Әлемде алғаш рет Жоғарғы Сотты басқарған қазақ қызы

2841

1


1964 жылы 5 сәуірдегі «Известия» газетінің санында дүние жүзінде тұңғыш рет Жоғарғы сотты басқарған әйел жайлы мақала шыққан. Онда «Өзбекстан ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы председателі Я. Насриддинова, Мәдениет және Әлеуметтік қамсыздандыру министрлері З. Рахымбабаева және В. Садықовалармен бір қатарда Өзбекстан ССР Жоғарғы соты төрайымы Х. Сүлейменова да шын мәнінде республика мақтанышы саналады» деген жолдар бар.

Хош, сонымен, Х. Сүлейменова кім еді?

ҚазАқпарат тілшісі осы мәселені қаузап, көрші елде туып, әлемдік деңгейдегі қайраткер, білікті ғалымға айналған аяулы тұлғаның өмір жолы жайлы сөз қозғауды жөн санайды. Хадиша Сүлейменова кім еді? ХХ ғасыр басындағы аласапыранда Әндіжан асқан қазақ Сүлеймен Келгенбаев жергілікті Атынша атты қызға үйленеді. Ол күнкөріс қамымен Түркістан өлкесін талай жыл бойы түгелге жуық аралағандықтан, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен және орыс тілдерін жетік меңгерген. Сондықтан болар, әндіжандық байлардың бірі оны керуенсарайға жұмысқа алады.

Керуенсарайдың іс жүргізушісі ретінде Сүлеймен түрлі ұлт өкілдеріне, әсіресе, керуенсарайға дем алу үшін жиі-жиі келетін орыс шенеуніктері мен полиция приставына қызмет қыла алатын жалғыз кісі-тұғын. Бірнеше тіл білуінің арқасында Сүлеймен ел қатарлы өмір сүрген.

Сүлейменнің қызы Хадиша 1913 жыл 3 шілдеде дүниеге келген. Өлкеде Совет үкіметі орнаған соң қым-қуыт заман басталып кетеді. Жергілікті халық қызылдарға табанды қарсылық көрсетеді. Сондай сәттердің бірінде Сүлеймен қапыда оққа ұшады. Атынша қажырлы әйел болатын. Күйеуі өлген соң тұрмыс тауқыметін қанша тартса да, перзенттерін өзгеден кем қылмауға тырысып бақты. Хадиша Сүлейменованың бөлесі Құрбангүл Саидованың естеліктерінде «Атынша апайым бес баласы – Жүсіпжан, Мутабар, Хадиша, Ниязбек, Гүлбаһрамдармен бірге Әндіжанда тұратын еді. Өте ауыр, қанды азамат соғысы кезінде әкем апайымды балаларымен Шымкентке көшіріп әкелген», – деген деректер бар.

Мұндағы Құрбангүл әкем деп атаған кісі кейінірек Шымкент облысы тұтыну одағын басқарған Фазылбек Құлтасов. Ол 1937 жылдың 1 қыркүйегінде тұтқындалған. Бұл дерекке қарасақ, Хадишаның отбасы бір жылдары Шымкентте де тұрған көрінеді. Тарихқа үңілсек, балалық шағында көп қиындық көргендер, өскенде үлкен тұлғаға айналады екен. Соған қарағанда, тағдырдың машақаттары адамды шыңдайтын болса керек. Хадиша ағасы Жүсіпжан, әпкесі Мутабар, інісі Ниязы төртеуі бір күнде мектепке барады. Бірінші сыныпқа. Таңданатын жері жоқ, совет өкіметінің алғашқы жылдарында әр түрлі жастағы балалар бір сыныпта оқи беретін.

1924 жылы Атынша пілле (жібек құрты) өңдеу зауытына жұмысқа тұрады. Зауытта істей жүріп, өзбек тілі мен әдебиетінен мұғалімдер дайындайтын курста оқиды. Сол білімімен зауыт жұмысшыларын, өзі тұратын махалла тұрғындарының сауатын ашу үйірмесіне жетекшілік етеді. Оның балалары да орыс мектебінің 3- сыныбынан бастап оқуын жалғастырады. Хадиша анасынан әкесінің қандай адам болғаны жайлы әңгімелерді тыңдап, әкесі сияқты көп тіл білетін жетік маман боламын деп жастайынан алдына мақсат қояды. Ол кезеңде өзбек жерінде жағдай күрделі еді.

