Әкімдік отырысы өтті

242

0

Фото: Сырдария ауданының әкімдігі

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтіп, күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Отырыста жылу беру маусымына және оқу жылына дайындық мәселелері жан-жақты талқыланды.

– Жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының дер кезінде жүргізілуі өте маңызды. Аталған мәселе Үкімет отырысында қаралып, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев нақты тапсырмалар берді. Ауданда жылу беру маусымында ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Тұрғындарға және әлеуметтік нысандарға қажетті отын қоры уақытылы жеткізіліп, кәсіпкерлермен жұмыс жүргізілу қажет. Одан бөлек, әлеуметтік нысандардың жылыту қазандықтарының дайындығын ағымдағы жылдың 30 тамызына дейін толық аяқтауды тапсырамын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Жылу беру маусымына дайындық барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейірхан Бақытжанұлы ақпарат берді. Жалпы, аудан бойынша барлығы 80 әлеуметтік нысан бар. Бүгінде ауданда қажетті 8250 тонна қатты отынның әлеуметтік нысандарда 129 тоннасы және 109 тонна сұйық отын қоры бар. Тұрғындар үшін қажетті көмірді қамтамасыз ету мақсатында «Нұрдаулет» жеке кәсіпкерімен меморандум жасалған.

Қазіргі таңда қоймада 210 тонна «Шұбаркөл» көмірі тұрғындарға сатылуда. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – жаңа оқу жылына дайындық туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Мығымбаева хабарлама жасады. Аудан бойынша жаңа оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 8311 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Egov.kz электронды порталы арқылы 789 бала 1 сыныпқа қабылданады. Биылғы оқу жылына 25 599 дана оқулық сатып алуға облыстық бюджеттен барлығы 81,7 млн. теңге бөлініп, мектептерге жеткізілген. Білім ошақтары ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өткізіліп, жаңа оқу жылына дайын. Бүгінгі таңда №132 орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Аудан әкімі жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауда еш кедергі болмау керектігін атады. Әсіресе, балалар қауіпсіздігі ұдайы назарда болуын ескертті. Күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты салалық орынбасарлар, тиісті бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<