Әлеуметтік кодекс: Алда қандай өзгеріс бар?

484

0

Елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгіленеді. Атаулы әлеуметтік көмек төлеу тәртібі өзгереді. Ал бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақының сәби 1 жарым жасқа толғанға дейін берілуін аналар қауымы жылы қабылдады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Сыр еліне сапары кезінде облыс тұрғындарымен кездесуде айтты.

Жиында ол өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындысын жариялап, жаңа бастамаларды таныстырды.

– Өздеріңізге белгілі, былтыр 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс іске қосылды. Кодекс қолданысқа енгізілгелі бері зейнетақы жүйесінде біршама өзгеріс болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері енді бірте-бірте артады. Одан бөлек, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға қарай 61 жас болып бекітілді. Оның алдында зейнет жасы жарты жыл сайын кезең-кезеңімен қосылып отырған еді, – деді вице-министр.

Бүгінде еліміздегі зейнеткерлер саны 2,3 млн шамасында. Оларға ынтымақты зейнетақы төлеуде орташа табыс ескеріледі. Ана мен баланы қорғау жүйесінде де айтарлықтай жаңалық бар. Алтын алқа мен күміс алқа иегерлерінің жәрдемақы мөлшері сараланып, бала күтімімен отырған аналарды 1 жарым жасқа дейін жәрдемақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Қазақстандық көпбалалы отбасылардың 6,2 пайызы, ал наградталған аналардың 7,2 пайызы Қызылорда облысында тұрады. Демек, оң өзгерістер осы жандардың оң жамбасына келіп тұр.

2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс деңгейі арқылы анықталады. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,5 есе жоғары, яғни жәрдемақы сомасы өседі деген сөз. Әлеуметтік кодекстің ендігі игілігі мүгедектігі бар азаматтар санатына арналған. Олар келесі жылдан бастап жан басына қаржыландыру есебінен өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік алады. Бұл, әсіресе, ауылдық жерде тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тиімді болмақ. Дәрігер қорытындысы бойынша ақыл-ой кемістігі бар балаларға санаторий-курорттық емдеу қызметтерін көрсету жоспарланып отыр. Денсаулығында ауытқу бар балалар майланған катетермен қамтамасыз етіледі.

Вице-министр әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау, мүгедектігі бар азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызмет қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік сақтандыру жүйесін жаңғырту мәселелеріне кеңірек тоқталды. Жиын барысында облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібін жетілдіру, бүйрек жетіспеушілігі ауруына шалдыққан азаматтарды емдеу, мүмкіндігі шектеулі жандарды инватаксимен қамтамасыз ету, тифлоқұралдар беру мәселелеріне басымдық берілді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<