Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан халықты әлеуметтік қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып отыр. Бөлім 14 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді, оның 13-і әлеуметтік төлемдер, 1-і көші-қонға арналған.
Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына тиісті көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, 1 қазанға дейін 4351 отбасына (22 426 адам) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, 3645 отбасының 1-6 жастағы 6920 баласына қосымша төлем берілді. Сондай-ақ 6300 жеткіншектің жол жүру ақысы, 565 отбасыға (1905 адам) тұрғын үй көмегі берілді.
Жекелеген санаттағы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен мүгедектеріне, қаза тапқан жауынгерлердің қайтадан некеге отырмаған жесірлеріне, үйі өртенген, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында кемінде 6 ай жұмыс істеген тыл ардагерлеріне, Ауған соғысының, Чернобыль, Кеңес әскерінің мүгедектеріне және Семей апатынан зардап шеккен азаматтарға, өзге де әлеуметтік қолдауды қажет ететін 2374 адамға әлеуметтік көмек төленді. Осындай қолдау мүгедектігі бар адамдарды оңалту шараларын жүзеге асыру бойынша 1146 жеке көмекші, 17 ымдау тілі маманының қызметіне көрсетілді. Оған қоса 14 инватаксиге, үйде тәрбиеленіп және оқытылатын 544 мүгедектігі бар баланы материалдық қамтамасыз етуге тиісті қаржы жұмсалды. Мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға үйде қызмет көрсету бөлімшесі арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Нәтижесінде бөгде адамның көмегіне мұқтаж 178 жалғызбасты қартқа осындай қамқорлық жасалды. Ал 223 мүгедектігі бар балаға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі арқылы 24 әлеуметтік қызметкер көмек берді.
Бөлімге қарасты «Отбасын қолдау» орталығы мамандары жыл басынан бері баспана мәселесіне байланысты 871 кеңес берсе, одан өзге құқықтық және жеке консультация, гуманитарлық көмек жайында көптеген өтініш назарға алынды. «Зекет және қайырымдылық» қорынан 262 отбасыға азық-түлік, 27 отбасыға көмір берілді. Сондай-ақ Халықаралық әйелдер күніне және Наурыз мерекесіне орай «Наурыз шапағаты» қайырымдылық шарасы аясында демеушілер 840 отбасыға азық-түліктей көмек көрсетті. Ал «Мектепке жол» акциясы аясында «Отбасын қолдау» орталығына тіркелген 132 тұрмысы төмен отбасының 300 баласына «Зекет және қайырымдылық» қоры арқылы көмек көрсетілді. Қала бойынша «Алтын дән» мерекесі аясында тұрмысы төмен, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала асырап отырған 1000 отбасына қайырымдылық шарасы өткізілді.
Жыл басынан 1311 азаматқа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуына құжатын өткізуге ықпал жасалды. Соның нәтижесінде 360 азамат қоғамдық жұмысқа, 492 адам жастар тәжірибесіне жолданды. Өмірлік қиын жағдайға ұшыраған 21 ана «Қамқорлық» дағдарыс орталығына орналастырылып, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруына қолдау көрсетілді.
Қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі тұрмысы төмен 6870 көпбалалы отбасыға «Мұз айдыны» және «Евразия» спорт кешеніне тегін талон таратты. Сонымен қатар, биыл шілде айынан бері арнайы орталықта жеке кәсіпкерлер курстар ашып оқытуда. Оған қатысушылар маникюр, тігу және пішу, массаж, шаштараз бағытында білімін жетілдіреді, тұрмысы төмен, мүгедектігі бар бала асырап отырған аналар сертификат алды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<