Президент Қасым-Жомарт Тоқаев классикалық шахмат бойынша әлем чемпионы атағы үшін сайысқа түскен Ян Непомнящий мен Дин Лижэньді, сондай-ақ Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Аркадий Дворковичті қабылдады.
Мемлекет басшысы қонақтарға ілтипат білдіре отырып, ФИДЕ аясындағы әйгілі спортшылар қатысқан ең беделді турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Өз кезегінде Халықаралық шахмат федерациясының басшысы Аркадий Дворкович құрмет көрсеткені үшін, қытай гроссмейстері Дин Лижэнь осы матчқа шақырту алғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Гроссмейстер Ян Непомнящий Қазақстанда шахматқа қызығушылық жоғары екеніне назар аударды.
Кездесу соңында Президент шахматшылардың биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді. Сондай-ақ ФИДЕ-мен арадағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру маңызды екенін атап өтті.
Комитет төрағасын қабылдады
Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері бірқатар лаңкестік қылмыстың, соның ішінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолдану арқылы халық көп жиналатын орындардың бірінде жасалмақ болған террористік актіге тосқауыл қойылғаны жөнінде баяндалды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізген криминогендік жағдайды сауықтыру жұмыстарының нәтижесі туралы баяндалды.
Кездесу қорытындысында Президент Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<