Әкім сайлауы – әділдікке бастар жол

437

0

Өткен жексенбі еліміз үшін тарихи күн ретінде есте қалды. Себебі тұңғыш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтті. Пилоттық сайлау арқылы облыста алғаш болып Сырдария мен Шиелі ауданының халқы әкімдерін таңдады. Мемлекет басшысының бастамасын жергілікті тұрғындар қолдап, өзі қалаған кандидаттарға дауыс берді.

Таңғы 7:00-де ашылған сайлау учаскесіне дауыс берушілердің ерте келіп, таңдау жасауға асыққанын көрдік. Жалпы екі аудан бойынша 6 кандидатқа 72 мыңнан астам адам дауыс беруге мүмкіндік алған. Олар үшін 58 сайлау учаскесі қызмет көрсетті. Бір байқағанымыз, сайлау күні дауыс беру учаскелеріне балаларымен бірге келген отбасылардың қатары көп. Көпбалалы отбасылардың саяси науқанда белсенділік танытуы дәстүрге айналған. Бұны жақсылыққа жорыдық. Тұрғындар елдің саяси жүйесінің дамуына белсене атсалысуға ынталы.

Саяси науқанда алғаш рет дауыс берген жастар, некеге тұрған ерлі-зайыптылар да өз таңдауын жасап жатты. Екі аудан бойынша 18 жастағы 1011 азамат бірінші рет дауыс беру мәртебесіне ие болған екен. Ауыл жастары да таңмен жарысып, мүмкіндігін құр жіберген жоқ. Мысалы, Сырдария ауданына қарасты А.Тоқмағамбетов ауылындағы №154 сайлау учаскесіне ең жас дауыс беруші болып тіркелген Саят Асылбек таңдау жасады.

– Алғаш рет сайлауға қатысып отырмын. Бір ерекше сезім болды, өйткені осындай саяси додада таңдау жасау мен үшін елдің болашағын айқындайтын жауапты сәт болып көрінді, – дейді ол. Аядай ғана ауылда сайлаушылардың 90 пайызы дауыс берген.

Бұдан бөлек, Тереңөзек кентінде әкелер мен әжелер ансамблінің мүшелері, полиция мен ұстаздар да дауыс беруге асығып келгенін көрдік. №156 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген Садуақасовтар отбасылық ансамблінің мүшелері әннен шашу шашып, ерекше көңіл-күй сыйлады.

Шиелі ауданының тұрғындары да сайлауда белсенді болды. Мәселен, А.Пушкин атындағы №46 орта мектеп-лицейде орналасқан №285 сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Венера Кияева дауыс берді.

– Сайлауға мерекеге барғандай әсем киініп, отбасымызбен келдік. Комиссия мүшелері сайлауға алғаш рет қатысқан жас сайлаушыларға естелік сыйлықтар дайындапты. Олар мұны өмір бойы есте сақтайтыны сөзсіз, – дейді.

Сол сияқты ерлі-зайыпты Мәден Әлжанов пен Гауһар Рысбекова үй шаруасын реттеп, №45 «Ақорда» гимназия мектебінде орналасқан № 284 сайлау учаскесіне асыға жетіпті.

«Алмалы» ауылының 99 жастағы ақсақалы Әділхан Османов мұндағы мерекелік көңіл-күйді ерекше атап өтті. Еңбек ардагерінің тағдыры оңай болмаған. Өткен ғасырдағы қиын-қыстау жылдары отбасы Өзбекстанға қоныс аударған. Соғыстан кейін туған жерге оралыпты. Әділхан ата «Райзаготконтор» мекемесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау саласында еңбек етіп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ақсақал «еліміз көркейіп, бәріміз тату-тәтті өмір сүрейік» деп батасын берді.

Бұл күні сайлау учаскесіне келуге денсаулығы жарамайтын азаматтар да тыс қалған жоқ. 344 азамат үйден дауыс беруге өтініш қалдырған екен. Олардың бәріне де тасымалданатын жәшік апарылды. Ал учаскелерде азаматтардың дауыс беру құпиялығы сақталатын арнайы кабиналар перделермен жабылған. Сайлаудың ашықтығын бақылауға келген, тіркеуден өткен байқаушылардың да легі көп. Екі аудандағы саяси науқан кезінде республикалық және жергілікті қоғамдық ұйымдардан келген 317 байқаушы сайлаудың ашықтығын бақылады. Соның арқасында заңбұзушылықтар тіркелмеді.

Әр екі сағат сайын сайлау учаскелері сайлаушылар саны туралы мәлімет беріп отырды. Ал сайлаудың әділ өтуін Amanat саяси партиясының, «Мұқалмас», т.б. қоғамдық бірлестіктердің, «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі», «Асыл-Мұра-Орда» қорының байқаушылары мен кандидаттардың сенімді өкілдері бақылады.

Мадияр ТӨЛЕУ

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<