«Әкім сағатында» не айтылды?

1863

0

Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов «Әкім сағаты» бағдарламасында қонақта болды. Хабарды республикалық «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Биқожа мен «Қызылорда қоғамдық теледидарының» төрағасы Шаһизада Әбдікәрімов жүргізді. «Әкім сағатында» шаһардың алдағы перспективалық даму жоспарлары мен өзекті мәселелердің шешілу жолдары айтылды.

– Өзім осы қалада туып-өстім. Қызмет жолымды да туған өлкемнен бастадым, сондықтан қаланы бес саусағымдай жақсы білемін деп айта аламын. Десе де, бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен, ардагерлермен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, депутаттық корпуспен, қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесіп, пікірлестім. Олар тілек-ұсыныстарын жеткізді, әрине, барлығын міндетті түрде ескеремін.

Жалпы ортақ үйімізді қалай гүлдендіреміз, тұрғындарымызға қолайлы орта қалыптастыру үшін қандай жұмыстарды қолға алуымыз қажет. Осы хабарды пайдалана отырып, жоспарларымды бөліскім келеді. Алдағы уақытта «Әкім сағаты» хабарын жаңа форматта, тұрақты түрде өткізіп тұрсақ деген ойымыз бар, – деді шаһар басшысы.

Халықпен кері байланыс орнатып, ашықтық принципін ұстанатын әкім қызметке кіріскен күні-ақ әлеуметтік желіде жеке парақшасын ашты. Жерлестеріне үндеу жолдап, қаланың келешегі үшін жасалатын жұмыстар жайын ортаға салды. Қызылордалықтар басшының бұл бастамасын құптады. Соның бір көрінісі – «Әкім сағаты» хабары. Қала әкімі алдағы уақытта ай сайын қордаланған мәселелерді шешу, тұрғындардың талап-тілегі, атқарылып жатқан шаруалар бойынша БАҚ және әлеуметтік желі арқылы есеп беріп отырады.

Хабарда айтылған негізгі мәселелерге тоқталсақ.

Ыстық су жеткізуде қандай кедергілер бар?

Қызылорда – көпқабатты үйлерінде ыстық суы жоқ облыс орталықтарының бірі. Қала тұрғындары су жылытқыштар, жалпақ тілмен айтқанда, «Аристондарды» пайдалануға мәжбүр. Алайда оның да электр қуатына тәуелділігі мен көлемінің шектеулілігі бар. Жылдар бойы созылып келе жатқан түйткілді мәселенің түйіні жақын уақытта шешіледі.

Мемлекет басшысының өңірге жасаған сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы мәселені көтерді. Президент алдағы 2-3 жылда мәселені шешуге қажет мөлшерде қаржы бөлуге Үкіметке тапсырма берді. Енді Үкімет резервінен қаржы бөлінеді. Қазір жоба-сметалық құжаттамасы дайын.

Жалпы қалада 802 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 184-іне ыстық су жеткізу мүмкіндігі жоқ. Себебі өжіресі, элеваторлары жоқ, ескі, апаттық жағдайдағы үйлер. Қалған 600-ден астам үйдің 195-іне қазірдің өзінде ыстық су жіберуге мүмкіндік бар. Қазір тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бірақ көпшілігі ыстық судың қажеті жоқ, аристонымыз бар, жөндеп қойған пәтерімізді қайта бүлдіресіздер деген уәждерін айтуда.

Бұл жобаның бір ерекшелігі, тұрғын үйлердің өжірелерінде кемшіліктер болса, барлығы ретке келтіріледі, яғни, кәріз, ауызсу, жылу жүйелері толығымен жаңаланады. Негізі көпқабатты үйдегі пәтерлер – тұрғындардың жеке баспанасы. Заң бойынша бұл жұмыстарды көпқабатты үйдегілер өздері жасауы тиіс. Дегенмен біз тиімді болсын деп барлығын жобаға енгіздік.

Тұрғындар мынаны түсінсе деймін, көпқабатты үйлердің салынғанына да кемі 40 жылдың шамасы болып қалды. Ондағы пәтерішілік электр сымдарының «Аристон» секілді қосымша құрылғыларды көтере алатындай шамасы жоқ. Салдарынан түрлі жағдайлар орын алуда. Сондықтан орталықтандырылған ыстық су берілгенде электр энергиясының жүктемесі, орын алуы ықтимал апатты жағдайлар азаяды.

Сондай-ақ ыстық су жүйесі іске қосылғанда тариф қымбаттамайды. Керісінше, антимонополия заңдылығына сәйкес, тұтынушы көбейген сайын, тариф төмендейді.

