Биылғы 1 қыркүйектен бастап барлық өңірде «Әлеуметтік әмиян» шеңберінде оқушылардың жекелеген санаттарына тегін және жеңілдікпен тамақтануды ұсыну жобасын кеңейтіп тарату басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Нақты кезеңде аймақта «Әлеуметтік әмиян» жобасын енгізуге арналған жол картасы аясында бірінші кезекте оқушы мен қызметкер саны 700-ден асатын білім беру ұйымдарында аппараттық-бағдарламалық кешенін орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
– Біздің облыста оқушы саны 700-ден асатын 125 мектеп бар. Жоспар бойынша биыл 87 мектепке аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылуда. Аталған кешен оқушының мектепте сабаққа қатысуын, тамақтану және цифрлық білім беру ресурстарымен байланысты бақылау үшін қажет. Бұдан бөлек, ыстық тамақ ұйымдастырылған. Аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылмаған 163 мектепте тамақ беруді ұйымдастыру «Бизнес әмиян» қосымшасы арқылы жүргізілетін болады, – деді облыстық білім басқармасы басшының орынбасары Бағдат Бердәулетов.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдар да «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмектерді электронды беру жобасына қатысуда.
– Аталған жобаны кеңінен тарату жөніндегі жол картасы бекітілді. Осы орайда, жыл аяғына дейін жалпы босатылған рецепттердің 10 пайызы «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында берілуі тиіс. Бүгінде облысымыздың медициналық ұйымдары 40 мыңға жуық рецептті «EGOV mobile» қосымшасы арқылы берді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары Жаңыл Әбубәкірова.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<