Әйеліне айыппұл салған «гаишник»

1943

0

Ол Тәжікстанға ғана емес, бүкіл КСРО бойынша «мұрты ең ұзын гаишник» ретінде танылды. Бір қызығы, жол ережесін бұзғандарға ол айыппұл салғанда еш ренжімейтін, қайта «бұл жақсы ырым» деп есептейтін.

Кейіпкеріміз Молда Нұров туралы әлі күнге дейін аңызға бергісіз әңгіме айтылады. Оның республика басшыларының біріне жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл салғаны, тіпті өзінің әйеліне де айыппұл салғаны жыр қылып айтады. Майор Нұров туралы айтқыштар қосып айтса да шындық деп есептейді. Халық оны қолы мен ары таза милиция офицері санайды, өмірінің сонына дейін антына адал болып кеткендігін біледі.

Атақты МАИ инспекторы Молда Нұров Тәжікстанда 1936 жылы шағын қышылақта дүниеге келді. Азан шақырып қойған есімі – Ермахад. Құранды 8 жасынан бастап жатқа айтқандықтан молда атанып кеткен. Кейін паспорт алғанда осы атымен жазылады.

Ол кішкентай кезінен еңбекқор болып өсті, қасапханада істейтін әкесіне көмекші болды. Мектеп бітіргесін ДОССАФ-қа қарасты автомектепте оқып, жүргізуші куәлігін алды. Отан алдындағы борышын Қазақстанда өтеді. Байқоңыр (ол кезде Ленинск) қаласында құпия ұшу нысанында жүргізуші болғаны айтылады. Кейін қоғамдағы жариялылыққа байланысты бәрі ашық айтыла бастағанда Байқоңырда болғанда кеңестік ракета құрылысының бас конструкторы С.Королевтің жүргізушісі болғандығын айтты. Әскер қатарынан келгесін «Таджикматлубот» кәсіпорнынына жүргізуші болып жұмысқа тұрды. Бірде іссапарда жүргенде оны МАИ инспекторы тоқтатып, жол ережесін бұзбаса да айыппұл салады. Бұл оның өмірін оның күрт өзгертіп жіберді.

Енді Молда Нұровтың бар арманы МАИ қызметкері болу болды. Құжаттарын әзірлеп, комиссиға кіргенде бәрі сәйкес келгенмен бойының аласасығы  кесірін тигізеді. Сонда ол: «Сіздер маған мүмкіндік беріңіздерші, кішкентай ағаттық жіберсем, өзім-ақ шығып кетемін», – деп құлшынады.  Ақыры жанары от шашып тұрған жігерлі жігітке сенім көрсетілді, ол органға қабылданады. Осылайша, тәжіктердің астанасы Душанбе (бұрынғы Сталинобад) қаласындағы көшелерде КСРО-дағы ең адал «гаишник» пайда болды.

Енді инспектор Молданың атақты мұртына келейін. Бастапқыда басқарма бастықтары оның мұртына тиісіп: «убрать муссор под носом» деп бұйрық бергесін амалсыз бірде қырып, бірде өсіріп жүрді. М.Нұровтың адал «гаишник» екені белгілі бола бастаған уақыт еді. Бірде, өзін таныстырып болып, айыппұл салғанда жүргізуші күңкілдеп: «мен айыппұлды сіз Нұровпын деп өтірік таныстырмасаңыз да төлеймін ғой. Мені инспектор Нұровты танымайды дейсіз бе? Оның мұрты бар ғой» дегенде, қызметтік куәлігін көрсетеді де, «енді мұртымды қырмаймын» деп іштей өзіне серт береді. Молданың мұрты ұлттық бренд екенің білген соң басшылар да мазаламайтын болды.

Қызығы, инспектор Нұровтың мас жүргізушілерді тексермей-ақ машинаны жүргізуінен білетін ерекше қабілеті болды. Бір жолы бұған күмәнданған қызметтестері бәстеседі. Кезекшілікте 3 шоферді көлікті жүргізуіне қарай тоқтатқанда, үшеуі де рулге мас күйінде отырғаны анықталады. Бәс тіккен қызметтестері екі қолдарын жоғары көтеріп жеңілгендерін мойындады.

