Әкім гранты: Болашаққа жолдама

504

0

Сыр жастарына биыл облыс әкімінің қолдауымен 100 оқу гранты тағайындалды. Оған отбасылық әлеуметтік жағдайы төмен және халықтың осал топтарынан шыққан талапкерлер қатыса алады.

Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

– Облыс әкімінің оқу гранты он жылдан бері тұрақты түрде тағайындалып келеді. 10 тамызда құжат қабылдау басталды. Оқу құжаттарын аудандық және қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінде қабылдайды. Оған облыстық бюджеттен 85,2 млн теңге қаражат бөлінді. Білім саласы бойынша – 49, денсаулық сақтау – 15, су шаруашылығы – 8, ауыл шаруашылығы – 8, инженерлік – 4, электр энергетикасы – 4, хореография – 3, құрылыс – 2, жерге орналастыру – 2, ақпараттық технологиялар  – 2, дін саласы – 2, азық-түлік өнімдерін өндіруге 1 оқу гранты бекітілді. Облыс әкімінің гранты – мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал топтарынан шыққан талапкер жастарға қолдау. Айта кетейік, соңғы он жылда еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін 1303 студент облыс әкімінің грантын иеленген болатын. Оның 881-і оқуын бітіріп, 406-сы жұмыспен қамтылған, – деді басқарма басшысы.

Тағы бір атап өтерлігі, оқу гранты қала мен аудандар арасында халық санына қарай бөлінеді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<