Әкеге қарап ұл өсер

808

0

Тәуелсіздік кезеңінде ұлттық дәстүрге қанық, ұлағатқа құлағы ашық, елшіл, еркін жастар шоғыры өсіп шықты. Тоқсаныншы жылдардағы тосын келген қоғамдық дағдарыс, нарық талаптары оларды ерте есейтіп жіберді. Сондықтан олар еңбектің қадірін сезініп, үнемшілдікке үйренді, барды бағалай білді.

Облыстық мәслихаттың депутаты, қызылордалық кәсіпкер Нұрболат Ибраев – дәл осы құндылықтарды бойына тоқып өскен ұл.

Біз жас азаматпен жұмыс бабында жолығып, әңгіме құрған едік. Сол әңгіме-сырдың мазмұны – мынау.

Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында Меккеге жеті жыл жаяулап жүріп барып келген Нұрмырза деген кісі болыпты. Елге келгесін бұл кісі бақытты ата, оның балалары да бақытты болады деп, жұрт оны «Бақтыата» атап кетіпті. Бұл – қазіргі Шиелі ауданынан төменгі ағысқа қарай отыз шақырым дарияның сол жағасындағы жер атауы. Дәл осы жерде Ыбырай деген қадірлі ақсақал өмір сүрген. Оның төрт баласы бірдей соғысқа кетіп, екеуі елге оралыпты.

Сол екі ағайындының бірі, бір емес, үш соғысқа қатысқан Сүлейменнен туған Балтабай мектептің жетінші класын бітірісімен трактор руліне отырған.

Сондықтан ол кісі техниканың тілін жақсы білген. Дәуіт пайғамбардан қалған кәсіп деп темірдің өзін қадірлеп, кірлетпей ұстаған, токарьлық жұмыстың шебері болған.

Нұрболат бала кезінен әкесінің қолынан май, маңдайынан тер тамшылап жүріп істеген бейнетін көрді. Әкесі АТП-да токарь болып жүргенде мекеме тарап, техниканың бәрі жұмысшылардың үлесіне беріліпті. Сол кезде әкесіне темір жонатын станок, қа­шауыш, балға, төс сияқты құрал-жабдық бұйырыпты.

«Қиын кездерде әкем ағаш ұстасы, электрик, қарауыл болып бірнеше жерде жұмыс істеді, – дейді Нұрболат, – Сосын темір жонып, техниканың ескі бөлшектерін жаңалап базарға апарып сатты. Сол кезде дүкендерде түк жоқ, жұрт май мен шайдың өзін Түркістан жақтан тасып жүрді. Мен соның бәрін көріп өстім. Өзім төртінші кластан бастап саудаға үйрендім. Өйткені, мектепке киетін киімдерімді алатын ақша тапқым келді.

Қаланың орталық алаңында мерекелік шаралар болғанда қолында бар туыстарымнан қиылып сұрап алып, конфет саттым, балмұздақ саттым».

Иә, қаршадай баланың ойнайтын кезде ойлайтын іске бел байлауы айтуға оңай. Ол ол ма, Нұрболат есіктің алдынан ағып тұрған жерасты суын пластмасса ыдыстарға құйып, күн ыстықта жайма базарда отырған саудагерлерге апарып та сатқан. «Нукаш, есігіңнің алдындағы су минералды судан кем емес, соны сат», – деп бір ағасы ақыл айтқан.

Берген ақылды жерге тастайтын бала бұл емес. Дереу баклашка жинай бас­тады, олардың өзін 1 теңгеден сатып алды. Сонда дүкендегі «Тау», «Алекс» деп аталатын су 40-50 теңге, ал, жұрт Нукаштың суын 25 теңгеге ойланбай алады.

Әкесі Қараөзек жақтан егін екті, үйде уақ мал да бар. Әйтеуір, күні еңбекпен өтті, жұрттың баласы ойнап жүргенде ол қаланың сыртына мал жайып жүретін.

Кейін ойлап отырса, сонда әкесі балам бос жүріп, босбелбеу болып қалмасын деген екен.
Сауда деген аттай желіп кете бермейді, бірде жүреді, бірде жүндей түтеді. Екімы­ңыншы жылдардың басында сауда нашарлап кетті.

Сататын тауар табылмады, ол тұрмысқа қатты соққы болып тиді. Бұрын әкесі арқылы осы кәсіпке үйренгендер бір-бір дүкен ашып алып, «төркінін танымай кетті». «Жат та жаныңды қарман» деген, осы уақытта анасы да араласып, Ташкент жақтан қосалқы бөлшектер тасыды. Нұрболат сонда техникумда оқитын. Әке-шешем дедектеп жүргенде маған оқу не керек деді. Бір күні сабағын жиып қойып, арба сүйреп тағы да базарға шықты.

Сөйтіп, темір-терсек сата бастады. Жан-жағындағылардың алушылары көп, өйткені, тауары да көп. Сондықтан кешкі сағат алты болса, жиналып қайтып кетеді. Нұрболат қас қарайғанша отыра береді, бір затым өтсе де пайда ғой дейді. Әр нәрсенің қайыры бар, сол шыдамдылығы ақыры табыстың кілті болып, жақсы жандарға жолықты. Солармен бірлесе жұмыс істеп, саудасы жүрді.

