Әлеуметтік дүкен: Әлеуетіміз қандай?

1790

0

Әлеуметтік дүкендер жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Бұдан бұрын да тақырыпты тарқатқан болатынбыз. Күнделікті тұтынатын тауардың 19 түрі сұраныстан түспейтіндіктен, аталған дүкендердің бүгінгі ахуалын білу үшін тағы бір аралаған едік. Жалпы мұндай дүкен саны 38 болса, әр супермаркетте 13 әлеуметтік бұрыш бар. Барлығына бас сұғу мүмкін болмағанмен, кейбіріне арнайы барып, тыныс-тіршілігін байқап көрдік.

Бейбарыс сұлтан және Жеңіс көшесінің қиылысында орналасқан  дүкен нүктесіне жол түсті. Сатып алушылардың көбі ұн, күріш, жұмыртқа, шемішке май, картоп алуда. Осы шағын ауданның тұрғыны Қанипа апай дүкенге жиі келетінін айтады.

–       Үйде кішкене немерем бар. Бірақ оны жұмсауға қорқамын. Бесінші қабаттан түсіп, өзім келемін. Күннің ыстығында қайта-қайта келуге денсаулығым көтермейді. Келінім жұмыстан шыққанда бұл дүкен жауып кетеді. Жексенбі жұмыс істемейді. Олар жұмыстың жанындағы дүкеннен қымбат бағаға шемішке май, жұмыртқа әкеледі. Ал үйдің жанында одан арзан әрі ірі жұмыртқалар сатып жатыр. Сондықтан ыңғайы болса, өзім келуге тырысамын. Ақшамыз жетпесе, жаздырып та аламыз. Бүгін, міне күріш, шемішке май алуға келдім,  – дейді ол.

Сатып алушылардың ұнды 5 келілеп, ал майды 2,3 литрлеп алып жатқанын байқадық. Тұрақты тұтынушылардың айтуынша, ұнның сапасы қазір жақсарған. «Дәстүр» деген бірінші сортты ұн нан жабуға жақсы көрінеді. Картоптың майдалылығына қарамастан алып жатқандар бар. Қалтаға салмақ болмайтын бағада болған соң аламыз дейді келушілер.  Бірақ жуа мен сәбіздің қарасын байқамадық. Оны сұрағандарға бір аптадай болмайтын шығар деп жуап берді сатушы.

Адам аяғы саябырлағанда дүкеннің сатушысы Майра Каниевамен тілдесудің сәті түсті.

– Бұл дүкенде қай кезден бастап жұмыс жасайсыз?

– Бір жыл болды. Дүкеннің иесі өзімнің сіңілім. Мен сатушымын. Үйім жолдың арғы бетінде. Түскі үзілісте үйіме барып келуге де ыңғайлы.

– Қант пен жуа жоқ екен. Не себеп?

– Қант таңертең болған. Үш қап тез өтіп кетеді. Аптаның аяғы болған соң тапсырыс бермедім. Жуа алдағы бір апта көлемінде болмайтын шығар. Тапсырыс беруші жеткізбей жатыр.

– Қантқа талас басылған сияқты ма ?

– Иә, алдыңғыдай емес. Алушылар азайды. Маусымдық кезеңде ылғи солай болады. Оның үстіне қанттың бағасы бірден 444 теңгеге қымбаттады.

– Әр алушыға белгілі мөлшермен берілетін тауарлар бар. Бірақ жаңа байқағанымдай, кей өнім түрін мөлшерден асырып бердіңіз? Себебін білсем бола ма?

– Күннің ыстығында адамдарды бір келі зат үшін сандалтқым келмейді. Жағдайын айтып тұрса, неліктен бермеймін. Қазақ емеспіз бе?

Сатушының адамгерлішігіне, мәдениеттілігіне сүйсіндік. Сол ауданның тұрақты тұтынушылары туысындай болып кеткен сыңайлы. Хал-жағдай сұрасып, әңгімесін де айтып үлгеріп жатыр. Біз кәсібіне береке тілеп, келесі дүкенге қарай беттедік.

Алдымыз жексенбі күнге сәйкес келгендіктен, дүйсенбі күні «Универсам» аумағындағы дүкенге бардық. Бұдан бұрын келгенімізде дүкеннің ішінде айқай-шу болған-тұғын. Қанттың кезегінде тұрғандар мен көкөніс сатып алушылардың қарасы да көрінбеді. Дүкенші қанттың енді келетінін айтты. Мұнда да жуа жоқ. Сол жақ бұрышта ет сатылатын еді. Ол да көзге түспеді. Тек тартылған ет барын білдік. Мұнда 19 түрлі тауардан бөлек дүкен иесінің тауарлары көп екен. Тұтынушылардың көбі қанттың жоғын естіп, шығып кетіп жатты.

