150 отбасы баспаналы болды
Кеше Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова облыс орталығында пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Дарияның сол жағалауында 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, кезектегі 150 отбасы баспаналы болды.
Салтанатты шарада сөз алған вице-премьер пәтер кілтін алғандарды құттықтап, азаматтарға жайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында екенін жеткізді.
– Халықтың әл-ауқатын арттыру, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – мемлекетіміздің ең басты стратегиялық міндеті. Бүгінде елімізде тұрғын үй мәселесін шешудің сатып алу, банктердің ипотека бағдарламалары, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу секілді әртүрлі жолдары қалыптасты. Жыл басынан бері еліміз бойынша 7,5 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін көрсеткішті 18 миллионға жеткізу көзделген. Бұл – мыңдаған отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баспаналы болған азаматтарға игі тілегін білдіріп, қуаныштарын бөлісті.
– Құрылыс барысы әкімдіктің жіті бақылауында болды. Мердігерлер жұмысты сапалы атқарды деп санаймын. Ең бастысы, баспанаға мұқтаж жандардың бірқатары пәтерлі болып отыр. Аймақ әкімдігі бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастыратын болады, – деді аймақ басшысы.
Пәтер алғандар арасында Гүлсезім Убайділдә бар. Жолдасымен жетімдер санатында кезекте тұрған. Бұған дейін жалдамалы пәтерлерде тұрып келген. Енді екі баланың анасы екі бөлмелі пәтердің иесі атанып отыр.
– Өз баспанаң болғанға не жетсін?! Бүгінге дейін туыстардың үйінде де тұрдық, пәтер де жалдадық. Енді міне, өзіміздің баспанамыз бар. Өте қуаныштымыз. Қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтамын, – деді ол.
Айта кетейік, баспаналардың құрылысына республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл қаржыға 5 қабатты үйлер бой көтерді.
«Қан орталығы» ашылды
Қызылордадағы денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңа нысанмен толықты. Сырдың сол жағалауында жаңа «қан орталығы» ашылды. Салтанатты рәсімге ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов пен Наурызбай Байқадамов қатысты.
Бұған дейін «қан орталығының» өз алдына жеке ғимараты болмаған. Облыстық көпбейінді медициналық орталықта орналасқан еді. Жұмыс барысында орын тапшылығы сезілетін дейді қызметкерлері.
Салтанатты шарада сөз алған Тамара Дүйсенова мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына қатысты атқарылып жатқан шаралар туралы атап өтті. Қазірде елімізде Президент тапсырмасымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асуда. Оның шеңберінде елді мекендерде екі жылда 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек беру нысандарын салу көзделген. Жоба аудандық ауруханаларды жетілдіруді де мақсат етеді.
– Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау аясында бүгін жаңа «қан орталығының» ашылуына куә болып отырмыз. Жылына он мың адамға қызмет көрсете алатын нысанның аймақ үшін маңызы зор. Біздің ең негізгі мақсатымыз – ұлт денсаулығын сақтау. Ұлт денсаулығы – мемлекетіміздің даму кепілі, – деді вице-премьер.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұртшылықты жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Айта кетейік, ғимарат құрылысына республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген. Жыл сайын өңірде 10 мыңнан аса тұрғын донорлық қан тапсырады. Орталық медициналық ұйымдардың сұранысына сай 17 мың дозадан астам қан компоненттерін дайындамақ.
Шара аясында аймақтың дансаулық сақтау саласының автопаркі де жаңа көліктермен толықты. Салтанатты түрде медицина мекемелері басшыларына 76 санитарлық автокөліктің кілті табысталды. Жаңа жедел жәрдем машиналары 11 медициналық мекеме аясында халық игілігіне жарайтын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<