«Анаға тағзым» орталығында «Жаңа жылдың әлемі – Аналармен әдемі!» атты мәдени-мерекелік шара өтті. Отбасылық құндылықтарды нығайтуды, еңбек адамдарының өнегелі өмірін дәріптеуді мақсат тұтқан мерекелік басқосуда өткен жылы өңірде атқарылған игі бастамаларға шолу жасалды. Сол жұмыстарға белсене араласып, еңбегімен ел құрметіне бөленген аналарға облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов ізгі тілегін арнап, құттықтау хат табыс етті.
– Жаңа жыл мерекесі құтты болсын, аяулы аналар! Өздеріңіз білесіздер, осы жылдың айтулы жаңалығының бірі – облыс әкімінің бастамасымен «Анаға тағзым» орталығы бой көтерді. Заманауи үлгідегі орталықта қыз-келіншектердің, жас отбасылардың рухани тәлім алуына мүмкіндік жасалып, ұлы дала аналарының ізгі жолымен ұлттық құндылықтарымыз дәріптелуде, салт-дәстүрлеріміз жаңғыруда.
Биылғы жылдың қазан айында Сыр еліне жасаған сапарында Мемлекет басшысы осы «Анаға тағзым» орталығының қызметімен танысып, оң бағасын берді.
Содан бері орталыққа келушілердің қатары азайған емес. Ақ жаулықты аналарымыз өзара тәжірибе алмасып, тағылымды іс-шаралар толассыз атқарылып келеді. Алдағы жылдың да аймақ тұрғындарына ұсынар жаңалықтары мол, – деді Ш.Байманов.
Жаңажылдық бағдарламаның басты қонақтары – шопан, сауыншы, хат тасушы, күрішші, тазалықшы, балықшы және аспаз секілді қарапайым еңбек адамдары. Қоғамның сан түрлі саласында жемісті қызмет етіп, аймағымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген 20-ға жуық әйел-ана алғысқа кенеліп, мерекелік дастархан басында жаңажылдық бағдарламаны тамашалады.
Есіктен енгелі тұрған Ұлу жылының ерекшелігін айқындайтын шағын театрландырылған көріністен басталған мерекелік кеште аймақтың әр түкпірінен жиылған еңбек майталмандарының өнегелі өмір жолы, іскерлігі мен жетістіктері насихатталды.
Жаңажылдық жиынның құрметті қонағы – «Күміс алқа» иегері, сырдариялық Бейбіт Ұпалхожаева еселі еңбегімен, өнегелі ісімен көпке үлгі болған жасампаз жандарға, өскелең жастарға ақ батасын берді. Сондай-ақ, шалғай ауылдардан келген аналар да іс-шараны ұйымдастырушыларға риясыз алғыстарын білдірді. Жалпы, бүгінге дейін «Анаға тағзым» орталығында 175 шара ұйымдастырылып, 10 мыңға жуық облыс тұрғынына қызмет көрсетілді.
Мерекелік жиынға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мира Қазбекова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова қатысты.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<