Биыл Қазақстанның мемлекеттік статистикасына – 102 жыл. Қазіргі кезде статистикалық жүйені құру және оны одан әрі цифрландыру мақсатында баламалы ресурстар пайдалануда. Бұл өз кезегінде тиімді деректерді жинауға септігін тигізбек. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Нұрқабылова жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Қай кезеңде де статистиканың негізгі міндеті – азаматтарды толық, нақты, жедел ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады. Биыл 135 жалпымемлекеттік статистикалық байқау бекітілген болатын. Осыған сәйкес, әртүрлі салалар бойынша 8 жаңа статистикалық жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, жеке кәсіпкерлерге, мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші кәсіпорындардың қызметі мен ауыл шаруашылығы саласына қатысты болды. Жалпы жүргізілген статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыста құрылыс саласы 35,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 8,6 пайызға, ауыл шаруашылығы 3,1 пайызға, сауда 2,3 пайызға артқаны байқалады. Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 24,0 пайызға өскен. Ал әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша облыстың барлық аудандарында оң динамика қалыптасты. Сонымен қатар, орман және балық шаруашылығы саласы 3,1 пайызға жоғарылап, өнім көлемі артты, – деді Гүлмира Жеткергенқызы.
Барлық статистикалық ақпараттар Статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес қалыптастырылып, қолданушылар үшін www.stat.gov.kz интернет-ресурсының «Ресми статистика» бөлімінде қол жетімді. Атап айтқанда, департамент жыл басынан 17 статистикалық жинақ, 134 бюллетень мен жедел-ақпараттар ұсынды.
Пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін департаменттің Интернет-ресурсының басты бетінде негізі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, жаңалықтар және баспасөз хабарламасы қолжетімді. Департаменттің Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары жұмыс жасауда.
2022 жылдың 1 қыркүйегіне облыс халқының жалпы саны 829,8 мың адам. Ол, Республика халқының саны бойынша 9 орында тұр. Республиканың өңірлер арасында қазақтардың басым бөлігі Қызылорда облысында (96,5%) тұрады, Арал ауданында тұрғындардың 100% қазақтар.
1000 тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші бойынша біздің облысымыз Шымкент қаласы, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан кейінгі төртінші орында. Облысымызда күніне орташа есеппен 55 ке дейін сәби дүниеге келіп, айына 1600 сәби дүние есігін ашқан.
Үстіміздегі жылы халық арасында дүниеге келген қыз балаларға- Медина, Алина, Еркеназ, Еркемай; ер балаларға- Әлихан, Айсұлтан, Ақтөре, Әлинұр есімдері көбірек берілуде. Сирек кездесетін Мінсізай, Аңдашхан, Альифинур, Хахназархан, Ханкерей, Абдуллах, Рамиз есімдері де қойылған.
Көші қон мәліметі бойынша алыс және жақын шет елдерге 40 адам: көбісі Ресейге, Өзбекстан, Германияға көшіп кеткен.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<