Аяқсу жеткізіледі

Тағы бір өзекті мәселе – аяқсу. Қалаға су жеткілікті деңгейде берілмей отыр. Бұрынғы арықтар, каналдардың кейбірі қоршалған, кейбірінің құбырлары бітелген немесе көміліп қалған.

Қала көлемінде 17 канал бар. Бұл жүйені де ретке келтіру керек. Себебі, бірқатар каналдар ешбір есепте жоқ. Олардың барлығын түгендеп, паспортын жасау қажет. Ескі арық жолдарын ашып, бұған дейін су барған аумақтарға су жетектеп жеткізіледі. Сол жағалау, «Сәулет», «Саяхат», «Бәйтерек» тұрғын аудандары секілді жаңадан пайда болған тұрғын үй массивтеріне де су жеткізу жолдары қарастырылуда.

Дария деңгейі төмендесе де, аяқсумен қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Кей тұста насостарды жылжытумен, болмаса қуаттылығы жоғары насосқа алмастырумен бұл мәселе де шешіледі. Аталған жұмыстар өз деңгейінде атқарылса, биыл сәуір айында қалаға аяқсу беріле бастайды.

Жаңа жоба – «Жасыл Қызылорда»

Облыс орталығы үлкен құрылыс алаңына айналды. Көптеген тұрғын үйлер, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар салынып, көшелер кеңеюде. Аймақ басшысының қолдауымен бұл жұмыстар әрі қарай да жалғаса береді. Бұл ретте, қала тұрғындарына жайлы жағдай жасау, өмір сүру деңгейін жақсарту бағытында бірінші кезекте көгалдандыру жұмыстарына басымдық беріледі. Ол үшін өткен жылы Түркістан облысының тәжірибесі зерделенді. Нәтижесінде «Жасыл Қызылорда» мемлекеттік мекемесі құрылды. Қазір мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.

«Жасыл Қызылорда» мамандары Щучинск қаласындағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан, Алматыдағы Жазкен Жиенбаев атындағы өсімдік қорғау және карантин институтынан шақыртылған мамандармен тәжірибе алмасуда.

Бұған дейін қаланы көгалдандыру, аяқсумен қамту конкурстық негізде жүзеге асатын. Конкурстық процедуралардың салдарынан көшет мерзімінен кеш отырғызылатын, аяқсу кешігіп берілетін жағдайлар орын алды. Бұдан былай бұл жұмыстардың барлығы ешқандай тендерсіз, тек «Жасыл Қызылорда» арқылы жүзеге асады. Бір сөзбен айтқанда, жасыл желекті егетін де, күтіп-баптап, оған су беретін де бір мекеме болады.

Қала сәулетін қақпасынан таниды

Сұхбат барысында қаланың кіреберіс қақпалары мен орталық көшелерін абаттандыру, жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту да айтылды. Келер жылы Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толады. Айтулы мереке қарсаңында барлық кіреберістер жөндеуден өтіп, жаңғыртылады.

Бұған дейін де қаланың кіреберіс жолдары ретке келтірілді. Бірақ әлі де жетілдіру қажет. Қазір жаңа әуежай құрылысы жүруде. Жоспар бойынша әуежайдан қалаға кіретін жолды төрт жолақты етіп кеңейту, екі бетін жарықтандыру, велосипед жолын, қажет тұстарына жаяу жүргіншілер жолын салу қарастырылып отыр. Бұл жұмыстардың жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Құрылысы биыл басталады.

Шымкент қаласы бағытынан қалаға кірер жол жақсы болғанымен, аспалы көпір аймағы, Жаппасбай батыр көшесінің жағдайы мәз емес. Бұрынғы күріш зауыты ғимараты тұрған аумақ та әрлеуді қажет етеді.

«Жезқазған-Қызылорда» жолының салынып жатқаны белгілі. Бұл бағыт алдағы уақытта Астана қаласынан келетін қақпаға айналмақ. Мұнда да үлкен жолдан аспалы көпірге дейінгі аралық төрт жолаққа кеңейтіліп, жарықтандырылады. Бұдан бөлек, ішкі жол деп атап жүрген Тереңөзек бағытынан қалаға кіреберіс жол да жөндеуден өтеді. Қала көркін қашырып тұрған ескі ЦКЗ ғимаратының қаңқасы бұзылады. Салынғанына 60 жылдай болған нысанды жеке кәсіпкер 2004 жылы сатып алған, ал жері мемлекеттің меншігінде. Сол зауыттың қаңқасы біріншіден тұрғындарға қауіпті, екіншіден қаланың келбетіне нұқсан келтіріп тұр. Ол жөнінде бірнеше рет ескерту жасалды, сотқа да арыз берілді, бірақ 20 жылдан бері еш қимылсыз отыр. Қазір меншік иесімен келісімге келіп, жоба-сметалық құжаттамасы, өндірістік жұмыс жоспары жасалуда. Жақын уақытта қауіпті ғимарат сүріледі.