Келесі барған дүкеніміз – Назарбаев даңғылының бойында орналасқан нүктесі. Бұл жерге қант күндегі уақытынан ерте жеткізілген. Келушілер 2 келілеп алуда. Өзге тауар түрлері де жеткілікті. Майда картоп болғанмен өтіп жатыр. Нан 55 теңгеден сатылуда. Сауда барысын бақылап тұрғанымызда ұялы телефонының камерасын қосып ер адам кіріп келді. Бұл «Байқоңыр» ӘКК» АҚ маманы екен. Өзіне бекітілген 7 дүкенді күніне екі рет тексеріп кетеді. Өзін Саттар Әбдіреев деп таныстырған менеджер бұл жұмысқа бірер ай бұрын келгенінен хабардар етті.

– Өзіме бекітілген жеті нүкте, яғни Назарбаев даңғылында орналасқан, Саяхат, Жеңіс пен Бейбарыс сұлтан  көшелерінің қиылысындағы, «Астана» шағын ауданындағы, Тасбөгеттегі тағы екі дүкенге мен жауап беремін.  Ең алдымен дүкеннің тазалығына мән беріп, сөрелеріндегі тауарлардың толық болғанын тексереміз. Кәсіпкер бізбен келісімге отырғанда біздің 19 түрлі әлеуметтік тауарымызды және өздерінің өнімін сатуға құқылы. Біз дүкен мен жерді тегін пайдалануға береміз. Ал дүкен иесі мына жерді қалай әрлеймін десе де өз еркі. Мұнтаздай таза ұстап, тауарды толтырып, келушілермен мәдениетті түрде сөйлессе, сауда қызады, – дейді жауапты маман.

Менеджермен ілесіп, «Астана» мөлтек ауданындағы әлеуметтік дүкенге бардық. Мұнда сауданың көрігін қыздырушылар көп екен. Бірі жеміс, енді бірі қант, күріш, май алуда.

Бұл дүкенді  Ақжарқын Имашева мамыр айында алғанын, қазір мұнда отбасымен бірге жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Жолдасы келген тауарларды қабылдап, орналастырып жатса, балалары жинақтап, сөрелерге қоюда. Кәсіпті отбасымен жүргізгендіктен берекесін де көріп отырғандай көрінді. Басында қатты қиналғанымен, қазір бір ізге түсіпті.

– Өзім бұдан бұрын да дүкенде сатушы болып 4 жылдай жұмыс істедім.  Азды-көпті жиған тәжірибем бар, тәуекел етіп осы әлеуметтік дүкенді алдым. Түрлі пиғылдағы адамдар келеді. Бірі оң батасын беріп, ризалығын білдірсе, кейбірі ісімізден мін іздеп, оны әлеуметтік желіге шығаруға құмар. Кешегі қантқа талас кезіндегі жұмысымызды көргендеріңізде ғой. Бір минут демалуға мұрша болмады. Таңғы бестен дүкен алдын күзетіп отыратындар көп. Өзім осы ауданда тұратындықтан, көбін танимын. Бір-бірін жағадан алғандар да болды. Сол кезде дүкенді тастап, бұл жұмыстан бас тартқым келген еді. Қазір адам аяғы азайғанымен, тұрақты келушілеріміз көп, – дейді дүкен иесі.

Расымен бұл дүкен өзгелерге қарағанда тауардың көп түрлілігімен және отбасылық кәсібімен ерекшеленеді екен. Қауын-қарбыз, жеміс-жидек толып тұр. Күнделікті тұтынатын тауардың көбін табуға болады. Айтпақшы, қант бағасы бірден 444 теңге болғалы және тосап қайнатудың мерзімі аяқталған соң ұзынсонар кезекті байқамадық. Берекенің тоғызы кәсіпте екенін түсінген Имашевтар отбасының жұмысына сәттілік тілеп, әрі қарай жұмысымызға бет алдық.

1 тамыздағы ақпарат бойынша қоймада 753,9 тонна тауар бар. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ Тұрақтандыру қорының жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Талғат Бекішевтің берген мәліметінше, бұл 345,5 млн теңгені құрайды.  Атап айтар болсақ, күнделікті тұтынатын 1-сортты ұн  154,2, күріш 22,09, қарақұмық – 111,7 құмшекер – 97,33, күнбағыс майы – 368,58 тонна.

Әлеуметтік дүкендер желісін алдағы уақытта жандандыру – жуырда ғана осы салаға басшылыққа келген Самат Ерниязовтың еншісіндегі шаруа. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Нұрахметұлымен  әңгімелесіп, алдағы жоспары туралы сұраған едік.

