Өткен жылы 11 қазанда елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы – Съезд хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының ХХІ отырысы өткен болатын.
Өздеріңізге белгілі, 2022 жылдың 14-15 қыркүйек күндері елордамызда Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің кезекті VII съезі өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Съезд Хатшылығының мүшелері «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеген еді. Бұл тұжырымдама әлемдік қауымдастық үшін аса маңызды құжат деп санаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды».
Ортақ мақсат барша дәстүрлі дін өкілдерін тағы да Қазақ еліне топтастырды. Біз әлемнің дін көшбасшыларына «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі ниетпен Үндеу жолдап, бір мезетте дұға жасауға шақырдық. Үндеуге әлемнің бірқатар мұсылман елдері қолдау білдіріп, онлайн режимде дұға жасау рәсіміне қатысты. Бұл бастама дін қайраткерлерін бір мақсатқа жұмылдырды. Қазақ халқында «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» деген мақал бар. Ешқандай адам өз отбасында ұрыс-керіс, қантөгіс болғанын қаламайды. Ендеше, әрбір мемлекет ортақ Отанымыз болған жер ғаламшарының бір бөлшегі емес пе?!
Жер шары – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне жақсылық жасасын, ренжітпесін» деген өсиеті бар. Ислам ғұламасы Жәлеледдин Руми: «Шоқ қай жерге түссе де мені күйдіреді» деген болатын. Шынында, шоқ жер шарының қай тарапына түссе де, бәрімізге өз зиянын тигізбей қоймайды.
Жер бетіне бейбіт өмір орнату – күллі адамзаттың қажеттілігі. Бұл – ортақ келісім мен өзара түсінік аясында орындалатын іс. Кез-келген келіспеушілік жағдай келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешілуі ләзім. Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда әлемде береке орнайды. Бұл ретте Ислам дінінің жауласқанды жарастыру, дауласқанды достастыру, таласқанды татуластыру бағытындағы рөлі өте жоғары.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Маида» сүресінің 2-аятында:«Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, оның қаһары, тегінде, тым қатал» дейді. Мейірімділік пен кешірімділік – барша қауымға ортақ қасиет. Жер бетінде осындай адамгершілік құндылықтардың салтанат құруын қалаған адам ең әуелі ізгілікті өзінен бастауы ләзім. Ендеше, айналамызға мейірім көзімен қарасақ…
Жер бетіне бейбіт өмір сыйлау – адамзаттың өз қолында. Қазақ елінің бастамасымен өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алқалы жиыны адамзатты бірлік пен ынтымаққа шақыратын берекелі алаң болып келе жатқаны – соның айғағы.
Алла Тағала жер бетін түрлі бүліктен, қантөгістен аман еткей. Еліміз аман, жеріміз тыныш, халқымыздың бірлігі бекем, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<