Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында облыстық соттың құрылғанына 85 жыл толуына орай салтанатты шара өткізілді. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, сала қызметкерлері мен ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды облыстық соттың 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдарын құру, қалыптастыру – демократиялық, құқықтық мемлекетті нығайтудың басым бағытының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстемдігі берік орнығады. Реформалар да табысты жүзеге асырылады. Түптеп келгенде, бұл азаматтардың тұрмыс сапасы мен қауіпсіздігіне оң әсер етеді», – деп реформалардың маңызын атап өткен болатын. Облыстық сот әділдік қағидасының өміршең болуы жолында нақты істерді жүзеге асырып келеді. Облыстық сотқа ұзақ жылдар басшылық еткен Сейдағали Елшібаевті, Жұматай Ерімбетовті, тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында төрағалық еткен Бекзатхан Асқаров, Мерғали Ыбыраевты, осы салада еңбек еткен өзге де ағаларымызды құрметпен еске аламыз, – деді облыс әкімі.
Салтанатты жиында аймақ басшысы сала ардагерлері мен қызметкерлеріне Құрмет грамотасы мен Алғыс хат, «Құрметті судья» атағы мен өзге де марапаттар табыс етті.
Облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев облыстық соттың құрылу тарихы, қалыптасу, азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы айтты.
Мерейтойлық шарада облыстық соттың отставкадағы судьясы Аманкелді Әнуарбековке «Құрметті судья» атағы берілді. Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен сала ардагерлеріне ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалі табысталды.
ҚР Судьялар Одағының Орталық Кеңесінің мүшесі, ҚР Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы Владимир Борисов облыстық сот тарихында білімі мен өмірлік тәжірибесі мол, адамгершілік, әділдік, ізгілік қасиеттерін биік қойған бірқатар аға буын өкілдерінің еселі еңбегі жайында ой қозғады. Ол ҚР Судьялар Одағының «Жеті жарғы» төсбелгісімен сала ардагерлерін, судьяларды марапаттады.
Салтанатты шарадан бұрын «Жаңа Қазақстандағы сот жүйесін жетілдіру» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Облыстық сот және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ұйымдастырған шараны облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов жүргізіп отырды. Ол соттың әрбір шешімде адам тағдыры тұрғанын, сот төрелігін жүргізетін судьялардың мәртебесі арнайы заңмен айқындалғанын атап өтті.
Облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев конференцияның мақсаты – сот төрелігін іске асыру бойынша өзара тәжірибе алмасу, заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылау, алдағы басымдықтарды анықтау екенін жеткізді.
– Сот жүйесін үнемі жетілдіріп отыру қоғамның дамуына әсер етеді. Осы мақсатта ауқымды реформалар жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде сала бойынша дауларды жан-жақты және объективті қараудың озық тәжірибесі қалыптасты, – деді облыстық сот төрағасы.
Конференция барысында онлайн түрде Ресей халықтар достығы университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Людмила Букалерова баяндама жасады. Сондай-ақ, Ташкент мемлекеттік заң университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Лейла Бурханова құқықтық реттеудің өзекті мәселелеріне тоқталды.
Конференция барысында Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірәсілов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған професссоры, заң ғылымдарының кандидаты Несібелі Қалқаева сот билігінің тәуелсіздігі мен ҚР заңнамасы бойынша процестік келісімді институцияландыру мәселесін көтерді.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<