Бір күні колледж шақыртты. «Қанша уақыт сабаққа келмегенсің, оқудан шығасың», – деді мұғалімі. «Шығара беріңіз», – деді. «Кеңдік жасаңыз, кешіріңіз, енді сабақтан қалмаймын» деген сөздерді күткен мұғалімі таңғалды. «Неге?», – деді жұмсақ сөйлеп. «Мен жұмыс істеп жүрмін». «Оныңды қолдаймын, оқудан шықпай-ақ қой, тек білімнің де керек екенін ұмытпа, сынақтарыңды мезгілінде тапсырып тұр», – деді мұғалім. Сол кісі ақылды адам екен, білім де керек, еңбек те керек. Соған мүмкіндік жасады. Қазір техника ғылымдарының ма­гистрі, құрылысшы мамандығын алды, сырттай заңгерлік оқуды да бітірді.

Өмір солай жалғасты. 2006 жылы «Ну­каш-7» деп аталатын өзінің жеке кәсіп­кер­лігін ашты. Келе-келе оны дамытып, «Авто-лидер Қызылорда» серіктестігін құрды.
Әкесінің жолын ұстады. Жүк автокө­ліктерін қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етумен айналысты. Бөлшектерді бір қиыр­дан алып келіп, мекемелерге қарызға береді, олардың жұмысын тоқтатпайды. Кәдімгі инвестордың қызметін атқарады. Қалайда жұртқа пайдасын тигізуді ойлайды.

Бала кезінде қала сыртында мал бағып жүріп, мына жерге көше, мына жерге көп үй саламын деп армандайтын. Ол үшін әкім, депутат болуым керек деп қоятын. Сол мал бағатын жері қазір қаланың іші болып кетті.

Қоғамда мәселе көп, оның бәріне бір кәсіппен шешім таба алмайсың. Ендеше, балалық арманын іске асыратын кезі келгендей. Нұрболат осы оймен 2016 жылы қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Депутат дегенің құзырлы орынға жүз ауызбен айтатын сөзді бір ауызбен жеткізу. Жай жеткізу емес, сол мәселені мейлінше өз мұқтажындай сезіне білуі керек. Айту бар да, орындау бар.

Мұнан соң Қызылжарма ауылдық ок­ругіне әкім болып сайланды. Негізі ар­мандаудың орындалуы бір арман. Осыған келгенде Нұрболат қиындықпен өткен бала күніне, риясыз армандарына риза. Мемлекеттік қызмет оны дұрыс жүру, ойланып сөйлеу, әркімнің әр түрлі көзқарасын сыйлай білу дағдыларына үйретті.

Бүгінде «Орда-автодор» серіктестігін бас­­қарып, жүзге тарта адамды жұмыспен қамтып отыр. Осынша жұмыскерге нәпақа тауып беруді міндетім деп санайды. Одан басқасы өз алдына.

2018 жылы әкесі өмірден озды. Перзент үшін әкенің орны қандай болатынын сонда білді. Өзін айдалада адасып қалған адамдай сезінді. Бірақ, ешкімнің қайғысына қайырылып қарамайтын уақыт онымен санаспайды. Ол енді әкесінің өсиеттері мен қасиеттерін жанына түйіп алып, жалғыз жолға түскендей алға ұмтылды. «Атыма кір келтірме, балам» дейтін еді. Мүмкін бұл ақылы, мүмкін ескертіп, ұрысқаны болар. Одан артық сөйлеп, кейіген кезін көрмеген екен. Әкенің сол сөзін жадына түйді, бі­реудің алдын кеспеді, жүздің алғысын алды. Өмір тағы жалғасты.

Жетінші, сегізінші шақырылған облыс­тық мәслихатқа депутат болды. Кейде жұрт­тың «депутат болып не істедің, кәсіпкер болып кімге көмектестің» дейтіні бар. Мұқтаж жандар әркімнің өз әулетінен де табылады. Кәсіпкер алдымен соларға берсін. Бір қарттың үйіне барып, қолына сыйлығын беріп, суретке түсіп жариялаудың жыры неге бітпейді.

Бұрын асар деген жақсы дәстүр бар еді. Ешкім үйін өзбекке не тәжікке салғыз­байтын, ағайын асарлап салатын. Кәсіпкер бір айда сегіз күнін туыстарына арнай ма, үйін салыса ма, жанын бағыса ма, жоқ. Ендеше, ол күніге табатын жүз мың теңгесін сегізге көбейтіп, көмектескенім деп туыс­қандарына берсін.
Нұрболат айтқан әңгіменің осындай маз­мұны қызықтырады. Айтқан сайын тың­дайсың, ойлары тың.
«Қазақтың тұрмыс салтында жетім-жесірге көмектесу, ағайынмен араласу, «бас­­таңғы», «көрші ақысы», «көз ақы», «кө­ңіл шайы» деген сияқты жақсылыққа шақы­ратын жоралғылар жетеді. Ұлтымыздың осы жолын дұрыс пайдалана білсек, қоғам да, адам да түзелер еді».

Осы ойларды алпыстағы ата емес, отыздан асқан жігіт айтып отыр.
Мұнан соң Нұрболаттан жұмыс, қызмет жайын сұрап жатудың өзі жай бір дайындап әкелген сұрақтарым сияқты болып қалды…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<