Естеріңізде болса, 31 тамыз – 4 қыркүйек аралығында Румыния мемлекетінің Констанца қаласында ересектер арасында Тоғызқұмалақтан Әлем Кубогі өтетінін хабарлаған болатынбыз.
Әлем Кубогіне қатысушы Қазақстан құрамасының ойыншысы, жерлесіміз Кенжебекова Ақерке Батырбекқызы тоғызқұмалақ спортының рапид түрінен жүлделі ІІ орынды иеленді.
Өздеріңіз білетіндей, Ақерке Батырбекқызы бұған дейін 2016 жылы Ресей Федерациясының Алтай Республикасында тоғызқұмалақтан өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының ІІ орын иегері.
2017 жылы Астана қаласында өткен ересектер арасында IV Әлем чемпионатының қола жүлдегері.
2018 жылы Моңғолия Республикасында өткен ересектер арасында IV Азия чемпионатының алтын жүлде иегері атанған.
Сондай-ақ, Ақерке 4-12 тамыз аралығында Моңғолия Республикасы, Баян – Өлгей қаласында 9 елден 200-ден астам спортшы қатысқан тоғызқұмалақтан өткен VI Азия чемпионатының алтын жүлде иегері атанып, еліміздің мерейін асқақтатқан болатын.
Талай байрақты бәсекеде бой көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Ақерке «Наркескен» спорт клубының «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің жаттықтырушысы.
Жеңіс тұғырынан көрінген спортшымыз «үлкен додаларға қатысып жетістікке жетуіме жағдай жасап отырған «Наркескен» спорт клубының директоры Ғалымжан Ержанов пен осы спортта мені машықтандырған Асхат Маратұлына үлкен алғысымды білдіремін», – деді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<