіп алып кете берген.

Ал, ең жақсы адам – ұлылық дәрежесіне жеткен кең пейілді, қайырымды адам, ол өзін мақтағанды, басқа біреуді жамандағанды сүймейді, өзінің күштілігін әлсіздердің арасында көрсетпеуге тырысады. Оның көңілі пайдалыға емес, тамашаға, сұлулыққа ғана ауады. Қайырымды, ақ пейілді кісінің жүрісі жайлы, даусы төмен, сөзі мазмұнды болуға тиіс деп ой түйген.

Қарап отырсаңыз оның ой пайымы қазіргі заманғы нағыз мемлекеттік қызметшілердің бет-бейнесін сипаттағандай.

Қазіргі таңда Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясында да мемлекеттік қызметшілер арасында әдептілік туралы түсіндірме, сауалнама жұмыстары жиі жүргізіліп отырады. Инспекцияның мемлекеттік қызметшілері тарапынан әдепсіздік әрекеттері орын алып жататын болса, арнайы сымтетік арқылы хабарлауға немесе әр айдың соңғы дүйсенбісінде әдеп жөніндегі уәкілдің қабылдауына келуге болады.

М.И.ӨМІРӘЛИЕВ,

Арал-Сырдария облысаралық балық

шаруашылығы инспекциясы басшысының

орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкілі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<