Облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ысқақтың белсенділігін жиі байқаймыз. Халық қалаулысы сайлаушылардың өтініш-тілегін жеткізуге әрі оның орындалуына әркез ынталы. Өмірінде маңызды мәселелер екені даусыз. «Amanat» партиясы бойынша партиялық тізіммен сайланған депутат негізінен Жаңақорған ауданы бойынша тұрғындар тарапынан айтылған мәселелердің оң шешілуіне белсене атсалысып келеді.
– Жаңақорған ауданында аяқсу мәселесіне байланысты проблема кездеседі. Және ол біраз жылдан бері шешімін таппай келді. Жергілікті тұрғындардың өтінішіне орай мәселені тиісті орындар назарына ұсынған едім. Атап айтқанда, аудандағы бірқатар елді мекендерді сумен қамтамасыз ету үшін «Тайпақкөл» көлдер жүйесінің каналдарын реттеп, су жүруіне ықпал жасалуы тиіс. Бұған әрине, тиісті мекемелердің қолдауы қажет. Сонымен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан жауап берілді. Онда «Тайпақкөл-Қандыарал» көлдер жүйесіндегі суару жүйесінің құрылысы «2024-2028 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың» кешенді жоспарына енгізілген. Құрылыстың орындалу мерзімі 2025-2026 жылдарға белгіленген. Оған республикалық бюджеттен 1 млрд 300 млн теңге шамасында қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Бұл ауыл шаруашылығы саласында суару жүйелерінің өнімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді, – дейді Жанкелді Ойшыұлы.
Сондай-ақ тұрғындар тарапынан «Қарғалы» елді мекеніне Байкенже ауылы арқылы баратын каналға насос қондырғысын орнату бойынша ұсыныс түскен еді. «Жаңақорған Сушар» өндірістік учаскесі қолдау жасап, мәселе оң шешімін тапты.
Жергілікті тұрғындармен жүздесу барысында Жаңақорған ауданындағы «Еңбек», Сунақата, Қожамберді, «Сүттіқұдық», «Екпінді» елді мекендеріне газ құбырын жүргізуге қаржы қарастыру жөнінде ұсыныс айтылды. Оған қатысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының берген жауабында шешу жолы қарастырылып жатқаны көрсетілген. Атап айтқанда, ҚР Қаржы министрінің «Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 24 қарашадағы №511 бұйрығына сәйкес «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде» бюджеттік өтінім биылғы жылдың маусым айында тиісті министрлікке жіберілген. Дегенмен аталған жобаларды қаржыландыру бюджеттік өтінім мерзімінен кеш ұсынылған. Сондықтан ол 2025 жылғы республикалық бюджеттің бірінші нақтылауында талқыланады.
– Жаңақорған кентіндегі «Саяжай-1» учаскесінің инженерлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында облыс басшылығына ұсыныс-пікірімді жеткізген едім. Сол аумақты егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес 300 гектарға инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізу жоспарланған. Осыған орай тиісті мекемелер тарапынан берілген жауапта газ, су, электр жарығымен қамту жобаларының бюджеттік өтінімі республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында ҚР Құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне ұсынылғаны айтылған. Тұрғындар тарапынан Жаңақорған кентіндегі С.Қожанов көшесіне жаяу жүргіншілер жолын орналастыру жиі қозғалады. Бұл – аудан орталығындағы негізгі көшелердің бірі. Онда аудандық полиция, төтенше жағдайлар, балабақша және мектеп орналасқан. Оған қоса көше бойында ауыр жүк көліктері жиі жүреді. Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі ойластырылмаған. Ұзындығы 2170 метрді құрайтын көшеге қатысты облыстық экономика және қаржы басқармасы бюджеттік комиссия қарауына ұсынылғанын жеткізді. Алдағы уақытта шешімін табады деп санаймын, – деді Жанкелді Ойшыұлы.
Сондай-ақ депутатқа Жаңақорған ауданы білім саласы зейнеткерлері атынан хат келіп түскен. Бұл бойынша облыстық білім басқармасынан келген жауапта ардагерлердің ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, кәсіподақ тарапынан әлеуметтік көмек көрсетіліп жатқаны белгілі болды.
Жаңақорған ауданына қарасты «Ақүйік» ауылдық округіндегі Н.Түршеков және М.Әбжаппаров көшелерін жарықтандыру үшін жоба-сметалық құжат дайындалған. Сол арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолынан елді мекеннің басты көшесіне дейін жарықтандыруға мүмкіндік туады. Облыстық экономика және қаржы басқармасы бұл бойынша өтінім ұсынылғаннан кейін облыстық бюджеттік комиссияның қарауына берілетінін жеткізді.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<