Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Талсуат елді мекеніндегі әлеуметтік саланың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарына барды.
Алдымен өңір басшысы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының жөндеу жұмыстарын көрді. Орталықтың жұмысы туралы директор орынбасары Күміскүл Жомартова баяндады деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Үш қабатты орталық ғимараты 2012 жылы пайдалануға берілген. Стационар жағдайында 100 төсек-орын, жартылай стационар жағдайында 50 төсек-орын бар.
Орталықта психоневрологиялық ауытқулары бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға стационар және жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Мекеме заманауи талаптарға сәйкес құралдармен жабдықталған. Емдік кабинеттері, дәрі егу, уқалау бөлмелері, шаштараз, қол моторикасын дамыту, құммен жұмыс жасау, тұрмыстық бейімдеу, сенсорлық еңбекке баулу кабинеттері, тренажер, мәжіліс, спорт залдарымен қамтамасыз етілген. Науқастардың жүріп-тұруына қолжетімді жағдай қарастырылған, бейнебақылау камералары орналастырылған, ата-аналарымен және туыстарымен кездесу үшін арнайы қонақжай бөлмелері бар. Жыл басында стационар жағдайында 70 бала жартылай стационар жағдайында 81 бала қызметтермен қамтылды. Бүгінгі күні карантин шектеулеріне байланысты уақытша үйлеріне қайтарылған.
Мұнан кейін облыс әкімі №2 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болды. Емдеу мекемесінің директоры Алмат Жұмабаев атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бұл орталықта стационар жағдайында 380 төсек-орын бар. Ғимарат үш қабатты, қызмет алушылар 8 блокқа орналастырылған. Әр блокта жатын бөлмелер, төсек-орын, тынығу залы, бақылау бекеті, асхана, шомылу бөлмелері, әжетхана қарастырылған.
Жыл басында стационар жағдайында 401 адам, жартылай стационар жағдайында 25 адам қызметтермен қамтылды. Бүгінгі күні жүйке ауруымен ауыратын І-ші, ІІ-ші топ мүгедектеріне арналған орталықта 372 науқасқа қызмет көрсетілуде.
Сондай-ақ, өңір басшысы мүгедектерге арналған оңалту орталығында уақытша орналастырылған №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мен мүгедектерге арналған оңалту орталығының жұмысын назарға алды. Бұл жөнінде №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы директорының орынбасары Ержан Ақшалов пен мүгедектерге арналған оңалту орталығының директоры Манат Тлеуова таныстырды.
№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында стационар жағдайында 180, жартылай стационар жағдайында 100 төсек-орын болса, мүгедектерге арналған оңалту орталығында жартылай стационар жағдайында 150 төсек-орын бар. Бұл орталықтарда І және ІІ топтағы мүгедектерге, егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
Емдеу мекемелерінде карантинге байланысты санитарлық-эпидемиялогиялық шаралар күшейтіліп, стационар жағдайында жатқан науқастарға мамандар екі ауысымда тұрмыстық, медициналық қызметтерді бөлмелерінде 24/7 режимінде көрсетуде.
Орталықтарды аралау барысында облыс әкімі ем алушыларға жақсы жағдай жасауды тапсырды. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуын ескертті.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<