«Әлем таныған Әбдіжәміл»

1800

0

Әлемге әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай Алматы қаласында халықаралық деңгейде бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі – Қазақ ПЕН клубының мұрындық болуымен өткен ғылыми-танымдық конференция.

Конференцияда шетелдік және отандық ғалымдардың баяндамалары оқылып, жазушының қаламгерлік қыры кеңінен ашылды. Ұлт қайраткерінің есімін ұлықтауға арналған іс-шараға Сыр өңірінен арнайы делегация қатысты.

Онда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын оқыды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Біздің Әбе» естелік кітабының тұсаукесері өткізіліп, қатысушыларға таратылды.

100 жылдыққа арналған іс-шаралар ертеңіне тағы жалғасты. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тұрған үйіне ілінген ескерткіш тақтаның ашылуы, Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға Франция, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Литва және т.б. шетелдік жазушылар мен еліміздің зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы М.Құлкенов жүргізді. Алғашқы сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Құттықтау хатын оқып, жазушыны ұлықтауға арналған конференция жұмысына табыс тіледі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Қалдыбеков, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы С.Раев, Халық жазушысы С.Елубай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалин, халық артисі А.Әшімов, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Көшербаев, Қырғыз Республикасының ақыны М.Азаматов, жазушының қызы Ш.Нұрпейісова классик қаламгердің сан түрлі тұлғалық қырларына тоқталып, шығармашылығы туралы сөз етті.

Конференцияда облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың құттықтауын оқып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі.

Конференциядан кейін абыз ақсақалдың рухына арналып ас берілді.

Айта кетейік, жазушының туған жері – Сыр өңірінде есімін ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл бойы жалғасады.

Бұған дейін барлық орта мектептер мен арнаулы оқу орындарында апталықтар, кітапханалар мен музейлерде көрмелер, шығармашылық кештер өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында тақырыптық айдарлар ашылған.

Туған жері Арал ауданында «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы өтіп, «Беларан төбе» шыңында рухына ас берілді.

Халық жазушысының өмір жолы мен шығармашылығына арнап Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Кітап және қаламгер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Қазақ ПЕН клубымен бірге Әбең туралы естелік жинақтар кітабы шығарылды.

Қараша айының басында Қызылорда қаласы мен Арал ауданында «Әлем таныған Әбе» атты кешенді іс-шаралар өткізу жоспарланған.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<