Ол қызметтегі 33 жыл ғұмырында 14 мың мас жүргізушіні анықтап, айыппұл салған екен. Бұл рекордтық көрсеткішті кеңестік кезеңде де, қазіргі кезде ешкім қайталамаған. Адалдығына бәрі сенетін. Үлкен ұлы Анвардың айтуынша, әкесі жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын адам болыпты. Бірде әкесі кешкі асқа отырғалы жатқанда телефон шырылдайды. Ар жақтан аэропорт жақта жол көлік оқиғасы болғанын, жүргізушінің хаттамаға қол қоймай, мұның келуін талап етіп отырғанын айтады. Салып ұрып сонда жетеді. Барса жол көлік оқиғасына кінәлі ірі фабрика директоры екен, бірақ ол бар кінәні жас жүргізушінің мойнына ілмекші болып хаттама толтырып қойыпты. Сол жерде әділдікті дереу орнатып, қызметтестері басқа хаттама толтыруға мәжбүр болды.

Енді, өзінің әйеліне қалай айыппұл салғанына келейік: бұл туралы ұлы Анвар: «Жұмысқа асығып бара жатырып, көшенің жаяу жүргіншілерге өтуге болмайтын жерден өтіп кеткенде, әкем ысқырықпен тоқтатып, шешемнін қарсылық білдіргеніне қарамастан айыппұл салды. Үйге келгесін де өкпелеп тіл қатыспай жүрді. Әкем үшін қызмет бабында «өзім» және «өзге» деген түсінік жоқ екенін біліп, екі күнен кейін қайтадан сөйлесіп кетті», деп еске алады.

Одан кейінгі жағдай көбіміздің көз алдымызда, КСРО тарап кеткесін барлық ірі қалаларда криминалдық жағдай қалыптасты. Бопсалаушылар (рэкет) бас көтеріп, берекетсіздік белең алды. Бір кездегі қонақжайлығымен аты шыққан ел астанасы Душанбеде криминалды топтар арасында табыс түсіретін нысандар үшін атыс болуы қалыпты жағдайға айналды. Заман өзгерді, ары таза адамдардың орнына «қулығына құрық бойламайтындар» келе бастады. Туған-туыстары Молдаға «жасың келіп тұр, отставкаға шық» дей бастады. Күн сайын жұмыстан ұңжырғасы түсіп келетін болды, сондай күндердің бірінде оңашада әйеліне: «Мен қызметімнен қалай кетем, қарамағымда өз балаларымдай 33 балам бар ғой», деді. Кезінде мас болып рульге отырғаны үшін айыппұл салғандардың ішінде қылмыстық әлемнің серкелері де бар еді, солардың тарапынан талай қоқан-лоққы көрсе де алған бетінен қайтқан жоқ.

«Аңдыған жау алмай қоймас» деген, 1992 жылдың 2 желтоқсанында ол қызметінен оралған жоқ. Ертеңіне қала сыртында қызметтік автокөлігінен  денесі табылды. Қала сыртына қашқан болып, алдынан күтіп алғаны анықталды. Табельді қаруын алмай кеткеніне қарағанда өзін аңдып жүрген дұшпандары екені белгілі болғанмен, қылмыс ашылмай қалды.

Ел бойынша кезінде «мұрты ең ұзын және ең адал гаишник» деп жарыса жазған «Правда» мен «Известия» газеттерінен бастап барлығы МАИ инспекторы майор Молда Нұровтың қаза тапқанын жазуы халықтың ашу-ызасын тудырды. 1994 жылдан бастап республика ішкі істер министрлігі  қаза тапқан күніне байланысты үздік МАИ инспекторларына М.Нұров атындағы медаль табыс етіледі.

КСРО бойынша №1 «гаишник» атанған ол балаларына ақша жинағын, автокөлік немесе сәулетті үй қалдырмады, адал азамат деген атын ғана қалдырып кетті. Ұл-қыздары Максуда, Мавджуда, Анвар, Малохат, Мохира, Саехаттың барлығы жоғары білім алып, түрлі салада әкесі сияқты халқына адал қызмет етуде. Жылда әкесі қайтыс болған күні ақын Тұрсынзада атындағы көшедегі қара шаңырақта бас қосып, әкесіне құран аяттарын бағыштайды. Бәлкім, «адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы шығар…

Бақытжан ТҮМЕНБАЕВ,

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<