Әлеуметтік кодекстен не күтеміз?

856

0

Кез келген мемлекеттің әлеуметтік саясатының жемісі  сол елдегі тұрғындардың әл-ауқатымен, тұрмыс жағдайымен бағаланатыны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істемей тұр» деген еді. Сондықтан да Жолдауда заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс екенін пайымдай келіп, елімізде Әлеуметтік кодекс әзірленіп жатқанын айтқан болатын.

Көпшілікке не қажет?

Аталған кодексті әзірлеу туралы бастаманы Президент 2020 жылы көтеріп, бұған жауапты органдарға тиісті тапсырма жүктеген-ді. Жуырда осы кодекстің жобасын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында депутаттарға таныстырды. Жобада қандай мәселелерге басымдық берілген? Оның қарапайым жұртшылық үшін қандай тиімді тұстары бар? Министр берген ақпараттарға сүйеніп, талдап-таразылап көрелік.

Министр құжаттың 5 новелласы туралы егжей-тегжейлі айтып өтті, оның бірі отбасы және отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау жүйесіне қатысты болды. Көпшілікке қажеті де осы жағы болса керек-ті.

– Әлеуметтік кодекс жобасында отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдауды кеңейту көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық  қордың  инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50%-ын қайта бөлу есебінен қалыптастырылатын бастапқы капитал 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға қосымша көмек ретінде енгізілуде. Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылып, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейтіледі. Сонымен қатар, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталған аналар» деген жаңа статус енгізіледі. Бұдан бөлек, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болды, – деді министр.

Министрлік мәліметінше, Қазақстанда медиандық кіріс – 2021 жылдың қорытындысы бойынша 54,8 мың теңге немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,5 есе жоғары. Бұл ретте экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зерттелгенін алға тартты министр. Мұндай көрсеткішті 8-ден астам ел пайдаланады. Оны отбасы әл-ауқатының нақты дәрежесін көрсететін өлшем ретінде белгілеген. Осы жерде анықтама ретінде оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік. Медиандық табыс – «кіріс қатарының» ортасындағы соманы көрсететін және оны екі тең бөлікке бөлетін көрсеткіш.

Отбасының цифрлық картасы

Жалпы кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Оның біріншісі – Отбасының цифрлық картасы. Мұнда мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде  6,3 млн қазақстандық отбасы немесе 19,4 млн азамат туралы ақпаратты қамтиды. Бұл ретте Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы ұсынған Алкире-Фостер моделін пайдалана отырып, әрбір отбасының әл-ауқат дәрежесі анықталып және оларды 5 санатқа бөліп қарастырған. Цифрлық картаны әзірлеу және оны пилоттық түрде іске асыруда азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесінде жаңа тәсілдер енгізуге мүмкіндік туған. Министрдің сөзінше, біріншіден, атаулы көмектің мәні өзгереді.

– Енді атаулы көмек, қандай да бір қызметті алатын тек нақты адам емес, отбасыны немесе азаматты қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылатын болады. Екіншіден, қолданыстағы әлеуметтік контракттың жаңа мазмұнында, яғни тараптардың жауапкершілігін арттыру  қаралып отыр. Мысалы мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы шара көрсетуге міндетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін орындауға міндетті, –  дейді Тамара Дүйсенова.

Министр сөзінің жаны бар. Рас, барлығы бірдей емес, бірақ атаулы әлеуметтік көмекке нағыз мұқтаж жандар емес, оны қитұрқы әрекеттермен пайдаланып жүргендердің барын білеміз. АӘК алатындар арасында ұсынған жұмыстан бас тартып, жатыпішерлерді көбейтіп алғанымыз да жасырын емес. Тіпті ай сайын берілетін азық-түлік пен шаруашылық заттарын  әлеуметтік желіде саудалайтындар да жиі кездесіп жүр. Енді көмектің бұл түрін алатындар үшін жауапкершілік артады.