1926 жылы әйелдердің пәрәнжісін шешіп тастату үшін «Шабуыл»(Ҳужум) науқаны басталады. Бір тараптан оған қарсылар да қаулап шығады. 1928 жылда пәрәнжісін тастаған, сауатсыздықты жою курсына немесе көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан 203 әйел өлтірілген деген дерек бар. Соған қарамастан, әйел теңдігі мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ, керісінше күшейе түскен. 1926-1927 жылдардағы жергілікті Советтерге сайлау бұрын-соңды болмаған құбылысқа айналды. Қалалық Советтерге сайланған 5220 депутаттан 929-ы, аудандық Советтерге сайланған 1752 депутаттан 163-і, ауылдық Советтерге сайланған 30613 депутаттан 3904-і әйел затынан болатын. Мұның бәрін оқып-біліп отырған Хадиша білім алса ғана, жетістікке жететінін түсінеді.

Хадиша 1931 жылы 9 жылдық орыс орта мектебін бітіріп, Ташкенттегі Совет құрылысы және құқық ғылыми-зерттеу институтының дайындық курсына оқуға түсті. Бір жыл оқыған соң, енді ғана ашылған Жаһан Абидова атындағы Совет құрылысы және құқық институты құқық факльтетінің 2-курсына қабылданды. Бұл институтқа Мәскеу мен Ленинградтан И. И. Крылцов, И. Н. Трепицын сияқты прфессорлар шақырылады. Институт алдында заң саласын жетілдіру мақсаты тұрған-ды. Өйткені, Өзбекстанда 1928 жылға дейін совет соттарымен бірге шариғат соттары да болған. Хадиша Сүлейменова 1935 жылы институтты бітіреді. Бітіру кешіне Өзбекстан ССР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ю. Ахунбабаев қатысып, бітірушілерді жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешкен. Хадиша халық соты болып істей бастайды.

1935 жылдың аяғында Республика Жоғарғы сотының мүшелігіне сайланған. Бұрын-соңды ешкім 22 жасында мұндай жетістікке жетпеген екен. Ол Жоғарғы сотта 3 жылға жуық істеді. 1938 жылы Мәскеу Заң институтының аспирантурасына оқуға түседі. Профессор А. Н. Трайнин жетекшілігімен ғылыми жұмысына материалдар жинай бастайды. Алайда соғыс басталып кеткен соң оның кандидаттық диссертациясы қорғалмай қалады. Ташкентке қайтып келген ол Заң институтында 2 жыл ассистент, кейіннен қылмыстық құқық кафедрасында доцент болады. 1945 жылдың 20 шілдесінде СССР Әділет комиссары құзырындағы Бүкілодақтық заң институтында кандидаттық диссертациян қорғайды. Сол жылы Ташкент Заң институты Қылмыстық құқық кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады. СССР Жоғарғы білім министрлігі Жоғарғы аттестация комиссиясы оған берілген доценттік атағын бекітеді.

1948 жылы СССР Ғылым Академиясының Заң институтына докторантураға жіберіледі. 1950 жылдың 29 желтоқсанында докторлық диссертациясын қорғайды. Шығыс әйелдері арасынан шыққан заң ғылымы саласындағы тұңғыш ғылым докторы болған ол, сол оқу орнында бір жылдан көбірек кафедра профессоры болып істейді. 1954 жылы Хадиша Сүлейменова Ташкент Заң институтына директор болып тағайындалады. Сол жылы желтоқсанда оған «Өзбек ССР-на еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы беріледі. 1955 жылы институт жабылып, САГУ-де ашылған заң факультетінің деканы, қылмыстық құқық кафедрасының меңгерушісі болады. 1956 жылы Хадиша Сүлейменова ӨзССР Ғылым Академиясының академигі болып сайланады. Ол 1956 жылдың қыркүйегінде ӨзССР Әділет министрі болады. Осы лауазымда жүргенде 1961 жылдың 30 мамырында күшіне енген «ӨзССР адвокатура туралы заңын» дайындаған екен. 1957 жылдың 1 мамырындағы мәліметтерге назар салсақ, министрліктегі 41 қызметкердің 15-і, облыстық соттың 87 судьясының 25-і, 230 халық судьясының 48-і, 70 нотариустың 53-і әйелдер болған. Соған қарағанда, Х. Сүлейменова бұл мәселеге ерекше көңіл бөлген көрінеді. 1958 жыл 24 қаңтарда оның басшылығымен Ташкент сот экспертиза ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бұл институтқа кейінірек Хадиша Сүлейменова есімі берілді. Институт қазір орталыққа айналған. Сол жылдың наурыз айында Өзбекстан Әділет және сот органдары қайта құрылымдалды.

