Әлеуметтік кодекс – азаматтарды қолдаудың тетігі

778

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Әлеуметтік сала – мемлекеттің ең маңызды әрі тиімді жүйені қажет ететін маңызды салалардың бірі. Осыған орай, биыл жаңа Әлеуметтік кодекс жүйеге енгізілді.

Жаңа құжат 5 бөлім, 19 тарау және 267 баптан тұрады. Бұл өз кезегінде қолданыстағы 50-ден астам заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге мүмкіндік бермек.

Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз конференциясын өткізіп, жаңа құжаттың тиімділігіне тоқталып өтті.

-Қызылорда облысындағы жұмыс сапарымда әлеуметтік салаларға байланысты тұрғындар тарапынан бірнеше мәселелер айтылды. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға байланысты айтылған сауалдардың барлығы жаңа әлеуметтік кодекс шеңберінде шешімін таппақ.

Жаңа әлеуметтік кодексті әзірлеуде халықаралық тәжірибе мұқият зерделенді.

Аталмыш кодекстің бірінші бөлімі – отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқорына арналады. Оны енгізудегі негізгі мақсат – барлық халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне қолжетімділігін қамтамасыз ету және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға бағытталады. Екінші бөлім – мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы.

Бұл бөлімде көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы жүйесін сақтауға және оның негізгі параметрлерін өзгертудің алғышарттары қарастырылады. Биыл көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейтілді және олардың «Алтын» және «Күміс» алқамен наградталғаны үшін жаңа статус енгізілді. Тағы бір маңызды өзгеріс, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін төменгі күнкөріс деңгейі емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болады. Келесі үшінші бөлім – әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау деп аталады. Негізгі бағыты – мүгедектігі бар азаматтарға, оның ішінде елді мекендердегі азаматтарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті арттыру. Тиісінше мүгедектігі бар адамдарға жәрдемдесетін отбасы мүшелерін тарту қарастырылған. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде рәсімделеді.

Осы қызметке еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Келесі бөлімде әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне қатысты бірнеше жүйе енгізілді.

Қазіргі сақтандыру жүйесінде әлеуметтік тәуекелдің 5 түрі сақтандырылады. Осыған сәйкес, азаматтардың сақтандыру компанияларында жинақталған әлеуметтік төлемдердің мөлшерін ұлғайту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Енді зейнетақы жүйесіне тоқталсам, алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейтіледі, еңбек зейнетақысының көлемін есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың көлемі 46 дан 55 АЕК дейін артады.

Соңғы бөлімде халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері қарастырылды, – деді вице-министр Олжас Темірбекұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<