Былтыр қаланың бас қақпасы саналатын, 1905 жылы салынған теміржол вокзалының тарихи келбеті қалпына келтіріліп, жаңғыртудан өтті. Қазір перроны дұрысталуда. Ендігі кезекте вокзал маңы, Е.Әуелбеков көшесі жаңғыртылады. Көше бойында Қазақстан теміржолының үш ғимараты бар. Бұл ғимараттар да қалпына келтіріледі. Сонымен қатар бұрынғы теміржол паркінің ғимараты, кіреберісі, өзге де ғимараттар, қала орталығындағы Әйтеке би көшесі де ретке келтіріліп, қала тарихи келбетін қайта табады. Ол үшін әуелі қаланың дизайн коды жасалуы тиіс. Сәулетшілер бұл бағытта жұмыс жасауда.

Апатты үйлер азаяды

Қала үшін апатты үйлер мәселесі өзекті. Олардың бірқатары плотина құрылысы кезінде Тасбөгет кентінде салынған. Бұрынғы Титов, Гагарин шағын аудандарында да екі қабатты ескі үйлер бар.

Қазір облыс орталығында апатты деп танылып, есепте тұрған 51 үй болса, оларда 530 отбасы тұрып жатыр. Мәселені шешу үшін жалғыз тұрып жатқан үйі апатты деп танылғандарға мемлекет тарапынан тегін үй беру қарастырылған. Сол бағытта жұмыс жасалуда. Биылдың өзінде Тасбөгет кентінде 130 пәтерлік тұрғын үй салынады. Алдағы 3-4 жылда аталған 530 отбасын жаңа баспанамен қамту жоспарланған.

Қоқыс та кодекске сәйкес өңделеді

Қала тазалығына қатысты мәселелер, қоқыстар мен тұрмыстық қатты қалдықтар, қоқыс полигондарынан шығатын жағымсыз иіс пен бөлінетін улы газ мәселесі әлі күнге өзектілігін жоймай келеді. Алдағы уақытта қаланың сол жағалауында қоқыс салуға арналған контейнерлер алаңын ашу жұмысы қолға алынбақ.

Қызылорда қаласының бұл мәселені шешудегі ұтымды тұсы – қоқысты жинау, тасымалдау, сұрыптау мен полигонға көму сияқты жұмыстардың барлығы бір мекеме – «Қызылорда тазалығы» арқылы жүргізіледі. Жақында ҚР Экология министрінің өңірге сапары кезінде облыс әкімдігімен меморандум жасалды. Оның аясында министрлікке қарасты «Жасыл даму» мекемесімен бірлесе отырып жобалар жүзеге асырылады. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» жеңілдетілген несие береді. Мүдделі кәсіпкерлер табылып жатса, осы қаржыны алып беруге, «Қызылорда тазалығымен» бірлесе отырып консорциум құруға мүмкіндік жасалады.

Ескі полигонға да рекультивация жасалып, Экологиялық кодекс талабына сай көмілетін болады. Жоба-сметалық құжаттамасы жасалып, қаржы қаралады.

«Сабалаққа» газ барады

Тұрғындар тарапынан түсетін шағымдардың бір бөлігі саяжайлар мәселесіне қатысты. Олардың ішінде ең үлкені – «Сабалақ» саяжайы. Ондағы 30-дан астам саяжай аймақтарында 4-5 мың халық тұрады. Қазір қаланың бір бөлігіне айналған. Бірінші кезекте «Сабалаққа» газ тартылатын болады. Демеушілердің есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Құжат қазір сараптамаға жолданды. Оң қорытындысы алынғаннан кейін республикалық бюджетке өтінім жолдайтын боламыз. Ол мақұлданбаған жағдайда облыстық бюджеттен қаржы бөлу жолдары қарастырылады. Жобаға 1 млрд теңгеден астам қаржы қажет.