Әділет министрлігінің соттар мен нотариустарды басқару функциясы Жоғарғы Сотқа берілді. ӨзССР Министрлер Советі құзырындағы кодификация істерін ұйымдастырушы, министрліктің басқа міндеттерін атқарушы орган – Юрисдикалық комиссия құрылды. Х. Сүлейменова осы коммиссияға жетекшілік етті. Адвокатура, сот экспертизасы институты осы комиссия құрамына енді. Институт 1959-1963 жылдарда академик Х. Сүлейменова редакциясы астында 4 ғылыми жинақ шығарды. Төртінші шақырылған СССР Жоғарғы Советінің алтыншы сессиясы 1957 жылдың 11 ақпанында қабылданған заңға сәйкес, Одақтас республикалардың сот жүйесі туралы заңдарды , азаматтық, қылмыстық және процессуалдық кодекстерді қабылдау құқығы Одақтас республикаларға берілді. Әне, осы кезде бүкіл заңдарды дайындау Х. Сүлейменоваға еншісіне тиді. 1959 жылдың ақпанында Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан өкілдерінің қатысуымен Ташкентте өткізілген республикалараралық ғылыми конференция Хадиша Сүлейменованың бастамасы әрі басшылығымен өткізілді. 1959 жыл 21 мамырда бесінші шақырылған ӨзССР Жоғарғы советінің екінші сессиясы ӨзССР сот жүйесі туралы заңды(Одақтас республикалар арасында бірінші болып) қабылдады және республиканың қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық кодекстерін бекітті. 1961-1963 жылдарда азаматтық және азаматтық-процессуалдық заңдарды дайындауға да Х. Сүлейменова басшылық жасады. Хадиша Сүлейменова 1948 жыл Ташкент қаласы Мәскеу аудандық советіне, 1955-1957 жылдарда Ташкент қалалық советіне, 1959 жылда ӨзССР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланған.

Хадиша Сүлейменова 1964 жылы сәуір айында ӨзССР Жоғарғы сотының төрайымы болып сайланды. Бұған дейін әлемнің ешбір елінде мұндай лауазымға әйел кісі сайланбаған екен. Бір қызығы, бұл бақыт демократия отаны саналатын АҚШ немесе Еуропа елдерінің әйелдері емес, қазақ қызына бұйырғаны үлкен тарихи жетістік болып қала бермек. Хадиша Сүлейменованың 1956 жылы социологтардың үшінші халықаралық Амстердам конгресіне қатысуы оның есімін әлемге таныта түсті. 1961 жылы Біріккен Араб Республикасында өткізілген Азия және Африка әйелдерінің бірінші конференциясында сөз сөйлеуі де елеулі оқиға болды.

Х. Сүлейменованың Президент Гамаль Абдель Насырмен кездесуін әлемдік баспасөз жарыса жариялады. Сондай-ақ ол Лондон, София, Токио, Дели, Прага, Коломба т.б. қалаларда өткізілген ғылыми конференцияларға қатысып, баяндама жасаған. Хадиша Сүлейменова 1965 жыл 26 қарашада өмірден озған. Ұлы ғалым, білікті қайраткердің өмірлік жолдасы Б. Шерқожаев прокуратура саласында істеген. Шавкат есімді ұлы бар. Дүниежүзінде Жоғарғы сотты басқарған тұңғыш әйелдің өмір жолы жайлы 1974 жылы профессор М. Хакімовтің «Академик Хадиша», 1993 жылы М. Хакімов, Ғ. Ахмедов, А. Саидовтардың «Хадиша Сүлейменова – заңгер, ғалым, мемлекет қайраткері» атты кітаптары шыққан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<