«Әке – отбасы тірегі» спорттық сайысы өтті

870

0

Биыл елімізде алғаш рет маусым айының үшінші жексенбісі – Әкелер күні болып мерекелік күнтізбеге енгізілді. Жалпы отбасының беріктігі ер-азаматқа тікелей байланысты. Халқымызда әкені ерекше құрметтеп, мәртебесін жоғары қою дәстүрі орныққан.

Бүгінгі атаулы күнге орай қаладағы Тұңғыш Президент саябағында «Әке – отбасы тірегі» атты спорттық сайыс өтті. Сайыс мақсаты— әке мен балаларды бір мақсатқа жұмылдыру, отбасындағы береке-бірлікті нығайту.

Шараға Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов қатысты. «Әкелер Одағы» ҚРҚБ Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысы Ержан Ескендір қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Әкелер күні тек мереке ретінде ғана атап өтілмеуі керек деп есептеймін. Өйткені ер-азаматтар өз отбасына көңіл бөлу, ұл-қызды тәрбиелеу арқылы ұлтты тәрбиелейді. Әкелердің мәртебесін көтеру және оларға қолдау білдіру баршамыздың парызымыз деп білемін. Бүгінгі сайысқа қатысушы барша әкелерге сәттілік тілеймін!, – деді Ержан Ескендір.

Белсенді әкелер мен олардың балалары қатысқан спорттық сайыста түрлі салада қызмет ететін жалпы саны 18 команда (18 отбасы) өзара бақ сынасты. Олар ұлттық ойындардың бірі — «Асық ату» және «Көңілді эстафета» бойынша жарысты.

Айта кетейік, Әкелер күніне орай 17-18 маусым күндері Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда әртүрлі форумдар, көңілді спартакиадалар, жиындар және танымдық кездесулер өткізілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<