Жалпы қала маңында 80-нен астам саяжай аймақтары бар. «Сабалақтан» басқаларының барлығы су қорғау аймақтарында орналасқан. Сондықтан ол жерлерге үлкен құрылыстар салу, инфрақұрылым тарту, «көгілдір отын» жеткізуге заңмен шектеулер бар.

Қала қауіпсіздігі назарда

Қазіргі таңда қала 5 секторға бөлінген. Әр сектордың жауапты өкілі бар. Олар – қала әкімінің орынбасарлары, аппарат жетекшісі мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі. Әр сектор бойынша орын алған мәселелер дер кезінде шешілуде.

Қауіпсіздік мәселесі де үнемі назарда. Ұрлық, әсіресе шет аймақтарда көбейген. Сондықтан шет аймақтарға полиция бекеттерін ашу бағытында жұмыс жасалуда. Түрлі себептермен бос тұрған полиция бекеттері ретке келтіріледі. Жақында ғана облыстық мәслихат шешімімен жаңадан 700 бейнебақылау камерасы алынатын болды. Жаңа камералар қылмыс жиі орын алатын аумақтарға орнатылады. Қазір жиілеп кеткен алаяқтықпен күресуге де басымдық беріледі.

Қаланы тұрғындарға әлде де қауіпсіз ету бойынша барлық мәселелерді қамти отырып іс-шаралар жоспары әзірленеді. Ол үшін арнайы жұмысшы тобы құрылды.

«Ақтаңдақтар» азаяды

Жалпы қаланы толық «көгілдір отынмен» қамту мүмкін емес. Бұл – үздіксіз процесс. Жаңадан тұрғын үйлер салынып, шағын аудандар, тұрғын аймақтар пайда болуда. Мысалы, бұрын әрбір тұрғын аймаққа жоспар бойынша қажет мөлшерде газ берілген. Газ қысымы, құбырының диаметрі де соған сәйкес есептелген. Бірақ ол аймақтарға жаңадан үйлер қосылып, техникалық шартын алып, газ тарттырып жатыр. Салдарынан кейбір аумақтарда газ қысымы төмендеп, «ақтаңдақтар» пайда болуда.

Бұл мәселені шешу үшін алдын ала есеп керек. Сондықтан жаңадан салынған үйлерге газ тартуға техникалық шарттар беру тоқтатылады. Ендігі кезекте жоба-сметалық құжаттама әзірленеді. Мәселе жүйелі түрде шешіліп, тұрғындарға сапалы газ ұсынуға басымдық беріледі.

«Арайдағы» ауызсу мәселесі шешіледі

Қала тұрғындары ауызсу сапасының төмендігіне жиі шағымданады. Мәселе қала басшылығының үнемі назарында. Судың құрамы үнемі тексеріліп отырады. Өткен жылы «Қызылорда су жүйесі» мекемесі мамандарымен бірлесе отырып мәселе зерделенді. Қазіргі уақытта, әсіресе, «Арай-2», «Арай-3» шағын ауданында ауызсу сапасына шағым көп. «Арай-3»-те 3 мыңнан астам халық тұрады. Мәселе жақын арада шешілуі тиіс.

Шағын ауданда 13 скважина, 4 резервуар бар. Былтыр сол скважиналардан шыққан суды тұндырып, тазартып, әрі қарай тұтынушыларға таратып отырған сол резервуарлар лайдан тазартылды. Мамандар демалыс күндері тұтыну көлемі артатындықтан, құбырлардағы лай шөгінділер көтерілетінін де айтуда.

Сондықтан мәселені толық зерттеп, нақты себебін анықтау үшін Алматы қаласынан ұңғымаларды зерттейтін мамандар шақыртылуда. Мамандар қорытындысына сәйкес шаралар қабылданады. Сондай-ақ құбырлар мен резервуарларды тазарту жұмыстары жүргізілетін болады.

Қоғамдық көлік жүйесі жетілдіріледі

Қоғамдық көлікке қатысты да мәселелер бар. Оны жүйелі түрде шешу үшін аймақ басшысының қолдауымен жаңа автобустар алынуда. Бұрын алынған 96 автобус ескірді. Сол себепті жаңадан тағы 300 автобус алынды. Қазіргі таңда олардың 270-і жеткізілді. Тағы 30 автобус жақын арада келеді.

Бұдан бөлек, қоғамдық көлік жүйесі жетілдіріледі. Жүйені автоматтандыру, қолма-қол төлем көлемін азайту бойынша жұмыстар қолға алынады. Желіге экспресс бағыттар қосылады. Наурызға дейін жаңа автовокзал пайдалануға беріледі.

Дайындаған

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<