– Осы салаға басшылыққа келген бойда 38 дүкен иесімен кездесу өткіздім. Олардың айтуынша, жаздың күні дүкеннің ішінде тұру мүмкін емес. «Темірден жасалғандықтан, ыстық тартады. Әжетхана мен суы жоқ. Талапқа сай емес. Мұздатқыштар мен кондиционердің күші жетпейді. Барлығын бірге қосқанда жарықтың бағасы шарықтап кетеді» деген секілді уәждерін жеткізді. Бұл дүкендер желісі осыдан 10 жыл бұрын жасалған дүние ғой. Мүмкін сол уақыттың кезеңімен қарасақ, қажеттілік болған шығар. Бірақ дәл қазіргі уақытта талапқа сай емес. Бұл дүкендерді қайта салуға қаражат жетіспейді. Мүмкін әлеуметтік бұрыштарды көбейтетін шығармыз. Ол үшін бірнеше дүкен иелерімен келісім-шартқа отыруымыз керек. Олар да өздерінің кәсібіне кедергі келмейтіндей жағын қарастырып, есебін шығарып, жауабын береміз деген болатын. Мұндай бұрыштар саны қалада әзірге 13 болса, аудандарда да ашып, жұмысты бастап жатырмыз. Бірақ, 38 дүкен иесін де далаға тастай алмаймыз. Себебі, осы арқылы отбасын асырап отыр. Сондықтан, әлі де әлеуметтік дүкендер желісін жандандыру үшін жан-жақты идеяларды қарастырып, саралаймыз. Қайсысы тиімді екенін көреміз. Халықтың көңілінен шығатындай заманауи дүкендер желісі керек, – дейді басқарма төрағасы.

 Расында, осыдан бірнеше жыл бұрын көпшілік әлеуметтік дүкенге бас сұға бермейтін. Дүкендер жұмысы бастапқыда дұрыс жолға қойылмады ма, әлде халық арасында түсіндірме жұмыстары аз жүргізілді ме, әйтеуір әлеуметтік дүкенге деген көпшіліктің көзқарасы басқаша болатын. Ал жобаның түпкі мақсаты – халықты тиімді бағада азық-түлікпен қамтамасыз ету еді. Кейінгі уақытта әлеуметтік дүкендер жұмысы жанданып, жұртшылық ондағы азық-түлік бағасының төмен екенін түсінді. Бұл орайда облыс басшылығы тарапынан әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі өніммен дүкен сөрелерін толтыруға бағытталған арнайы бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылды. Кешегі пандемия кезінде супермаркеттер мен өзге де азық-түлік  дүкендері уақытпен жұмыс істегенде тұтынушылар үшін олардың есігі айқара ашық болды. Бүгінде жұртшылықтың пікірі өзгеріп, әлеуметтік дүкендер тұтынушылары көбейген. Енді осы тұрақты тұтынушылардан айырылып қалмас үшін, қорда бар тауардың таусылып қалмауын қадағалап, алдағы айларға өнімді жеткізушілермен қайта келісімге келу де керек. Басқарма төрағасының айтуынша, жуа мен картопты тасымалдайтын бір кәсіпкердің келісім-шарт мерзімі аяқталған. «Ол өзіне берілген мерзім ішінде алған ақшасына өнімді жеткізу керек болатын. Келісім-шарт аяқталған соң қалған қаражатты қайтару керек еді. Одан алатын 60 млн теңге бар. Енді кәсіпкермен соттасып жатырмыз. Жуа, картоп жеткізетін кәсіпкер іздейміз. Себебі тамыз айында 300 тонна пияз, 500 тонна картоп, 200 тонна сәбізге тапсырыс беруіміз керек» дейді.

Ұнның мәселесі де мәз емес. Бұдан бұрын ақпан айында қостанайлық компаниямен келісімге отырған. Кәсіпкер тамыз айының аяғына дейін 10 мың тоннасын жеткізу керек еді. Бүгінге дейін 5 мың тоннасын жеткізген. Өйткені алдыңғы аптада ұн ақтайтын жерін улап жатырмын деп өнімді жібермеген кәсіпкер, кешегі аптаның соңында ғана бес «Камаз» ұнды жөнелтіпті. Бірақ тамыздың аяғына дейін толық жібермесе соттасуға тура келеді.  Басқа жол жоқ.  

Қандай да бір компаниямен келісімге келмес бұрын, алдымен оның алдыңғы жұмысын зерттеуден өткізіп, бір саралап алған жөн секілді. Әйтпесе, ісіне жауапсыздық танытқан әр кәсіпкерді сотқа сүйреп жүргенде дүкен иесі мен тұтынушылар зардап шегеді. Әрине, әлеуметтік дүкенге келетін тауарлар түрін өзімізде өндіру үлкен маңызға ие. Облыс әкімінің бастамасымен жер-жерде қолға алынған бақшалық егістік жерлерді игеру мәселесінде де бұған ықпалдастық зор болмақ. Бәрі есепке, сауатты құрылған жоспарға байланысты. Байқасаңыз, әлеуметтік дүкен тек арзандатылған баға емес, мұның астарында азық-түлік нарқын реттеу, сол нарықта қаншама жүріп жатқан құйтырқы әрекеттердің жолын кесу секілді ұстаным да бар.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<