Кодекс жобасында мүмкіндігі шектеулі балалары немесе адамдары бар отбасыларға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толығымен трансформациялау көзделген. Мәселен, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуге олардың отбасы мүшелерін  тарту өте құптарлық жағдай.   Мұнда отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Оған еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Бұл көп адамның күткен жақсы жаңалығы деуге болады. Әйтпесе мүмкіндігі шектеулі баласы барлар оған өмір бойы қарап, не жұмыс істей алмай, не зейнетке шыға алмайтын еді. Дәл осы тұсы тағдыр теперішін көріп жүргендердің жақындары үшін тиімді болып тұр.

Әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзыреттер беру де қарастырылуда. Айталық  оларға мүгедектегі бар азаматтардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы айтылған өтініштерін ӘҚП арқылы қабылдау және 5 күн ішінде қарау, өнім берушіге немесе қызмет көрсетушіге берілген тауар мен көрсетілген қызметтің сапасын жөндеу жөнінде мерзімі көрсетілген хат жолдау және оның орындалуын бақылау, өнім берушіні немесе қызмет көрсетушіні ӘҚП алып тастау және оны міндеттемелерін адал атқармайтын өнім беруші тізіміне енгізу жатады.

Тағы бір айшықтап көрсететін жері жаңа құжат бойынша енді әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі ескеріліп, енді оларға еңбекақы төлеу бір ізге түспек.

– Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау аясында әлеуметтік қызметкерлер институтын күшейту көзделген. Әлеуметтік жұмысқа біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен және сертификаты бар мамандар ғана тартылатын болады. Мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсететін мамандарды таңдау үшін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады. Ал әлеуметтік қызметкерлер үшін жаңа еңбекақы төлеу жүйесі енгізіледі, ол біліктілік деңгейін, көрсетілетін қызметтердің санаты мен ерекшелігін ескеретін болады, – деді Тамара Дүйсенова.

Зейнетақымен қамсыздандыруды зерделесек…

Кодексте зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі де қамтылған. Бұл ретте министр азаматтарды үш санатқа бөледі.

Бірінші санат – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан және толық еңбек өтілі бар қазақстандықтар. Олардың саны 300 мыңнан аса адам, базалық және еңбек зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Басым көпшілігінің зейнетақы мөлшері 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін.

Екінші санат – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен зейнеткерлер, олар еңбек өтілі болғандықтан еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алып отыр. Олардың саны 1,9 млн адамды құрайды, 2030 жылға қарай 2,6 млн-ға жетуі мүмкін. Бұл топтың жиынтық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңмен төмендетіледі, өйткені ынтымақты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюына және жинақтау жүйесіндегі қысқа мерзімді кезеңдегі жеткіліксіз зейнетақы жинақтарына байланысты.

Үшінші санат – бұл болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, БЖЗҚ-дан базалық және жинақтаушы зейнетақысын алатын болады.

– Бүгінгі зейнеткерлер толқыны үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейеді, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 АЕК-ке дейін немесе орта айлық жалақының 70 %-на дейін жеткізу арқылы өседі, – дейді Тамара Дүйсенова.

Ал зейнетақыны өз жинақтары   есебінен   қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасы енгізіледі. Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осылайша бұл топтағы азаматтар зейнеткерлік жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер секілді зейнетақының 3 түрін алатын болады. Мемлекет есебінен – базалық, жұмыс берушілер есебінен  – шартты-жинақтаушы, өз жинақтары есебінен жинақтаушы зейнетақы.

Заман талабы тудырған жаңа кодекс көптің көкейіндегі мәселесін шешіп берсе дейміз. Әлі де таразыға салып, мейлінше халықтың әл-ауқатын арттыруда ұлттық ерекшеліктеріміз ескерілсе құба-құп. Қазіргідей уақытта жұртшылықтың экономикалық және психологиялық қиындықтармен бетпе-бет келіп жатқанда оларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау қажеттілігі арта түсуде. Сол себепті әлеуметтік мәселелерді оңай әрі тиімді шешу үшін жүйеленген, түсінікті тілмен жазылған  заңнаманың қабылдануы  үлкен бір жетістік болар еді. Келер жылы қолданысқа енетін Әлеуметтік кодекстен халықтың күтері көп.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<